Ақмола облысында колония бастығының орынбасары пара алғаны үшін сотталды
Сот үкімімен оған 12 млн теңге көлемінде айыппұл салынды
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Ақмола облыстық департаменті бастығының орынбасарына 12 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq rýhy тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сілтеме жасап.
«Ақмола облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бұрын ЕЦ-166/18 мекемесі бастығының режимдік және жедел жұмыс жөніндегі орынбасары, әділет майоры Р.М.Қожахметовке қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін күдікті ретінде қатысты тергеу жүргізді. Ол азаматтан осы мекемеде жазасын өтеп жатқан ұлына қолайлы жағдай туғызған және жалпы қамқорлығы үшін «Qiwi» электрондық әмияны арқылы 400 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді», - делінген хабарламада.
Ағымдағы жылдың 21 қаңтарында Степногорск қалалық сотының үкімімен Р.М.Қожахметов пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, оған 12 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды және өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан, сондай-ақ «Әділет майоры» арнайы шенінен айырылды.