Павлодарлық 7-сынып оқушысы 10-сыныптар олимпиадасында жеңімпаз атанды
Дарынды оқушы өзінен үш жас үлкен қарсыластарының арасынан топ жарып шыққан

Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы 7-сынып Аружан Айтмұхамбетова желілік пән олимпиадасында 1-орынды иеленді, деп жазады pavlodarnews.kz.
Білім ордасы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аталмыш білім додасында Аружан Қазақстан тарихы пәні бойынша 10-сыныптың атынан қатысып, өзінен 3 жас үлкен қарсыластарының арасынан топ жарып шыққан.
Осылайша үздік нәтиже көрсеткен ол республикалық кезеңге жолдама алды. Жетекшісі тарих пәнінің мұғалім-эксперті Лаура Байханованың айтуынша, шәкірті қажырлы және жүйелі дайындықтың арқасында осындай жетістікке жеткен.
«Жетекші ауылында тұрғанда осы Зияткерлік мектепке түсуді мақсат еткен болатынмын. Мектепке қабылданған сәттен Қазақстан тарихы пәніне деген ерекше қызығушылығым болғандықтан, олимпиадаға қатысып, осы пән бойынша жүйелі әрі терең білім алуды бастадым», - дейді Аружан.
Сондай-ақ, жас өрен Зияткерлік мектепке қабылданған оқушылардың арасында іріктеу емтихан нәтижесі бойынша 1176 ұпай жинаған.
Айта кетсек, Назарбаев Зияткерлік мектептері филиалдарының оқушылары арасында өткен желілік олимпиадада Павлодар қаласындағы Зияткерлік мектеп қоржынына 26 медаль келіп түскен. Жүлде саны бойынша командалық есепте ең үздік нәтиже көрсеткен мектеп қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша «2020 жылғы үздік команда» атағына ие болды.