Жаңаөзен оқиғасына 10 жылдан асты. Қалада не өзгерді?
Мұнайлы қалада биыл бірнеше компанияның жұмысшылары митинг өткізген
2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы сол кездің өзінде халық пен биліктің арасы алшақтап кеткенін көрсеткен болатын. Осы қаралы оқиғадан кейін Үкімет мұнайлы қаланың әлеуметтік дамуына ерекше ден қойылатынын, халықтың мұңы тыңдалатынын айтып, уәдені үйіп-төккені есімізде. Содан бері тура 10 жыл уақыт өтіпті. Он жыл тыныш жатқан Жаңаөзенде биыл жұмысшы халық қайта бас көтере бастады. Бәрінің талабы бір – жалақыны өсіру, әлеуметтік аз қамтылғандарға қолдауды күшейту.
Жаңаөзенде митингтер «Қаралы қаңтар» оқиғасынан кейін де жалғасып жатыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге Үкімет жанынан құрылған комиссияны қайта жіберу бастамасын көтерген болатын. Аталған комиссия қаңтар басында Ақтау қаласында болып, халық пен үкіметтің газ бағасы бойынша ымыраға келуіне себепкер болған еді. Жұмыс тобын ол кезде Маңғыстауға Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастап барған. Бұл жолы комиссия құрылса оны да Ералы Лұқпанұлы басқаруы ғажап емес, өйткені «кризис менеджер» атанып кеткен шендінің бұған дейін де «жанып тұрған оттың» ортасына талай түскені есте. Оның үстіне, Тоғжановқа Жаңаөзен жат емес. Ол Маңғыстау облысын 2017-2019 жылдар аралығында басқарып, дәл осы мұнайлы қала халқының әлеуетін көтеру үшін тер төкті.
Ақтау, 2022 ж.
Үкімет Жаңаөзендегі жұмысшылар талабын толықтай орындай ма, ол жағын уақыт көрсете жатар. Ал, Жаңаөзен оқиғасы болған 2011 жылдан бүгінгі күнге дейін қалада қандай өзгерістер болды, билік халыққа берген уәдесін орындады ма, сол жағына тоқталсақ…
***
Соңғы 10 жылда Жаңаөзенге 373,4 млрд теңге инвестиция құйылған.
Жалақы көлемі
Ресми статистика бойынша, Жаңаөзенде жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 2021 жылдың ІІІ тоқсанында 15,6%-ға өсіп, 505 мың теңгені құрады. Қаладағы нақты жалақының өсімі 5,5% болды. Бұл республика бойынша орташа жалақы өсімінен айтарлықтай жоғары.
Ең көп жалақыны қалада мұнай және тау-кен өндірісі жұмыскерлері алады екен. Айлығы орта есеппен – 825,8 мың теңге, бұл былтырғы көрсеткіштен 17,4%-ға артық.
Инфрақұрылым
Қаланың барлық бөлігіне тән басты проблема – су тапшылығы. Су көбіне бірнеше сағатқа ғана беріледі. Жұрт көктем және жаз кездерінде бақша суара алмайтынын айтып жиі шағымданады. Проблеманы шешу үшін Мемлекет басшысы «Астрахан-Маңғыстау» магистралды су құбырын жаңғыртуға және Кендірліде су тұщыту зауытын салуға тапсырма берді. Облыс әкімдігі осы зауыттың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Құны 87 млрд теңге тұратын зауыт тәулігіне 50 мың текше метр су тұщытпақ. Кәсіпорын іске қосылғанда Жаңаөзен қаласы тұрғындарын таза ауыз сумен қамтып, қаланың тіршілік нәріне деген сұранысын толық өтеуге тиіс.
Қалада жол проблемасы да толық шешілмеген.
Сондай-ақ, мектеп пен балабақша құрылысына қатысты әкімдіктің редакциямызға берген мәліметінше, 2012 жылдан бері 19 жекеменшік балабақша, 5 мектеп (11,13 Дарын, 5 гимназия, 22, 23 мектептер) ашылды. 10 жыл ішінде мектеп бітірген 11 350 түлектің 220-сы алтын белгі, 430-ы үздік аттестат, 2 070-і білім грантына ие болған.
Қала экономикасы
Қала даму жолына түскелі мұндағы тұрғындардың саны артып келеді. 2021 жылғы қарашада Жаңаөзен халқының саны 158,8 мыңға жеткен. Яғни, 2011 жылдың қарашасынан бері 30,5%-ға көбейді. Маңызды бір жайт, Жаңаөзен қаласы дотацияға көп тәуелді емес. 2021 жылғы бюджеті 13 млрд 688,4 млн теңгені құрады. Соның 10 млрд 457,7 млн теңгесін – салықтық түсімдер түрінде, 139 млн теңгені – салықтық емес түсімдер түрінде өзі тапты. Бұдан бөлек, негізгі капиталды сатудан 300 млн теңгедей түсім түсірген. Нәтижесінде, республикалық бюджеттен 2 млрд теңгедей ғана трансферт алды.
***
Жалпы, халықтың әлеуетін арттыру мақсатында тек үкімет бекіткен бағдарламалар емес, қайырымдылық шаралары, меценаттық жұмыстар да атқарылған. Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға, мүгедек жандарға осы уақыт аралығында айтарлықтай көмек көрестілді. Бұған дейін Жаңаөзен әкімі болған Әділбек Дауылбаевтың айтуынша, қиын кезде көмекке бай-бағландардан бөлек өңірдегі ірі компаниялар да келген.
«2011 жылғы оқиғадан кейін Жаңаөзенде бәрі керемет болып кетті деп айтуға болмайды. Проблемалар әлі де бар. Мәселен, мен 2017 жылы қалаға әкім болып тағайындалғанда да облыс аумағында жұмысшылардың митингтері болып жатты. Қаңтарда «Техно трейдинг» мұнай-сервис Облысқа Ералы Тоғжанов жаңадан әкім болып тағайындалған. Дереу жергілікті ақсақалдармен кеңесіп, проблема шешілгенше жұмысшыларды тарқатты.
Жалпы, осы уақыт аралығында көптеген тұрғынға жекелей көмек көрсетілді. Көпбалалы аналарға кезектен тыс демеушілер есебінен пәтерлер берілді. Оның бәрін санамалап отыра алмаймын. Бірақ, 2-3 оқиға әліге дейін есімде. Жаңаөзенде Газель көлігінің пойызға соқтығысқан оқиғасын көпшілік біледі. Сол қайғылы жағдайдан кейін Жанарыс деген жігіт төсек тартып жатып қалды. Оның үйі темір жолдың тура жанында еді, ұйықтап жатқанда пойыздың дауысын естісе шошып оянатын халге түскен. Ералы Лұқпанұлы облыс әкімі еді, осы оқиғаны естігеннен кейін ол демеушілерді ұйымдастырып, Жанарысқа №4 шағынауданнан пәтер сыйлады. Сондай-ақ, Бауыржан Сейітов есімді мүгедек жігітке, Бейнеу ауданында тоққа соғылып, екі қолынан бірдей айырылған Балғынбек Бақтиярдың отбасына пәтер кілтін өз қолымен табыстаған еді», - дейді экс-әкім Ә.Дауылбаев.
***
Қазір Жаңаөзенде мұнайшылардың митингі әлі жалғасып жатыр. Билік олармен келіссөздер жүргізіп жатқан тұста кейбіреулер «қаланың болашағы жоқ, ертең мұнай қоры таусылып, жұрт жұмыссыз қалады» деген сәуегейлігін айтып жатыр. Бірақ, Үкіметтің бұған айтар өз жауабы бар.
Мәселен, Ұлттық экономика министрінің мәліметінше, бұл қалада алдағы бес жылда ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жаңаөзенде заманауи газ өңдеу зауытын салу жоспарлануда. «Жаңаөзен-Ақтау» газ құбырының магистральдық газ құбыры және «Бейнеу-Жаңаөзен» магистральдық газ құбырының екінші тармағы салынады.
Ал, Энергетика министрлігінің дерегінше, Маңғыстау облысында жалпы сомасы 266,6 млрд теңгеге газ инфрақұрылымының 7 жобасын іске асыру жоспарланған. Оның ең ірісі Жаңаөзенде болады. Нақтылай кетсек, «Бейнеу-Жаңаөзен» учаскесінің 1-тармағын күрделі жөндеу, «Бейнеу-Жаңаөзен» учаскесінің 2-тармағын салу, «Жаңаөзен-Ақтау» магистральдық газ құбырын күрделі жөндеу жобалары қолға алынуда. Осының арқасында қала толықтай дерлік көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі.
***
Жалпы, соңғы 10 жылда Жаңаөзенде халықтың әлеуетін көтеруге бағытталған жұмыстар аз атқарылған жоқ. Қазір биліктің алдында жаңа міндет тұр. Маңғыстаудағы қордаланған проблемаларды шешу үшін Үкімет 2021-2025 жылдарға арналған аймақты дамыту жобасын мақұлдаған болатын. Оның іске Оның іске асырылуына 2,1 трлн теңге жұмсалады.