$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Бір қап ақшаны санап алды»: жетісайлық тұрғындар алматылық алаяқ пен оның профессор әйелінен 50 млн теңгені қайтара алмай жүр

Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге бірнеше адам қатысса да, сот бір ғана адамды кінәлі деп тапқан

«Бір қап ақшаны санап алды»: жетісайлық тұрғындар алматылық алаяқ пен оның профессор әйелінен 50 млн теңгені қайтара алмай жүр
Фотолардың авторы Әсет Құндақбаев

Түркістан облысы Жетісай ауданының бір топ тұрғыны алматылық профессор, медицина ғылымдарының кандидаты Бэлла Жамбылова мен оның күйеуінен алданып қалғанын айтып, редакциямызға шағымданды. Олардың айтуынша, ғалымның күйеуі бірнеше адаммен бірігіп, ауыл адамдарының аңғалдығын пайдаланып, 50 млн теңгені қалтаға басқан көрінеді. Несие рәсімдеуге банк қызметкерлері «көмектескен» екен.

Бұл оқиға 4 жыл бұрын басталған. Алданған адамдар өздерінің қай банкке қарыз екенін біраз уақыт білмей келген. Ұзақ текетірес соңында профессордың күйеуі ғана сотталыпты. Бірақ жоқ іздеген жандарға келген шығынды кімнің қайтаратынын сот сол қалпы анықтамады. Жәбірленушілер тергеуге де, сот үкіміне де разы емес. Әділдік іздеген жетісайлық адамдарға келген шығын көлемі 300 млн теңгеден асады. Өйткені, құжат жасаумен айналысқан топ өзгенің жылжымайтын мүлкінде кепілге қойып жіберген.

«2018 жылы Түркістан облысының Жетісай ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін зауыт ашу үшін 1 млн доллардың инвесторын іздедік. Сол кезде біз «инвесторларды» Алматыдан таптық. Қазір сотталып жатқан осы Бекмұхамбет Жамбылов түркиялық «Татсе Финанс» инвест компаниясының Қазақстандағы өкілімін деп таныстырды. Түркиялық компанияның атынан құжаттарды көрсетті. Біздің бизнес жобамызбен де танысып, мақұлдады. Өздерін түркиялық компаниямен серіктеспіз деп бізді сендірді. Инвестордан қаржы алу үшін кәсіпкердің депозитінде ақшасы немесе жылжымайтын мүлік, активтері болу керек екен. Олар қаржылық тұрақтылығы жақсы деп дәлелдеп, түркиялық компанияны инвестор ретінде шақыруға 50 млн теңге керек, ондай ақша жоқ болғандықтан банктен кепілхат керек деді. Біз ешқандай банкке өтініш бермесек те олар біздің атымыздан бес күннің ішінде несие рәсімдеп, дайындап қойған. Бізге кепілхат құжатына қол қойыңдар деп шақырғанда кассадан ақша алу үшін келгенімізді бір-ақ білдік», - дейді Түркістан облысының тұрғыны, жәбірленуші Досжан Үсенов.

Алаяққа сенген Досжан Алматының Ақбұлақ ауданындағы 37 бөлмесі бар үш қабатты жатақханасын көрсеткен. Бірақ болашақ «бизнес серіктестеріне» ғимарат құжатының түпнұсқасын бермесе де, банктен ірі көлемде ақша шығаруға мүмкіндігі бар топ жатақхананы көшірме құжатымен-ақ кепілге қоя салған. Ауылдан бизнес ашамыз деп жүріп, тақырға отырған кәсіпкер «БанкКассаНовада» өздерінің атына рәсімделген 50 млн теңгені әпкесі екеуі санап алып, инвесторлардың келісімшарт жасау ұсынысымен нотариусқа барған. Банктен ақшаны шығаруға көмектескен әрі түркиялық компанияның «серіктесі» саналған Жамбылов болса, профессор әйелмен нотариустың көзінше бір қап ақшаны санап алып кеткен.

«Бұл жерде алдын ала сөз байласқан топ бар. Оны кейін тергеу кезінде білдік. Несие рәсімдеудің басты фигуранты – Қаламқас Әміржанқызы, ол қызметі үшін Жамбыловтан әлгі бізге шыққан ақшаның 7 млн теңгесін алған. Роза Айдарханова жалған құжаттарды жасап, банк қызметкрелері арқылы қысқа мерзімде несиенің шығуын ұйымдастырған. «БанкКассаНова» филиалының Бадыгулов, Макаренко, Еспенбетов, Лапшин, Албанханов сынды өзге де бір топ қызметкері несиеге өтініш берушіні іземей-ақ, кепілдегі мүлікті түпнұсқа құжатынсыз қомақты ақшаны алуға дайындап қойған. Біз инвест-компанияға алғашқы жарналық ақшаны нотариустың келісімшарты арқылы өткізіп береміз, сосын олар жобаны бастауға қажетті қаржыны құяды, бірлесіп жұмыс істейміз деген сенімде, еш арам ойсыз, күдіксіз жүрдік. Сөйтсек бұл адамдардың мақсат-мүддесі мүлдем басқа болған екен.  Жымысқы жоспар құрып, біздің атымыздан шығарған ақшаны өзара бөліскен адамдардың саны оннан асады. Нотариус те жалған құжат жасап, келісімшартты түпнұсқалық кітапшаға тіркетпей, көзбояушылық әрекеттерге барған. Біз 50 млн теңгені Жамбылов пен оның ғалым әйелі, жеке емханасы бар, университетте сабақ беретін Бэлла Жамбыловаға санап бердік. Екеуі ақшаны көтеріп алып кетті. Содан кейін инвестор да, ақша да жоқ болды. Біз Жамбыловтың ғана емес, оның әйелі Бэлла Жамбылованы, осы іске қатысы бар оның айналасындағы адамдардың да жауапқа тартылуын талап етеміз. Ай сайын банкке миллиондаған ақша төлеуден қажыдым, іс қайта тергелу керек. Тергеу созылғанымен, сот бас аяғы 2 процеспен үкім шығарып жіберген. Тергеуші істі сотқа асығыс жібере салған», - деді Үсенов.

Банк несиені уақытылы төлемеген борышкерді сотқа беріп, 57 млн теңге өндіруді және кепілдегі мүлікті алып қоюды соттан талап еткен. Инвестор тұрмақ өздерін қарызға батырып, тайып тұрған бір топ адамды таппай қалған жетісайлық кәсіпкер тақырға отырғанын сол кезде бір-ақ білген. Жәбірленушілер арыз жазғанмен, полиция тергеуді «қылмыстық құрамның болмауына байланысты» бірнеше рет тоқтатып тастапты. Тек арада төрт жыл өткен соң ғана 67 жастағы алаяқ «инвестор» жазаға тартылды.

«Сот Қазақстан Республикасының атынан үкім етті: ҚК 190-бабы (Алаяқтық) 2-тармағының 4-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін Жамбылов Бекмұхамбет Төлебекұлын кінәлі деп тауып, 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтесін. 64 мың теңге мемлекет пайдасына өндірілсін. Зардап шегушінің пайдасына сотталушыдан 20 АЕК (50 мың 500 тг) көлемінде ақша өндірілсін», - делінген Алматы қаласы Әуезов аудандық қылмыстық істер жөніндегі соттың төрағасы Жанат Әбенова шығарған үкімде.

Бірақ жәбірленуші тарап соттың үкімімен мүлдем келіспейді. Олар бір адамды соттау арқылы бүкіл қылмыстық топтың әрекетін бүркемелеп отыр деп санайды. Ал бума-бума ақшаны алып кеткен ғалым Бэлла Жамбылова шулы іс жалғасқанда былтыр ғана күйеуінен ажырасып кетіпті. Емханада дәрігер, университетте беделді оқытушы саналатын ол ақшаны көргенін, нотариуске барып қол қойғанын мойындағанымен, 50 млн теңгенің қайда кеткенін «білмейтінін» айтты.

Кәмелеттік жасқа толмаған екі баланы асырап отырған Бэлла Жамбылова жуырда күйеуінің тегінен де бас тартпақ. Оқиғаның жай-жапсарын жариялауға келіспеген профессор даулы істі өзіне жабылған «жала» деп санайды. Ал үлкен ақшаға алданып қалған ауыл тұрғындары оны және осы іске қатысы бар өзге де адамдарды соттатпай қоймаймыз деп бекініп алған.

«Біз үкіммен келіспейміз. Өйткені тергеу барысында қылмыстық процессуалдық істерде жіберген көптеген қателік бар. ҚР ҚК 24-бабы бұзылған, жан-жақты тергеу жүргізілмегендіктен осы іске қатысы бар тұлғалар жауапкершілікке тартылмады. Бұл ауыр қылмыс болып саналады, себебі бір топ адам алдын ала сөз байласып жасаған. Біз оны да сотқа айтқанымызбен, судья қаперге алмады. Алдын ала тергеу және сот тергеуі де дұрыс жүргізілмеді. Несие алу барысында банк талабы бойынша белгілі бір құжаттар жиналуы тиіс. Оны сотталушының қасындағы екі адам бәрін жалған құжат арқылы дайындаған. Бірақ бұл істе жалған құжат жасағандар, алаяқтыққа жоспар құрған адамдар да жазаға тартылмады. Ақшаны алып кеткен екінші тұлға нақты белгілі болса да жазаланбады. Ал жәбірленушілер құжаттардың өздерінің сыртынан жасалып жатқанын білген де жоқ. Осы істегі тағы бір маңызды ескеретін жайт – әлі несие рәсімдеуге жасы жетпеген Абылай есімді студенттің атынан да құжаттар рәсімделген. Біз осымен тоқтап қалмаймыз, күресіміз жалғасады. Заңды және әділетті шешім шығару керек, апелляциялық шағым береміз», - деді Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Азизбек Иманбердиев.

Қомақты ақшаны қайтартып, өздерін тақырға отырғызған адамдарды жазалату үшін жетісайлықтардың тағы қанша уақыт соттасатыны белгісіз.

Серіктес жаңалықтары