$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.02.2022, 12:30
Қоғам

Алматы тұрғыны 7 жылдан бері зейнеткерлерге тегін тамақ таратады

Расима Темірбаева құрған әлеуметтік жоба «Мейірімді түскі ас» деп аталады

Алматы тұрғыны 7 жылдан бері зейнеткерлерге тегін тамақ таратады

Алматылық Расима Темірбаева жеті жылдан бері зейнетке шыққан қарт кісілерге тегін түскі ас таратады. Бұл туралы блогер Александр Цой өзінің инстаграм парақшасында жариялаған болатын.

Аталған жоба аясында бүгінге дейін зейнеткерлерге 220 мыңға жуық түскі ас таратылған. Жылы тамақ ең төменгі зейнетақы алатын қарт адамдарға беріледі. Олар Алматыдағы Зейін Шашкин 16, Жандосов-Айманов көшелеріне келіп, қажетін ала алады.

Azattyq Rýhy тілшісі Расиманың өзіне хабарласып, жобаның негізгі мақсаты, қаржылану жүйесі мен зейнеткерлерге қойылатын талаптар жайында сұрап білді.

Расима аталған жобаны өзінің нағашы әжесіне арнағанын айтты. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген қағиданы берік ұстанатын отандасымыз бойынан күші кеткен қарт адамдарға қамқорлық жасауды бұрыннан армандаған.

«Бұл жобаны нағашы әжеме арнадым. Ол жастайынан жетім қалып, аштықты көріп өскен кісі. Сол үшін бізге тоқшылықтың қадірін әбден түсіндіріп, тамақты төгіп-шашпай барынша ұқыпты болуға үйретті. Адамдарға да ерекше мейірімділікпен қарау керектігін сол кісіден үйрендім. Нағашы әжем өңеш қатерлі ісігіне шалдығып қайтыс болды. Сол кезден бастап мен ешқандай қария ашықпайтын болады деп өзіме уәде берген едім. Кішкентайымнан қолымнан келгенше қарт кісілерге көмектестім. Бірге дүкенге барып, заттарын көтеріссем де әрдайым қолғабыс жасап жүретінмін. Көпбалалы аналармен көбірек достасып, үнемі үйіме қонаққа шақырып отыратынмын. Бұл әжем қайтыс болғаннан кейін қалып қойған жара болса керек, үлкен кісілерді көрсем жаным ашып тұрады. Кейін, білім алып, жұмыс істедім. Сол кезде де тегін асхана ашуды армандайтынмын», - дейді Расима Темірбаева.

Ол өзінің бала кездегі арманын орындауға 2015 жылы мүмкіндік туып, көптен күткен жобаны қолға алғанын айтты. Жобаның басты мақсаты – зейнеткерлерді тамақтандыру ғана емес, ол жерге жиналған қариялар бір-бірімен танысып, әңгіме-дүкен құрып, көңілін сергітеді.

«20 жылға жуық уақытта көп нәрсені үйрендім. 2015 жылдың сәуірінде мені жобаларды басқару бойынша тегін тренингке шақырды. Сол жерде алғаш рет өз арманымды көпшілікке айтып, жобаның жоспарын жасауға кірісіп кеттік. Күзде маған ұсыныс түсіп, жоспар дайын болғандықтан бірден «Мейірімді түскі ас» деп аталатын әлеуметтік жобаның жұмысын бастаған болатынбыз.  Негізгі мақсат – әлеуметтену. Тек тамақтандыру ғана емес, сонымен қатар жас ұрпаққа мұқтаж адамдардың көңілін демеу арқылы да көмектесуге болатындығын көрсеткіміз келді», - дейді ол.

Расима құрған әлеуметтік жобада барлығы 14 адам жұмыс істейді. Қарияларға ас әзірлейтін және басқа да жұмыстармен айналысатын қызметкерлерге белгілі мөлшерде айлық жалақы төленеді.

«Қызметкерлердің еңбек ақысын халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы төлейміз. Ал, жалға алатын орын мен азық түліктің ақшасы еріктілердің тарапынан өтеледі. Біздегі ас мәзірі екі аптаға бекітіледі. Кәдімгі үйдің тағамдарын әзірлейміз. Зейнеткерлердің көбінің диабет және басқа да асқазан-шек аурулары болуына байланысты арнайы диеталық үстелдеріміз бар.

Бізге көбіне қарапайым адамдар көмектеседі. Анау айтқандай үлкен көлемде ақша салатын кәсіпкерлеріміз жоқ. Дегенмен, ай сайын тұрақты түрде азық-түлікпен немесе ақшалай көмек беретін адамдар жетерлік. Өз көмегін көрсетіп, жобаға атсалысып жатқан жандардың барлығына алғысым шексіз», - дейді ол.

Еріктілердің арқасында жоба жалғасып келеді...

Аталған жоба құрылған жеті жылдың ішінде түрлі марапат алған. Расима жобаның осы күнге дейін жұмыс істеп келе жатқаны қайырымды жандардың арқасында екенін айтты.

«Жыл сайын бізге түрлі марапаттар табысталады. Бұл бізді бұдан да жақсы жұмыс істеуге шабыттандырады. Өткен жылы ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен және Алматы қаласы Іскерлік кеңесінің қайырымдылықты дамыту номинациясымен марапатталдық. БАҚ өкілдері де жобаның аясын кеңейту мен қаражат жинау жағынан көмектесіп, үлесін қосып келеді.

Көмекке мұқтаж жандар өте көп. Өкінішке қарай, барлығын бірдей қамтуға шамамыз келмейді. Еліміздің барлық аумағы бойынша жобаны кеңейту, дамыту жоспарда бар. Біз көмек беретін зейнеткерлер қатарына ең төменгі зейнетақы алатын жандар кіреді. Олар бұрынғы дәрігер, мұғалім, ғылыми қызметкерлер және т.б адамдар. Келген зейнеткерлерге аса үлкен талап қойылмайды. Олардың құжаттарын бір қарап шығамын. Құжаты болмаса да, ұқыпты, артық зиянды әдеттерден аулақ болуы керек.

Бүгінде Президентіміз бюджеттегілердің жалақысын арттыру мәселесін көтерді, бұл жақсы зейнетақы алуға мүмкіндік береді.

Бізге көмектесетін еріктілер көп, соның арқасында біз жобаны 7 жыл бойы жүргізіп келеміз. Егер жақсы адамдардың қолдауы болмаса, онда жобаның ғұмыры бұндай ұзақ болмас еді», - деді ерікті Расима Темірбаева.

Серіктес жаңалықтары