$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Аутизммен ауыратын балаларды қазақ тілінде оқытатын алғашқы кітап жарыққа шықты

Аталған бастама «Болашақ» қорының «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы аясында жүзеге асқан

Аутизммен ауыратын балаларды қазақ тілінде оқытатын алғашқы кітап жарыққа шықты

Елордада «Болашақ» корпоративтік қорының бастауымен ерекше балаларды оқытуға арналған АВА терапиясы негізінде құрылған оқулық қазақ тіліне аударылды деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Ерекше балалар. Мінез-құлықты қолданбалы талдауға (АВА) кіріспе: проблемалы мінез құлықты түзету қағидалары мен аутизм спектріндегі бұзылыстар және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларды үйрету стратегиялары» деп аталатын кітап аутист балаларды оқытуға арналған алғашқы қазақша оқулық.

ABA терапиясы – дамуында ерекшелігі бар балаларды оқытудың әлемдегі санаулы әдістерінің бірі. Оқулықтың маңыздылығы жайында «Болашақ» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан толығырақ баяндап берді.

«Біздің жобадағы балалардың шамамен 35% қазақ тілінде оқиды. Жыл сайын қазақ тілді білікті педагогтарға деген қажеттілік артып келеді. Алайда, елімізде аутизмі бар балаларды оқытуға арналған қазақ тілінде бірде-бір кітап, әдістемелік құрал болған жоқ. Сондықтан қор «Особые дети. Введение в прикладной анализ поведения (АВА): принципы коррекции проблемного поведения и стратегии обучения детей с расстройствами аутистического спектра и другими особенностями развития» дп аталатын кітапты қазақ тіліне аударып, басып шығарды. Кітап педагогтерге, дефектологтарға, логопедтерге және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп, оқытатын ата-аналарға пайдалы болады.

Біз бұл сәтті өте ұзақ күттік. Кітаптың басты ерекшелігі – күрделі терминдер қазақ тіліне аударылды. Оқулықтың 3 мың данасы арнайы оқу орындарына коррекциялық мектептерге, қарапайым мектептер мен психдиспансерлерге және басқа да оқыту мекемелеріне беріледі», - деді Динара Гаплан.

Кітапты аударуға барлығы 12 адам қатысқан. Олардың әрқайсысы балалармен тікелей жұмыс істеп жүрген білікті мамандар. Аталған оқулық ерекше балалардың ата-аналарына тегін беріледі. Ол үшін ата-ана «Болашақ» корпоративтік қорының сайтындағы арнайы форманы толтыруы қажет.

«Кітапты қазақшаға аудару кезінде бірнеше қиындықтар болды. Толық аударуға шамамен бір жарым жылдай уақыт кетті. Аудару жұмыстарына қордың барлық мінез-құлық мамандары белсене қатысты. Арасында шеледік мамандардың да көмегіне жүгіндік. Кітап ерекше балалардың ата-аналарына тегін таратылады. Олар біздің сайтымыздағы арнайы форманы толтырып өздерінің аты-жөні, телефон нөмірін қалдыру арқылы ала алады.

Сондай-ақ, оқулық жоғары санатты мамандарға ғана емес АВА-да жолын енді бастап жатқан жас мамандарға арналады. Ата-аналардың оңай түсінуі үшін қарапайым тілмен жазылды. Аталған кітап тек теориялық білімді ғана емес көптеген практикалық мысалдар мен түрлі құжаттарды түсінуге, олармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді», - дейді «Болашақ» корпоративтік қоры инклюзивті жобаларының үйлестірушісі, кітаптың редакторы Жазира Ескендірова.

Эльмира Ахметова баласына аутизм диагнозы қойылғаннан бері осы салаға белсене араласып, тіпті ерекше балалармен жұмыс істеу маманына айналған ата-ана. Ол 9 жылдан бері өз баласын қосқанда басқа да ерекше балаларға көмектесіп келеді.

«Балам аутизммен ауырады. Қазір 10 жаста. Екі жасынан бастап АВА терапиясына келдік. Өзім ата-ана ретінде ерекше балаларға арналған оқулықты оқып, кейін сол саланың маманы ретінде жұмыс істей бастадым. Менің балам қазақша сөйлейді. Үй ішімізбен қазақ тілінде сөйлейміз. Десе де, бізге баланың деңгейін жоғарлату үшін міндетті түрде бір тілді таңдау керектігін айтты. Бұл орыс тілі болды. Басында қазақша мәлімет іздеп, аударып қиналған едім. Ауылдық жердегі балалар мен мамандарға тіпті қиын. Қазір сол орысша кітаптың қазақшаға аударылғанына өте қуанышты болып отырмын.

Оқулықпен толық танысып шықтым. Аутизм дертіне шалдыққан балалармен тіл табысу өте қиын. Олар басқа адам түгілі өзінің ата-анасына көңіл бөлмейді. Көзге тік қарамайды. Жай балалармен ойнасаңыз олар міндетті түрде қарым-қатынасқа түседі. Ал, аутизм балаларда ондай белсенділік болмайды. АВА терапиясына келгеннен бастап бүгінге дейін баламның деңгейі кәдімгідей жоғарылады. Сөйлей бастады, мектепке өзі барады, өз-өзін күтуді үйренді. Қазір үйді де жинап, ыдысты да жуады. Өзінің жеке қызығушылығымен айналысады. Бір сөзбен айтқанда қоғамға бейімделіп келеді. Сондықтан аталған кітап біз секілді ата-аналарға түсінікті әрі өте ыңғайлы», - дейді ерекше баланың анасы.

Кітаптың авторлары Юлия Эрц және Ольга Мелешкевич – сертификатталған мінез-құлық талдаушылары, мінез-құлықты қолданбалы талдау әдістері мен стратегияларын қолдану саласындағы оқытушылар. Олар АҚШ, Израиль, Ресей, Украина, Грузия, Қазақстан және басқа елдердегі мінез-құлық мамандарының тәжірибесіне жетекшілік етеді.

Айта кетейік, «Болашақ» қоры инклюзивті білім беруді дамыту бойынша «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасын 2015 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Қор бүкіл Қазақстан бойынша балабақшалар мен мектептерде 46 инклюзияны қолдау кабинетін ашты. Бүгінге дейін аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктер бар 600-ден астам бала мектепке баруға мүмкіндік алды.

Серіктес жаңалықтары