СҚО тұрғындары Президент Жолдауы демократиялық қоғам құру жолында маңызды қадам болатынына сенімді
Заң алдында билік пен халық тең
Еліміз алған бағытынан таймай, барлық салада жүйелі қайта құруды жеделдетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында осы мәселелерге ерекше тоқталды. Azattyq Rýhy тілшісі стратегиялық құжатта көтерілген бастамалар жайында теріскей жұртының пікірін білді.
Заң алдында билік пен халық тең. Президент «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында құқық қорғау институттарын күшейту мәселелеріне айрықша тоқталып, басым бағыттардың біріне жатқызды.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және ол республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Алайда, жасыратыны жоқ, белгілі бір заң актісі немесе шешім оған сай келе ме деген сұраққа нақты жауап беруде қиындық тудыратын жайттар кездесіп жатады. Осыны ескере отырып, Президент елімізде Конституциялық сот құруды ұсынды. Иә, Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде, атап айтқанда, 1995 жылға дейін мұндай орган жұмыс істеп, нормативтік актілердің Ата заңымызға сай келуін қадағалаған. Ол 1992 жылы 6 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» Заңы негізінде құрылып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 2 шілдедегі қаулысымен құрамы 11 адамнан жасақталған болатын.
1993 жылғы Конституцияға сәйкес Конституциялық сот сот билігінің жоғары органы болып саналды. Оған Ата заңымызды қорғау және оның мәртебелілігін қамтамасыз ету міндеті жүктеліп, Қазақстан Республикасы Президентінің, Министрлер кабинеті мүшелерінің, Жоғарғы Сот пен Жоғарғы Төрелік сот төрағаларының, Бас прокурордың, Қазақстан Республикасы дипломатиялық, өзге де өкілдіктерінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қорытынды беру, азаматтардың конституциялық құқығына қатысты құқық қолдану тәжірибесінің Конституцияға сай келуі туралы істерді қарау, тиісті заңда көрсетілген нақты мәселелер бойынша іс қозғау, тағы басқа құзыреттер берілді. Жолдаудағы саяси реформалардың бір бөлігі әділ сот төрелігін орнықтыруға, қоғамның соттарға деген сенімін арттыруға бағытталған. Президент белгілеп берген жаңа нормаларды жүзеге асыру – басты міндетіміз», – дейді СҚО сотының төрағасы Ербол Жанғазин.
Бұқаралық ақпарат құралдары – қоғам айнасы. Демократиялық мемлекет құру жолында саланың маңызы ерекше. Ақпарат құралдары бірінші кезекте биліктің мүддесін емес, халықтың мұңын бұқараға жеткізуі шарт.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Президенттің биылғы Жолдауы ерекше болды. Әр жолдаудан жақсылық, оң өзгеріс күтетін тұрғындардың болашаққа деген сенімін нығайтты. Халықтың көкейінде жүрген көптеген мәселенің басын ашты. Азаматтардың көңілін көтеріп, рух, күш-жігер берді. Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан» құруда бірқатар саяси реформаларды жүзеге асырып, әлеуметтік-экономикалық бағытта көптеген іс-шараның атқарылатынын айтты. Бұқаралық ақпарат құралдары да назардан тыс қалмады.
Президент отандық бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне тоқталып, қазіргі БАҚ қоғамның сұранысына сай жұмыс істейтін тәуелсіз және бәсекеге қабілетті болуы қажеттігін айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, отандық баспасөз қоғамның сұранысына сай жұмыс істеп, облыстарда және әлемде болып жатқан үдерістер туралы оның өз көзқарасы болуға тиіс. Бүгінде елдегі ақпарат құралдарының саны 4,5 мыңнан асады. Отандық медиа саласы да заман көшінен қалмай үнемі жаңару, даму үстінде. Алайда БАҚ ешкімге қолжаулық болмауы тиіс. Ақпарат құралы – қоғам айнасы. Елдегі болып жатқан оқиғаларды көрсетіп қана қоймай, насихат құралына айналды.
Баспасөзге еркіндік берілсе, оның ұстанымы, бет-келбеті өзгереді. Бәсекелестік артып, халықтың сеніміне ие болады. Заманның шынайы талабы да осы», – дейді Qyzyljar телеарнасының директоры Ерлан Тоқшылық.
Қоғамдық ұйым өкілдері де биылғы жолдауда халықтың көкейінде көптен жүрген мәселелер көтерілгені – ел дамуының жаңа белесіне бастар даңғыл екенін атап өтті.
«Ең бастысы – егемендігімізді сақтап қалу. Қазіргі уақытта біздің барлық әрекетіміз осы арнаға бағытталуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында еліміздегі келелі мәселелерді қозғап, шешу жолын ұсынды, сол сияқты ел президентінің туыстары мемлекеттік қызметке араласпайтынын айтты. Осылайша ол халық мүддесін бәрінен жоғары қоятынын көрсетті», - дейді «Вайнах» шешен этно-мәдени орталығы төрағасының орынбасары Наталья Хильмурадова.
«Саяси жаңғыру болмаса, болашақта мемлекетті экономикалық, әлеуметтік жағынан дамыту қиындай түседі. Партияны тіркеу үшін бұған дейін 20 мың адам қажет болса, Жолдау жарияланғаннан кейін 5 мыңға дейін азайған болатын. Бұл болашақта елімізде партиялардың құрылуына, жалпы саяси институттардың арасындағы бәсекелестікті дамытуға өз үлесін тигізетініне сенімдімін», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Ажар Сыздықова.