Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тоқтау бар ма?
Сауалнама нәтижелері қоғамда бұл кеселге деген көзқарастың теріс екенін көрсеткен
Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың сипат табуында гендерлік теңсіздік басты фактор ретінде танылған. Осы орайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы зорлық-зомбылықтың негізгі факторларын айқындай отырып, «гендерлік теңсіздік және осындай зорлық-зомбылыққа жол беретін нормалардың» бастапқы себебін анықтаған болатын. Қазақстан үшін бұл таңсық құбылыс емес. Ресми БАҚ-та, әлеуметтік желілерде осы мәселе аясында резонанстық жағдайлар жиі туындайды. Ресми деректерден бөлек, халықтың аталмыш індетке көзқарасы қандай екенін анықтау, оның туындау себептерін және болдырмау жолдарын зерделеу де аса маңызды. Осыны талдау мақсатында Қазақстандық қоғамдық даму институты ауқымды әлеуметтанулық зерттеу өткізген болатын. Зерттеуде назар аудартатын біршама деректер бар.
Сауалнамаға қатысқан респонденттерге «Сіздің ойыңызша, отбасындағы зорлық-зомбылықтың негізгі себептері қандай?» сұрағына жауап беру ұсынылды. Респонденттердің көпшілігінің пікірі бойынша, негізгі себеп әлеуметтік-экономикалық сипатқа ие: айта кетсек, жұмыссыздық – 55,9%. 52,8% «зиянды әдеттер», яғни маскүнемдік, нашақорлық, құмар ойындар», 25,4% отбасындағы моральдық-психологиялық климат, 22,7% – стереотиптік көзқарастар мен сенімдер, 20,9% – психологиялық ауытқулар, 15,9% – білім мен мәдениеттің төмен деңгейі, 15,8% – жұбайына материалдық және қаржылық тәуелділік, 15,1% – отбасындағы зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершіліктің болмауы, 13,6% – қоғамдағы агрессияның жоғары деңгейі, 10% – туыстарының отбасы өміріне араласу проблемалары деп атап өткен. Сонымен қатар отбасы институты беделінің болмауы, алдын-алу шараларының жеткіліксіздігі, рухани және адамгершілік білім беру бағдарламаларының жеткіліксіздігі, ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік, интернеттің кері әсері және т.б. факторлар да аталған.
«Сіздің ойыңызша отбасындағы зорлық-зомбылықтың негізгі себептері қандай?» cұрағына жауаптар
Гендерлік бөліністе ер адамдар да, әйелдер де әлеуметтік-экономикалық сипаттағы проблеманы негізгі себеп деп таныған. Жаман әдеттерді ерлерге қарағанда (49,7%) әйелдер (55,3%) жиі көрсеткен. Ерлердің 18,2%-ы және әйелдердің 14,1%-ы білім мен мәдениеттің төмен деңгейін себеп деп санайды. Сондай-ақ әйелдердің 16,6%-ы материалдық және қаржылық тәуелділік проблемасын атап өткен.
Гендерлік тұрғыдан алғанда, әйел респонденттердің басым бөлігі (87,5%) тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол берілмейді деп санаса, бұл оймен ер респонденттердің 84,8%-ы келіседі екен. Бұл ретте, ерлердің 11,2%-ы жағдайға байланысты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол беріледі деп көрсетті.
Сауалнамаға қатысқандардың пікірі бойынша барлық жастағы топтар (18-29 жас – 86%, 30-45 жас – 88,3%, 46-60 жас – 84,9%, 61 жас және одан жоғары – 84,1%) тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ешқандай жағдайда жол берілмеуі керек деп санайды. Алайда 61 және одан жоғары жастағы респонденттердің 12,6 пайызы және 46-60 жастағы респонденттердің 11,4 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа кей жағдайларға байланысты жол берілуі мүмкін деп көрсеткенін атап өткен жөн.
Деректерге сәйкес, азаматтардың діни ұстанымының жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа деген көзқарасқа әсер етпейтінін атап өткен жөн. Өздерін «дінге сенбейтін» деп анықтаған, бірақ «дінді маңызды аспект деп санайтын» респонденттердің 4,7%-ы, «дінге сенбейтін, дінді өмірдегі пайдасыз аспект» деп санайтындардың 13,6%-ы, дінге сенетіндердің 11,2%-ы және дінді өмірдегі маңызды аспект деп есептейтіндердің 7,8%-ы үйдегі зорлық-зомбылыққа белгілі жағдайларға байланысты жол беріледі деп көрсетті.
«Сізге таныс отбасыларда зорлық-зомбылық қандай себеппен жалғасады?» деген сұраққа респонденттердің 35,8%-ы таныс отбасыларда орын алып жатқан зорлық-зомбылықтың себебі жәбірлеушіден қорыққандықтан көмекке жүгінбеу, 33,5% – жәбірленушінің агрессорға материалдық тәуелділігі, 20,9%-ы зорлық-зомбылықтың орын алып жатқанын білмейміз деп жауап берді. Сонымен қатар. 20,1% респонденттер жәбірленушіні қоршаған орта тарапынан қолдаудың жоқтығын атап өтсе, 18,9%-ы себеп ретінде «қоғамдық айыптау» факторын айтқан, 16,5% – мемлекет тарапынан қорғауға деген сенімсіздік, 13,4% – уәкілетті мемлекеттік органдардың әрекетсіздігін меңзеген. Сондай-ақ отбасын сақтап қалуға деген ұмтылыс (2,4%) және қиын әлеуметтік-экономикалық жағдай (0,4%) сияқты себептер айтылды.
«Сіз танитын отбасыларда зорлық-зомбылық қандай себеппен орын алады?» сұрағына жауаптар
Респонденттердің жартысы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары туыстары мен айналасындағылардың айыптауынан қорыққандықтан татуласуға мәжбүр деген. 43,8%-ы жазалау шараларының тиімсіздігі, 39,4% – құқық бұзушыдан, агрессордан қорқу, 36,1% – отбасын асырау қажеттілігі сияқты себептерді көрсеткен. Сондай-ақ, отбасын сақтау, балалардың болашағы (2,5%), ауызша татуласу (1,1%), зорлық-зомбылық тоқтайды деген үміт (0,8%) сияқты жауап нұсқаларын да ұсынған.
Зорлық-зомбылық құрбандарымен жүргізілген сұхбаттарға сәйкес, әйел көбінесе некелескеннен кейін жұбайы тарапынан агрессияға ұшырайды. Мұның себептері көбінесе «сатқындық, қызғаныш, ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік» деген жауаптар берілген. Бірнеше жыл бойы зорлық-зомбылықтың құрбаны болған кейбір адамдар зорлық-зомбылық ауқымын әлі де толық түсінбейді және тіпті өздерін кінәлі деп санайды екен.
Жоғарыда аталған сандарды жақында елорда полициялары ұсынған деректер де растайды. Мысалы, соңғы төрт айдың ішінде отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін 372 адам жауапкершілікке тартылған. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зардабын шеккендердің құқықтарын қорғау үшін екі мыңнан астам қорғау ұйғарымы шығарылды. Қорғау нұсқамаларын бұзғаны үшін 85 адам жауапқа тартылған екен.
Адам құқығын қорғаумен айналысатын мамандардың айтуынша, көп жағдайда әйелдер өздеріне қарсы агрессияны полициядан жасырады, өз бетінше қайта тәрбиелеуге тырысады екен. Алайда, «өзінше тәрбиелеу» шаралары кей жағдайда қайғылы жайттарға ұласып, ең сорақысы – балалар зардап шегеді.
Мұса Бағдат