$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.02.2022, 10:48
Қоғам

Алматы ауруханасында 4 айдан бері іздеу-сұраусыз жатқан сәбидің әжесі табылды

Мамандар оны балалар үйіне өткізуі мүмкін

Алматы ауруханасында 4 айдан бері іздеу-сұраусыз жатқан сәбидің әжесі табылды

Алматы ауруханасында 4 айдай ата-анасын күтіп жатқан 2 жасар сәбидің әжесі табылды деп хабарлады «Алматы» телеарнасы Жамбыл облыстық Ішкі істер департаментіне сілтеме жасап.

Бұған дейін баланың туыстарына іздеу салған дәрігерлер сәбидің ара-тұра аурухана терезесінен телміріп, туыстарын тағатсыздана күтетінін айтқан еді. Полицияның мәліметінше, бүлдіршін былтыр күзде табылып, тәртіп сақшылары оны қалалық №2 балалар аурухасына апарып табыстаған.

№2 қалалық ауруханада ата-анасын асыға күтіп жатқан екі жасар Тәңірберген осы уақытқа дейін дәрігерлердің қамқорлығында болды. Мекеме мамандарының айтуынша, бүлдіршіннің дені сау, тек ата-анасы хабарсыз кеткесін осында күтуге мәжбүр. Қыркүйектен қаңтарға дейін қараусыз қалған бөбектің жақын күндері ата-анасы табылмаса, балалар үйіне табыстаймыз дейді заңгерлер.

Ал елдің есін екеу, түсін төртеу қылған жағдай — бүлдіршінді бұл уақытқа дейін неге ешкім іздемеді деген сауал. Оның үстіне, дүниені танымай жатып, дүниетанымын дәрігерлер ашқан бейкүнә бөбектің 4 ай бойы ауруханада қалай күнелткені көптің көкейіне маза бермей жатыр.

Бұған дейін медицина мекемесіне баланың әкесі некен-саяқ келіп, жағдайын айтып кететін дейді мамандар. Соңғы келгенінде қошақанымды қойныма алып жатамын деп кете барыпты. Содан ізім-ғайып жоқ болған.

«2021 жылдың 22 қыркүйегінде Әуезов аудандық полиция қызметкерлерімен №2 балалар ауруханасына кәмелеттік жасқа толмаған кішкентай бүлдіршін келіп түсті. Осы уақыт арасында баланың әкесі Тілепбаев Мейірбек келіп баласын балалар үйіне өткізбеуін өтініп, құжаттарын сатып әкелемін деп уәде берген. Әкесінің сөзінше, баланың анасы бөбекті тастап кеткен», - деді №2 қалалық балалар ауруханасының заңгері Рүстем Балтабаев.

Ал қалалық Полиция департаменті бұл іске қатысты жауапты адамдарды тағайындап, баланы өз қамқорлығымызға алып, тиісті орындарға табыстаймыз дейді.

«Біз ертең баланың жеке басын растайтын құжаттарды рәсімдейміз. Осы уақытқа дейін бұл баланың бірде-бір құжаты болмаған. Ата-анасы туу туралы куәлік жасамаған. Сонымен қатар, баланы басқа қолайлы жерге көшіру туралы шешім қабылдап жатырмыз. Тиісті талапқа сай «Әділ» деген қор осы жауапкершілікті өзіне алып отыр», - деді Полиция департаменті басшысының тергеу жұмыстары бойынша орынбасары Рустам Әбдірахманов.

Ал, осы материалды әзірлеу кезінде телеарна редакциясына Жамбыл облыстық Полиция департаментінен хабарласып, Тәңірбергеннің әжесі табылғанын айтқан.

Серіктес жаңалықтары