Қазақстаннан 34,2 мың адам көшіп кетті: олардың дені орыс ұлтының өкілдері
Көшіп келгендердің жартысынан астамы – қазақтар.

Қазақстаннан 2019 жылы 34,2 мың адам көшіп кетіп, 8 мың адам көшіп келген. Елді тастап кеткендердің 17,4 мыңы жұмысқа жарамды азаматтар деп хабарлайды Статистка комитеті.
2019 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан халқының саны 18,4 млн адамды құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,3 пайыз өсімді көрсетті.
Республика тұрғындарының 58,2 пайызы қалада, 41,8 пайызы ауылда тұрады. Қала халқының саны 10,7 млн адамға жетіп, алдыңғы жылдан 2,6%-ға артты. Ал, ауылдықтардың қатары 0,5%-ға кеміп, 7,7 миллион адамды құраған. Бұл көрсеткіштердің өзгеруіне ішкі және сыртқы миграция әсер етіп отыр.
Ішкі миграция 825,9 мың адамның бір өңірден екінші өңірге қоныс аударғанын көрсетіп отыр. Ал, Қазақстаннан мүлдем көшіп кеткендердің саны 34,2 мың адамды құрады. Тағы 8 мың адам шетелден біздің елге көшіп келген. Яғни, сыртқы миграцияның сальдосы -26,2 мың адамды көрсетіп отыр.
Қазақстанға көшіп келген 8 мың адамның 4,5 мыңы – этникалық қазақтар. Сондай-ақ, 1,7 мың орыс ұлтының, 217 қарақалпақ ұлтының өкілдері бар.
Ал, елден кеткендердің 25 мыңы – орыстар, 2,4 мыңы – немістер және 2,3 мыңы украин халқының өкілдері.