Елімізде экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін қандай шаруалар атқарылып жатыр
Былтыр елімізде 17 мыңға жуық оңалту іс-шаралары ұйымдастырылды

Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша республикалық деңгейде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Дін мәселелері бойынша халықпен идеологиялық жұмыс жүргізу үшін құрамында 2899 адам бар 232 өңірлік ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Дін істері комитетінің мәліметінше, жалпы алғанда ақпараттық түсіндіру топтарының қызметі олардың деструктивті және радикалды идеологиясының әсеріне ұшырау тұрғысынан неғұрлым осал азаматтардың мақсатты санаттарымен атаулы жұмыс жүргізуге бағытталған.
Атаулы жұмыстар арнайы әзірленген алгоритмге сәйкес, он мақсатты санатты қамтиды, оның ішінде жастардың түрлі топтары, діндар азаматтар, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, әйел жамағаты, мешіт жамағаттары, сауда саласының қызметкерлері, жазасын өтеушілер және олардың отбасы мүшелері бар.
Министрлік тарапынан өңірлердегі тұрғындар арасында ұйымдастырылатын ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігі мен сапасын арттыру мақсатында жыл сайын өңірлік ақпараттық түсіндіру тобы мүшелеріне арналған, сол сияқты жаңа тәсілдер мен әдістемелік құралдар әзірленіп, жолданып отырады.
2021 жылы ақпараттық түсіндіру мүшелерінің қатысуымен 2 млн-нан астам адам қамтылған 28 мыңнан аса түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылса, оның ішінде жастардың қатысуымен 10 мыңнан аса іс-шара өткізіліп, 1,1 млн-нан астам адам қатысты.
Министрлік жыл сайын өңірлерде «Облыстар мен қалаларда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және өткізу» (17 өңірде) жобасы аясында Республикалық ақпараттық-түсіндіру іс-шарасын ұйымдастырады.
Жоба аясында 2021 жылы 17 өңірде 252 іс-шара өткізіліп, оған 6 мыңнан аса адам қатысты.
Аталған жобаның мақсаты дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, қоғамда түсіндіру жұмысын жүргізу және деструктивті діни идеялардың таралуының алдын алу, өңірлік ақпараттық түсіндіру тобы қызметтерінің тиімділігін арттыру, дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіру бойынша ұсыныстарды жинау және талқылау, тәжірибелік ұсынымдарды әзірлеу.
Сонымен қатар, зайырлылық қағидаттарын ілгерілету бойынша БАҚ-та, интернет-ресурстарда және әлеуметтік желілерде тиісті насихаттау жұмыстары жүргізіледі.
Осы бағытта министрліктің үйлестіруімен жергілікті атқарушы органдардың позициясынан ақпараттық кеңістікте елдің зайырлы құрылымын қолдаудың маңыздылығын ашатын дыбыс-бейне, мәтіндік және басқа да материалдар әзірленеді және таратылады.
Мәселен, 2021 жылы БАҚ-та, интернет-ресурстарда, танымал әлеуметтік желілерде діни экстремизмнің алдын алуға және оған қарсы насихаттауға бағытталған 133 мыңнан астам жарияланым орналастырылды.
Былтыр белсенді жұмыс нәтижесінде әлеуметтік желілердегі радикалды діни топтардан 156 мыңнан астам адамды шығару бойынша жұмыс жүргізілді.
Әлеуметтік желілерде экстремизмге қарсы контентті ілгерілету мақсатында министрліктің тапсырысы бойынша танымал әлеуметтік желілерде орналастырылған «МEIRMAN» комиксі әзірленді.
Мұнымен қоса, министрлік тұрақты негізде өңірлік мамандарды, ақпараттық түсіндіру тобы дәріскерлерін, теологтарды, дін өкілдері мен журналистерді әлеуметтік желілер мен БАҚ-та алдын алу және қарсы насихат жұмыстарын жүргізу дағдыларына оқытып отырады. Бұл жұмыс жыл басынан бері 400-ден астам адамды қамтыған ұзақ мерзімді «Smart media» жобасы аясында жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, жастарды діни экстремизмнің алдын алуға тарту үшін 2021 жылдың мамыр айында министрлік дін саласындағы өзекті мәселелерді жастармен талқылауға бағытталған «YZ CLUB» жаңа диалог алаңын іске қосты. Бұл платформа жастарды дін саласындағы мәселелерді бірлесіп шешуге жұмылдыруға, интернеттегі профилактикалық жұмыстың инновациялық тәсілдерін әзірлеуге және талқылауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, радикалды діни идеологиядан зардап шеккен адамдарды, оның ішінде «Жусан» арнайы гуманитарлық операциялары шеңберінде террористік белсенділік аймағынан оралған әйелдерді теологиялық-психологиялық оңалту шеңберінде жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде.
Террористік белсенді аймақтардан оралған азаматтар арасынан радикалды көзқарастардан бас тартудың және дәстүрлі дін нормаларын қабылдаудың оң үрдісі байқалады. Атап айтқанда, өңірлердің деректері бойынша олардың 96%-ы (189-дың 182-і) радикалды көзқарастардан бас тартты.
Жалпы 2021 жылы республика бойынша 17 мыңға жуық теологиялық-психологиялық оңалту іс-шаралары ұйымдастырылды.