Болат Бақауов өзі туралы тарап кеткен алып-қашпа әңгімеден кейін желіде жазба қалдырды
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өзі туралы тарап кеткен алып-қашпа әңгімеден кейін Инстаграм желісіндегі парақшасында жазба қалдырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Болат Бақауов өз жазбасында Индустриялық-инновациялық даму, сондай-ақ кәсіпкерлік және сауда басқармаларының алқа мәжілісі өткенін айта келіп, былтыр инвестициялық жобалардың бәрін жүзеге асыру мүмкін болмағанын жеткізеді.
«Инвесторлар бюджет қаражаты есебінен қажетті инфрақұрылымдар салынғаннан кейін өз міндеттемелерін орындамаған жағдайлар кездесті. Сонымен қатар, өңірде қомақты инвестиция салынғанымен, жұмысы тоқтап тұрған кәсіпорындар бар. Мәселен, Екібастұздың теміржол кластеріндегі үш кәсіпорыны тапсырыс ала алмай келеді», – делінген Павлодар облысы әкімінің жазбасында.
Әкім сонымен қатар, шағын және орта бизнестің, ірі компаниялардың өкілдерімен болған кездесуде өзге де мәселелердің талқыланып, пысықталғанын айтады.
«Әрбір проблемада мемлекеттік органдар тарапынан кеткен кемшіліктер де бар деп ойлаймын. Біз бұл бағыттағы жұмысты жақсартатын боламыз. Осы аптада Павлодар облысының басқа да басқармаларының қатысуымен алқа мәжілісі түріндегі кездесулерді жалғастыратын боламыз», – дейді ол.
Айта кетсек, 15 қаңтар күні кешке таман бірқатар сайттар мен әлеуметтік желілерде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың ұсталып, тергеу алынғаны туралы аудиожазбалар мен хабарламалар тарап кеткен еді.
Ал кейінірек облыстық әкімдік өкілдері ол ақпараттың ресми түрде расталмағанын, ресми дерек анықталғанша қандай да бір тұжырым жасауға ерте екенін айтқан болатын.