Қызылорда облысына халықпен кездесуге барған депутаттың көлігі батпаққа батып қалды

Мәжіліс депутаты ауылды аймақта проблеманың тым көп екенін, оны шешу үшін күш салатынын айтты

Қызылорда облысына халықпен кездесуге барған депутаттың көлігі батпаққа батып қалды

Қызылорда облысында ел аралап, халықпен кездесуге барған Парламент Мәжілісінің депутаты батпаққа батып қалды. Жол талғамайтын көлікпен сапарға шықса да, депутат Геннадий Шиповских сегіз сағаттан астам батпақты жолдың азабын тартқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ол қазіргі уақытта облыстағы ең шалғай Қазалы мен Арал аудандарын аралап жүр. Депутаттың сөзінше, елі ішінде проблема өте көп. Алыс ауылдағы халықтың тұмыс-тіршілігіне қолайлы жағдай мүлдем жасалмаған. Жол талғамайтын қос көлікпен ауылға шыққан Шиповских, небәрі 120 км жерді жүріп өту үшін төрт сағаттан астам уақытын жұмсаған.

«Қазалы ауданның ең шалғай елдімекені Сарыбұлақ ауылдық округіне бардым. Ауыл аудан орталығынан 120 км қашықтықта орналасқан. Жол өте нашар. Халықты қабылдап, оларды толғандырған мәселелерін тыңдайын дегем. Батпаққа батып, әрең жеттік. Қазалыдан Сарыбұлақ окургіне барып-қайту үшін тек жолға сегіз сағаттан астам уақыт жүрдік. Ауылдағы мәдениет үйі ескірген, апаттық жағдайда тұр. Ауылда жастардың саны аз емес, алайда олардың баратын жері жоқ.  Әйтеке би кентінен ауылға қатынайтын жол өте нашар, толықтай жаңалауды талап етеді. 500-ге жуық адам тұратын шағын ауыл тұрғындарының аудан орталығына қатынауы өте қиын», - деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских.

Депутаттың сөзінше, тендер арқылы мемлекеттік тапсырыс алған танымал компаниялар бастаған әлеуметтік құрылыс нысандарын аяқтамай тастап кеткен. Мемлекеттің қаржысы желге ұшқан. Үкіметтің арнайы бағдарламасы қабылданғанына қарамастан өңірдегі ауыз су мәселесі сол қалпы шешілмеген. Аймақтың өзінен табиғи газ шығып жатса да, халық көгілдір отынға қол жеткізе алмаған.

«Ауыз су мәселесі қиынға соғып тұр. Әйтеке би және өзге де ауылдардағы ауыз су мәселелері өзінің шешімін табу керек. Өйткені мен және менің әріптестерім, Nur Otan партиясының мүшелері осы проблемаларды Үкіметтің алдында көтеріп, талап қоямыз. Жайылымдық жер мәселесі бар. Шалғайдағы ауылдарда проблема өте көп. Шалғай ауылдар үшін әлі күнге табиғи газ қолжетімді емес. Газ құбырын жүргізу керек. Арал ауданында 38 мың, Сексеуіл кентінде 13 мың халық тұрады. Кентте өрт сөндіру бекеті жоқ. Үйлер, өзге де ғимараттардан өрт шықса, оны сөндіретін маман жоқ боғандықтан, баспаналар сол қалпы жанып кетеді екен. Бұндай оқиғалар болған. Инфрақұрылым мүлдем шешілмеген. Сексеуіл кентінде теміржолшыларға арналған 38 екі пәтерлі тұрғын үй құрылысының жұмыстарымен таныстым. Құрылыс жұмыстарының неліктен тоқтап тұрғанын тексердім. Мәселе, «Bazis-А» компаниясы міндеттерін орындамағаны. Сексеуіл кенті әкімінің халық алдында есеп беруіне қатыстым. Келген халық әкіммен жақсы конструктивті диалог құрып, көптеген мәселе көтерді. 13 мың адам тұратын кентке табиғи газ құбырын жүргізу керек», - деді депутат.

Айта кетейік, осы апта басталғалы бері Мәжілістің депутаттары Қазақстанның өңірлерін аралап, халықпен кездесулер ұйымдастырып жүр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.