Жетісу облысында қараусыз қалған екі жасар бала жол жиегінен табылды

Оқиға Жетісу облысындағы кезекті тексеріс кезінде болған

Жетісу облысында қараусыз қалған екі жасар бала жол жиегінен табылды
Фото: polisia.kz

Жетісу облысында тәртіп сақшылары үлкендердің қарауынсыз көшеде жалғыз жүрген бүлдіршінді құтқарып қалды. Екі жасар бала үйінен байқатпай шығып кетіп, көлік қозғалысы көп жолдың жиегіне жеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға Жетісу облысындағы кезекті тексеріс кезінде болған. «Бүркіт 161» экипажының қызметкерлері жол жиегінде жалғыз тұрған кішкентай баланы байқап, бірден көлікті тоқтатты. Тәртіп сақшылары баланы қолдарына алып, жанында ересектердің бар-жоғын тексерді. Ол кезде «102» пультіне бала жоғалғаны туралы ешқандай хабарлама түспеген екен.

Кейінірек белгілі болғандай, бүлдіршін үй ішіндегілерге білдірмей далаға шығып кеткен. Ата-анасы баланың жоқтығын бірнеше минуттан кейін ғана байқап, дереу іздеуге кіріскен.

«Бұл оқиға бала қауіпсіздігіне бейжай қарамаудың маңыздылығын тағы бір мәрте еске салады. Ата-аналарға қырағылықты жоғалтпау қажет. Ал полицейлер үшін бұл күнделікті қызметтің бір бөлігі. Кейде жай ғана зейін қоюдың өзі үлкен апаттың алдын алуға көмектеседі», — деп атап өтті полиция қызметкерлері.