$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мемлекеттік орган мен жекеменшік салада IT технологияны дамыту аса маңызды − Блокчейн технологиялар қауымдастығы

Бұл алдымен ашықтық, қауіпсіздік, жариялылыққа жол ашады

Мемлекеттік орган мен жекеменшік салада IT технологияны дамыту аса маңызды − Блокчейн технологиялар қауымдастығы
Фотолардың авторы Егор Копылов

Қазақстан IT-саласында трендтерді дамыту үшін әлемдегі үздік тәжірибелерді қабылдауы қажет деп есептейді Blockchain технологиялар қауымдастығы. Мұндай мәселе елордада өткен дәстүрлі Digital Business Day 2.0 форумында көтерілді. Аталған жиында мемлекеттік сектор және IT-қауымдастық жетекшілері, венчурлік қорлар мен бизнес-акселераторлар басшылары елдегі криптоиндустрия мен инновациялық технологиялар дамуы жайлы әңгіме қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Форум барысында қазақстандық суретшілер қаламынан шыққан бірінші NFT-көрме, IT-стартаптар байқауы және қазақстандық IT-компаниялар көрмесі ұйымдастырылды.

Соның ішінде 12 қазақстандық IT-маман өз жұмысын таныстырды. Онда NFT суретшілері әрқайсысының құны шамамен екі мың доллар болатын бес жүзге дейін картина сата алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, NFT шығармашылық экономиканың бір саласы. Біздің елде бұл бағыт салыстырмалы түрде жақында ғана пайда болған жаңа сала. Соған қарамастан, цифрлық авторлардың қатары күннен күнге толығуда.

Айта кету керек, халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, NFT нарығының жалпы көлемі бүгінде 20 миллиард доллардан асады. Әлемдегі ең қымбат NFT өнімінің құны 69 миллион доллар деп бағаланған.

NFT-суретші Қасымхан Жапановтың сөзінше, Қазақстанда NFT соңғы екі жылда ғана дамып келеді. «Бұл сала енді ғана бастау алып жатыр. Алдағы уақытта суретшілер мен авторлардың қатары толыға түседі деп сенемін. Қазірдің өзінде тәжірибелі мамандардың қатары толығып келеді», − дейді ол.

Ал, Блокчейн технологиялары қауымдастығының басқарма төрағасы Сапар Ахметовтың айтуынша, көптеген елде ЖІӨ-нің 10 пайызы қазірдің өзінде блокчейн арқылы өндіріледі. Сондықтан жылжымайтын мүлік, жер кадастры, білім беру және әлеуметтік жобаларда блокчейнді іске қосу аса маңызды. Өйткені бұл алдымен ашықтық, қауіпсіздік, жариялылыққа жол ашады.

«Блокчейн және криптовалюта технологиялары жаңа экономиканың атрибутына айналып үлгерді. Қазіргі таңда криптовалюта қолданушыларының саны әлемде 300 млн адамға жетіп отыр. нарықтың капитализациясы 2 трлн долларға жетті. Әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі BlackRock – 10 трлн доллар қаражаты бар – криптоиндустрияға белсенді түрде инвестиция құя бастады. Ал, кейбір елдер биткоинді заңдастырды.

Баршаға мәлім, Қазақстан криптовалюта жасау бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің бірі. Біздің Блокчейн технологиялар қауымдастығы елде креативті индустрияның дамуына қажетті база қалыптастыру үшін жұмыс істеп жатыр. Қазір Үкіметте аталған саланы дамытуды көздейтін жаңа заң жобасы қаралып жатыр», - деді С.Ахметов.


Сапар Ахметов

Блокчейн-заңгер, Еуразиялық тәуелсіз қаржы кеңесшілері қауымдасты басшысы Ермек Рустембекұлы блокчейн технологиясын дамыту бойынша заңнама аясында бірқатар өзекті мәселе барын айтады.

«Мемлекет басшысы блокчейн технологиясын дамыту бойынша тапсырма берген болатын. Бірақ Үкімет әлі жол картасын толық дайындаған жоқ. Бұл ретте аталған мәселеге қатысты Ұлттық банк және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Астана қаржы орталығы арасында әлі де түсінбестік туындап отыр. 2020 жылы заң аясында бірқатар нормалар әзірленген болатын. Осы ретте түйіткілді мәселелерді атап өткім келеді. Блокчейн технологиясымен айналысатындар заң аясында табыс тауып отырғандықтан салық төлеуге міндетті. Бірақ мәселе салық көлемінің мөлшерінде. Бұл алдымен біздің саланың дамуына мүмкіндік беруі керек. Тапқан табысымызды соңғы тиынына дейін салыққа төлеп отыру дұрыс емес. Мемлекет пен кәсіпкерлік арасында тиімді келісім қажет. Қазақстанда бүгінгі күні 324 мың криптовалюта нарығына қатысушы бар. Бұл көрсеткіш өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда аз. Себебі бұл жалпы халықтың бар болғаны 2% ғана. Ресейдегі көрсеткіш 11% болса, Украина 12 %-ға жеткен. Өткен жылы майнингтен Қазақстан 190 млн доллар табыс тапты. Сондықтан бұл саланың болашақта әлеуеті жоғары», − дейді Ермек Рустембекұлы.

Форумды стартаптар және инвесторларға арналған Crowdsale Network халықаралық платформасы мен Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығы ұйымдастырады. Бас демеуші – ByBit криптовалюта биржасы. Сатылған билеттерден түскен қаражаттың 10% «Жас жауынгер» ерекше балаларды қолдау қорына тапсырылды.

Серіктес жаңалықтары