2019 жылы жемқорлар мемлекетке шамамен 5 млрд теңге залал келтірген
Пара алу фактісі құрылыс саласында жиі кездеседі
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аға тергеушісі Данияр Бигайдаров бүгінгі өткен брифингте бюджет қаражатын жымқыру фактілері туралы айтты.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2019 жылы жемқорлық фактілері бойынша 455 қылмыстық іс болған, оның 399-ын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тіркеген. 235-і өндіріспен аяқталып, оның 192-і сотқа жолданған.
«Осы қылмыстардан мемлекетке келтірілген залал шамамен 5 млрд теңгені (4 989 387 мың теңге) құрады, 4 млрд-қа жуығы (3 853 038 мың теңге) мемлекетке қайтарылды. Қазір жүздеген миллион бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша бірқатар қылмыстық іс тергелуде. Жымқыру фактілерінің көбісі тендерлерді бөлу, шарттарды заңсыз жасасу, жалған жұмыстарды орындау актілеріне қол қою, жалақы мен іссапар шығындарын заңсыз есептеумен байланысты», - деді Д. Бигайдаров.
Жалпы, 2017-2019 жылдар аралығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте 1,5 мыңдай сотқа дейінгі тергеу болған. Осы уақыт аралығындағы жасалған қылмыстардың залалы 15 млрд теңге. Аталғаның соманың 10 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылған. Пара алу фактісі құрылыс саласында жиі кездеседі.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан