Қазақ циркіне 50 жыл. Бірақ ұлтымыз далалық цирк мәдениетін мың жылдан бері қалыптастарған
Цирк өнері колледжін жылда 8 студент мемлекеттік квотамен оқып шығады
Қазақ даласында кәсіби цирк өнерінің қазығы қағылған уақыт отандық цирк өнерінің қарашаңырағы «Қазақ мемлекеттік циркінің» құрылуымен басталады деп жүрміз. Алматы шаһарының көрнекті өнер ордасына айналған мәдениет ошағына биыл елу жыл толды. Осы жартығасырлық кезеңде ғажайып манеждегі өнер туралы қазақ тіліндегі зерттеулер жарыққа шықпаған. Тұңғыш рет ғылыми монография оқырман назарына ұсынылды. Кітапты циркті халықаралық бекзат өнер деп таныған, осы салада көп жыл еңбек еткен, мәдениеттанушы Нұрбақыт Бөкебаев жазып шыққан.
Ұлттық цирк өнерінің кейінгі тарихы да, көшпенділер өміріндегі оның рөлі де жүйелі әрі ғылыми негізде зерттелмей келген. Далалық цирк мәдениетінің қалыптасуындағы сал-серілік мектеп қазақтың осы өнерді ертеден меңгергенін айғақтайды. Сегіз қырлы, бір сырлы серілердің бір бойынан сазгерлік, әншілік, суырып салма ақындық, түрлі аспаптарда еркін ойнайтын орындаушылық, актерлік, мим, бишілік, сиқыршылық, акробаттық секілді қазіргі кәсіби цирк әртістерінің өзі меңгере алмайтын қабілет болды. Олар далалық әдет-ғұрыптардың сақтаушысы ретінде осы күнге дейін жетті.
«Тұсауы кесіліп отырған кітаптың мәні де, мағынасы да, оның зерттелу тарихы да өте зор. Себебі бізде кітап көп. Өнер туралы кітаптарды алайық. Оның авторлары кітапты зерттеп, зерделеп, өз саласын толық ашып жазған кітаптар аз. Бұрын «Казахский цирк» деген кітап шыққан орыс тілінде, Досбатыровтың картиналарға құрылған бір кітабы болды.
Ол циркті басқарып, Монте Карло сияқты әр түрлі цирктерді көрген, өзі де әртіс болған, соны суреттеп қана жазды. Нұрбақыттың шығармасы қазақ өнерінің ішінде нақты сахна өнері қайдан шықты, қалай болды, бізге қалай жақын соны зерттеген. Біз циркті 50 жылмен шектемеуіміз керек. Қазақтың шешендік, өнері, жыршылық, сал-серілігі, ат баптауы, әбзелдері, ат өнері қазіргі циркінің арғы бабасы»,- дейді профессор Аман Құлбаев.
1970 жылы құрылған Қазақ мемлекттік циркінің кәсіби ұжымы бірінші қойылымын Ресейдің Саратов қаласындағы цирк манежінде қазақтың ұлттық «Медеу» бағдарламасымен ашқан. Осы қойылым манежге шыққан сәттен бастап қазақ кәсіби циркінің тарихы санаға жазыла бастады. Қазақ циркінің әртістері әлемнің ешбір циркі қайталай алмаған «Қос аттың астынан өту» деп аталатын рекордтық трюкті жасағаны үшін 10 жыл бойы Кеңес одағындағы ең үздік ұжым деп танылып келген. Қазақ циркінде бірнеше әулет өнерге қалтықсыз еңбек етті. Досбатыровтар, Күнғжионовтар, Әбішевтер, Шалабаевтар әулеті қазақ халқынан шыққан цирк өнерінің кәсіби мамандары ретінде танымал.
«Кешегі осы цирк өнерінде еңбектенген мамандардың еңбегі елеусіз қалмауы керек. Олардың барлығы арнайы осы кітапта қамтылды. Бүінгі таңда қазақ даласында, қазақ халқының қазіргі циркке қаншалықты қатысы бар дегенде, өркениеттің дамуына атты алғаш қолға үйрету арқылы үлес қосқанымен байланыстырамыз. Ат өнерін ерекше меңгерген біздің ата-бабамызда цирк болған жоқ деп айтуға ешкімнің аузы бармайды.
Қазіргі цирк алаңында баяғы теңге алу, қыз қуу, көкпар, қамшыгерлік, шалма тастау, мынау тіпті қазақтың ұлттық ойыны алтыбаққаның өзі халықаралық цирктік бағдарламаларында мойындалды. Егер әлемде кәсіби цирк өнерінің тарихы 250 жыл бұрын пайда болды десек, қазақ даласында ол мың жыл бұрын ата-бабамыздың салт-дәстүрімен бірге жасасып келген.
Ұлттық ойындардың барлық элеметтері цирк алаңында қазір қолданылып жүр. Осының барлығы осы кітапта қамтылды. Студенттерге, оқырманға, цирк өнеріне қызыққан адамадардың барлығына арналады»,- дейді туынды авторы Нұрбақыт Бөкебаев.
Бекзат өнерге деген жанашырлық мемлекет тарапынан әлсіз дейді, осы саланың мамандары. Қолдау аз, Қазақ мемлекеттік циркі жаңаша түрленуге, күрделі жөндеу жұмыстарынан өтуге, халықаралық аренадағы орнын қалыптастыруға лайық. Бірақ жан-жақты демеусіз бұл шыңға жету мүмкін емес екені айтылып жүр.
Ұжымды басқарып отырған бүгінгі зерттеудің авторы халықаралық деңгейдегі байқауларға жиі шығу, жас мамандар даярлау ісіне көңіл бөлініп жатқанын айтады. Бірақ өз деңгейінде емес, дейді Н.Бөкебаев. Кеңес заманында 15 мемлекетте төрт елде ғана цирк мамандарын даярлайтын оқу орны болған. Олар: Мәскеу, Киев, Ташкент және Алматы қаласында орналасты. Сол мектеп сақталып қалды, тәуелсіз елде қазіргі Ж.Елебеков атындағы өнер және цирк колледжі жұмыс істеп тұр. Осы кәсіптік білім беру мекемесінің директоры Мырзахан Қожаханұлының айтуынша, мемлекеттік квотамен жыл сайын 8 студент бітіріп шығады. Олар Алматы және Нұр-Сұлтан қаласындағы цирктерге жолдаам алады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы