«Бұл – тарихтың бетіне түкіру»: Алматыдағы әйгілі НКВД түрмесі көпжұлдызды қонақ үйге айналды

Автор: Azattyq Rýhy

Тарих жанашырлары Президентке хат дайындап жатыр 

Фотоколлаж

Алматы қаласының орталығында тұрған бұрынғы НКВД ғимараты сән-салтанаты келіскен қонақ үйге айналды. Тарихшылардың дерегінде мыңдаған адамның қаны төгілген ішкі түрме осы ғимараттың жертөлесінде орналасқан. Ал, оның әрбір кабинеті репрессия құрбандарынан сұрақ-жауап алынып, азапталған орын болатын. Енді ол меймандар тынығатын қонақ үй бөлмелеріне айналды.

КСРО ішкі істер халық комиссариатының Алматыдағы бөлімшесі орналасқан ғимарат өткен ғасырдың 30-шы жылдары салынған. Ол жерде Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров сияқты жүздеген Алаш арысы қамауда отырған. Кейін осы жерде атылып, қала сыртындағы «Жаңалық» ауылының аумағы мен «Қанды сай» аталатын жерлерге белгі қойылмай көмілген.

2003 жылы Н.Назарбаев қол қойған құжат негізінде бұл жерден тарихи-мемориалдық кешен ашылған болатын. Алайда 2005 жылы Алматы қаласын Иманғали Тасмағамбетов басқарып тұрғанда, ғимарат жеке адамдарға сатылған. Бұл туралы Қазақстан Саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы бірнеше рет БАҚ беттерінде ашық айтты. Тарих жанашыры ғимараттың бірнеше бөлмесінде қуғын-сүргін құрбандарының жеке заттары сақталған мұражайды сақтап қалуға тырысқан. Алайда, оның бәрі пайда ойлаған кәсіпкерлердің көлеңкесінде қалды.

Қазір тарихи ғимарат «Kaz Zhol Park» деген атпен қонақ үйге айналған. Бұрыннан «сұр ғимарат» деген атпен танымал орталықтағы мекеменің қасбеті толықтай жаңарған. Бірақ мейманхана ресми түрде әлі ашылған жоқ.  

Алматыдағы НКВД-ның кеңсесі болған, бір кварталды түгел алып жатқан алып ғимаратты сақтап қалу туралы 2018 жылы 3 қазанда наразылық шарасы өткен болатын. Ол кезде бір топ зиялы қауым өкілдері, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары және қала тұрғындары Қазақстан Президенті әкімшілігіне, Парламент, Үкімет пен Алматы қаласы әкімдігіне үндеу хат жазды. Алайда, қанды жер, қаралы тарихты қорғап қалу мүмкін болмады, дейді қауымдастық басшысы.

«14 жыл күрестік, қазір жаңа президент келді. Мен сол кісіге хат дайындап жатырмын. Ғимаратты коммерциялық мақсатқа пайдаланбасын деп шырылдап, бармаған жеріміз қалмады. Алайда, жақсы жерде орналасқан ғимаратты алу үшін үлкен күштер бізден де мықты болып шықты. Менің ақпаратым бойынша, ол жерді Александр Машкеевичтің адамдары алып, қонақ үй салған. Ал бұрынғы мемориалдық кешен толықтай қиратылды. 2003 жылы ресми түрде ашылып, алдында тұрған ескеркішті де алып тастады. Ал, мен ол жер бұзылғанша, үстіме шаң-тозаң қонып, заттарым бүлінген кезде ғана тастап шықтым. Бірақ күресті тоқтатпаймыз. Әділдік орнайды, ол ғимаратта ешқандай бизнес жүрмейді», - дейді Жұмабек Ашуұлы. 

«Kaz Zhol» деген атпен танымал қонақ үйлер желісі еліміздің бірнеше аймағында бар. Нұр-Сұлтан қаласында төрт жұлдызды мейманхана, ал Алматыдағы Гоголь көшесінде де осындай атаумен ашылған қонақ үй көп жылдан бері жұмыс істейді. Наурызбай батыр көшесіндегі жаңа қонақ жайдың да атауы жоғарыдағы қонақ үйлер желісіне қатты ұқсас. Ашық дереккөздерде бұл кәсіптің кімге тиеселі екендігі кездеспейді. Алайда, тарихи ғимаратты мұражай кешенге айналдыру бастамасын қолдаған қауымдастық өкілдері елдегі олигархтардың бірінің меншігіне өткенін айтып отыр.

«Бұл тарихтың шымылдығын ғана түріп, ары қарай тереңдеп айта алмауымыз біздің әлсіздігіміз. Елдегі саяси жүйе Міржақып Дулатовтың қызы, Сәкен Сейфуллиннің ұрпақтары, Ахмет Байтұрсынұлы ұрпақтары тірі кезде бұл мәселеге көңіл бөліп, тіпті сол жерден мемориалдық кешен ашуға рұқсат беріп еді. Қазір олардың көзі жоқ, тиісінше, мұралардың қайда қалғанын білмейміз. Себебі сол жерде ашылған музейге біреу орамалын, чемоданын, өзге де заттарын өткізіп еді. Ғимаратты қайта жөндеу кезінде талқандағанда, ешкімге айтпай жоқ қылған. Қалалық музейге өткіздік дейді, бірақ ол жерге не өткізгені туралы құжаттарды таппай отырмыз. Бұл – тарихтың бетіне түкіру. Тарихты мазақ қылу. Адам атылғаны, НКВД үйі екенін бәрі біліп отыр. Басқа айтарым жоқ», - дейді алаштанушы Ғарифолла Әнес.

НКВД ғимараты ел Астанасы Қызылордадан Алматыға көшірілгенде өз жұмысын бастаған. Кейбір деректерде қуғынға ұшыраған 7,5 мың адамның үстінен шыққан үкім осы жерде орындалған. Қаланың орталығындағы аумағы ат шаптырым жерде ішкі істер халық комиссариатының жендеттері азаптау операцияларын жүргізді.

Жалғасы бар... Алдағы күндері біздің редакция бұрынғы НКВД ғимаратын қонақ үйге айналдырған кәсіп иелерінің пікірін білуге тырысады. 

Ришат Асқарбекұлы, Алматы