Алматыда хайуандарды бизнес көзіне айналдырған Ресей азаматының әрекетіне еріктілер наразылық білдірді
Еріктілер хайуандар қамалған жердің талапқа сай еместігін мәлімдеді
![Алматыда хайуандарды бизнес көзіне айналдырған Ресей азаматының әрекетіне еріктілер наразылық білдірді](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2020/01/15/5e1efb9e06c10351366557.jpg)
Экзотикалық аңдардың аянышты халіне араша түскен бір топ алматылық биліктен зообақты жабылуын талап етті, деп хабарлайды Azattyq rýhy тілшісі.
Ал арыстан, жолбарыс сынды ондаған хайуанды шетелден әкелген ресейлік кәсіпкер құжаттамалық рұқсатты Қазақстан билігі берген деп міз бақпай отыр. Ашуға булыққан еріктілер бүгін жекеменшік мекеменің ішіне баса көктеп кіріп, хайуандар қамалған жердің талапқа сай еместігін мәлімдеді.
«Олар 3-4 айдан кейін өседі, ірі аңға айналады. Сол кезде жануарларды бұл жерде ұстауға болмайды. Сонда не істейді? Өлтіре ме? Әлде байларға сата ма? Дамыған мемлекеттердің бәрінде жануарлардың құқығын қорғау заңы бар. Тек бізде – Қазақстанда ғана жоқ», - деді ашуға булыққан еріктілердің бірі Сабина Айдарбекова.
Зообақта 28 жыртқыш бар. Кіру билетінің құны – 2000 теңге. Орталықты ресейлік Димитрий Царук есімді кәсіпкер ашқан.
«Бенгал жолбарысы 4 айлық. Бұйрықты түсінеді. Мінезді, кез келген адамға бірден ұстатпайды. Қазір оны тәрбиелеп жатырмыз», - деді өзін Ерген Абай деп таныстырған зообақ қызметкері.
Мұнда арыстан, жолбарыстың үш айлық күшіктері мен тиін, маймылдың бірнеше түрі, тіптен ірі қараны жұтып жіберетін алып питон да бар.
Наразы топ «Зимаба» атты арыстанның үш айлық күшігін көргенде айғайға басты. Енесінен ерте айрылған арыстан адамдардан әбден жалыққан, әрі жасанды тамақтан әлсіреп қалған. Зообақ қызметкерлерінің айтуынша, арыстанның күшігіне күніне 800 грамм шикі ет пен 2 литр жасанды сүт беріледі екен.
«Жабайы аңдарды адам көп келетін сауда ойын-сауық орталығының үшінші қабатына орналастырған. Таза ауа жоқ, табиғи мүмкіндік жасалмаған. Аңдар кафельдің үстіне жатады. Таңғы сағат оннан бастап түннің бір уағына дейін адамдар осында келіп, олардың мазасын алады. Еркін демала алмайды. Мүлдем тыныштық жоқ. Кәсіпкер сырттан келіп, осында бизнес ашып отыр», - деді наразы топтағы еріктілердің бірі Евгения Мамаева.
Ал, ресейлік кәсіпкер Димитрий Царук жұмысының заңды әрі жергілікті биліктен рұқсат алғанын айтып отыр.
«Аңдардың бәрін Ресейден әкелдік. Ал, қажеті құжаттарды осындағы құзырлы мекемелер берген. Осында барлығы 14 адам жұмыс істейді. Өзімнен басқа ресейлік тағы үш адам бар. Бұл жер аңдардың балабақшасы секілді. Бір жылдан соң аңдарды кері қайтарып, балапан, күшіктерін әкелеміз. Аңдар сатылмайды», - деді зообақ қожайыны Димитрий Царук.
Кәсіпкердің жауабына қанағаттанбаған наразы топ құзырлы органдар мен жергілікті биліктен хайуанаттар бағын жабуды талап ететіндіктерін айтып тарқасты.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы