Жастардың еңбек нарығындағы мүмкіндігі қандай?

Azattyq Rýhy

Жастардың басым бөлігі үшін мемлекеттік секторға қарағанда жеке секторда жұмыс табу оңайырақ

Жастардың еңбек нарығындағы мүмкіндігі қандай?
baigenews.kz

Қазақстандық жастардың құндылықтарын, оларды алаңдататын мәселелерді және көзқарастарын анықтау мақсатында Фридрих Эберт қоры 2021 жылдың қорытындысы бойынша ауқымды зерттеу жүргізген болатын. Зерттеу Қазақстан қалаларында және ауылдарында тұратын 14-29 жас аралығындағы жастар. Әлеуметтік зерттеу жүргізу барысында деректер жинаудың сандық та, сапалық та әдісі қолданылған.

Зерттеудің сандық бөлігінде 14–29 жас аралығындағы 97 қазақстандық жаспен сұхбат жүргізілді. Сауалнамаға қатысқандар бірнеше әдіс арқылы (тікелей, телефонмен, онлайн) жауаптарын берген. Зерттеудің сандық бөлігінде де еліміздің барлық өңірі қамтылып, оған жалпы саны 1000 адам қатысты.

Зерттеу баяндамасындағы бөлімдердің бірінде жастар өздерінің отандық еңбек нарығындағы орны жайлы, болашақта жұмысқа орналасу және экономикалық мүмкіндіктерін қалай бағалайтындығы талданған.

Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, жастардың болашақта жұмысқа орналасуға сенімі зор: әрбір үшінші респондент (32,9%) жұмысты оңай табатынына сенімді. Бұл көрсеткіш 2016 жылғы зерттеудегі көрсеткіштен (35,6%) сәл аз. Соңғы зерттеуде жауап бергендердің 10,5%-ы жұмысқа орналасу қиын десе, 2016 жылы бұл көрсеткіш 30,8% құраған еді. 2021 жылы жауап бергендердің 35,8%-ы жұмысқа орналасу мүмкіндігін орташа деп бағалаған болатын. Ескі және жаңа зерттеу арасындағы айырмашылықты 2015 жылы мұнай бағасы төмендеп, Қазақстанда инфляцияның туындауына әкеп соққан дағдарыстың салдары деп түсінуге болады. 2016 жылы дағдарыс жастардың жұмыс табуына сөзсіз кедергі келтірген.

Гендерлік аспектіні қарастырар болсақ, ер адамдардың жұмыс табуға деген сенімі қыздарға қарағанда біршама төмен. Географиялық ерекшелікті атар болсақ, ауыл жастарына қарағанда қала жастарының жұмыс табуға сенімі төмен. Бұл жайт Қазақстанда еңбек нарығындағы бәсекенің ауылдық жерлерге қарағанда қалалық жерлерде жоғары екенін аңғартса керек.


Фридрих Эберт қоры

Сауалнамаға қатысқандардың әрбір төртіншісі (22,7%) толық жұмыс күні еңбек шарты, ал 3,1%-ы жарты күндік жұмыс жөнінде еңбек шарты бар екені анықталған. Жауап бергендердің 6,9%-ның толық жұмыс күніне мерзімді еңбек шарты болса, 2,2%-ы жарты күндік негізде еңбек шартына отырған. Жастардың аз ғана бөлігінің (7,3%) жарты күндік негізде еңбек шарты бар немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған (11,3%). Сонымен қатар, жастардың көпшілігі (38,6%) жұмыссыз немесе жұмыс іздеп жүрген жоқ.

Мектеп оқушылары мен университет студенттерінің арасында жұмыс іздемейтіндігін айтқан респондент көп. Сауалнамаға қатысушылардың 6,7%-ы ғана жұмыс іздеп жүргенін жеткізсе, жартысынан көбі, керісінше, жұмысқа орналасқан екен.

Сауалнама нәтижесі жастардың гендері мен жұмысқа орналасуы арасында корреляцияның, яғни байланыстың бар екенін көрсеткен. Толық жұмыс күні негізінде еңбек шартына ер адамдардың 27,4%-ы, қыздардың 18%-ы қол қойған. Оған қоса, қыздар арасында жұмыссыздар да, жұмыс іздемейтіндер де көп. Бұл көрсеткіш Қазақстандағы бұған дейінгі зерттеу жұмыстарының нәтижесін растаса керек. Кей жас әйелдер жоғары білімі бола тұра үй шаруашылығымен айналысқанда қалайды. Оған қоса, әйелдердің еңбек етуіне тұрмысқа шығуы мен бала тәрбиелеу ісі де «кедергі» болатыны анық.

Ауыл жастарының 21,5%-ы, қала жастарының 23,6%-ы толық жұмыс күні негізіндегі еңбек шартына отырған. Ауыл жастарының 43,7%-ы, қала жастарының 34,8%- ы жұмыссыз және жұмыс іздеп жүрген жоқ. Ауыл жастары арасында жұмыссыздық деңгейінің жоғары болуын ауылдық жерлерде жұмыс орындарының аз болуымен түсіндіруге болады. Сауалнама қатысқандардың 22,5%-ы «білім деңгейінің төмен болуы кесірінен жұмыссыз» екенін көрсеткен. Қалада тұратын әрбір төртінші жас азамат/ша білім деңгейінің төмен болуынан жұмыс таба алмаса, ауыл жастары арасында бұл көрсеткіш 19,4%-ды құраған. Жастардың 12,5%-ы жұмыс табу үшін өзге елді-мекенге көшуге мәжбүр болған және олардың арасында жігіттерге қарағанда қыздар көп.


Дереккөз: Фридрих Эберт қоры

Қазақстандағы еңбек нарығының басты проблемаларының бірі – жастардың ден бөлігінің мамандық бойынша жұмыс атқармауы. Сауалнама барысында бұндай жастар 41,9% құрайтыны анықталған. Жастардың 43,5%-ы мамандығы бойынша жұмыс істесе, 6,4%-ның жұмысы мамандығымен сәйкес келеді екен. Мамандығы бойынша жұмыс тапқандар арасында жігіттерге қарағанда қыздар көп. Респонденттердің жұмыс талабына сай білімі болған. Бірақ 21,4%-ы білім деңгейін атқарып жатқан міндеттерінен жоғары, яғни асып кетеді деп санаса, 8,8%-ының біліктілігі жұмыс талабынан төмен екен (сондықтан олар білімін жетілдіргісі келеді).

Қала жастарының ішінде төмен білім деңгейімен жұмыс істеуге болады деп сенетіндер көп, ал ауыл жастарының ішінде бұлай ойлайтындар саны өте аз. Бұл – қала жастарының ішінде жұмысына көңілі толатындар санының аз екенін аңғартуы мүмкін. Қала жастарының 55,1%-ы мен ауыл жастарының 69,8%-ы істеп жатқан жұмысы өзінің білім деңгейіне сай деп санайды. Сондай-ақ орыс жастарына қарағанда қазақ жастары «жұмысым білім деңгейіме сәйкес келеді» дейді.


Дереккөз: Фридрих Эберт қоры

Жоғарыдағы диаграммадан жастардың жұмысқа орналасу деңгейі экономиканың әр саласында әртүрлі екенін байқаймыз. Зерттеуге сәйкес, жастардың 21%-ы мемлекеттік секторда, 62,9%-ы жеке секторда, 4,2%-ы мемлекеттік емес ұйымдарда, 1,3%-ы халықаралық ұйымдарда және 6,4%-ы өзге мекемелерде жұмыс істейді. Бұл сандар жастардың көпшілігі үшін мемлекеттік секторға қарағанда, жеке секторда жұмыс табу мүмкіндіктерінің жоғары екенін байқатады. Сондай-ақ өзге секторларға қарағанда бизнес секторында жұмыс табу оңайырақ екен. Гендерлік аспектіні айтар болсақ, көп жағдайда әйелдер мемлекеттік секторда, ал ер адамдар жеке секторда еңбек етеді.

Сондай-ақ мемлекеттік секторда өзге этнос өкілдеріне қарағанда қазақ жастары басым (орыс пен өзбек жастарының 70%-ы, украин және корей жастарының 80%-ы жеке секторда еңбек етеді).

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.