$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.01.2022, 16:59
Қоғам

«Бизнес субъектілерінің жабылып қалуына еліміздің Бас санитар дәрігері жауапты»: кәсіпкерлер Президенттен көмек сұрады

Қасым-Жомарт Тоқаев ШОБ үшін шектеулерді жеңілдетуге шақырды

«Бизнес субъектілерінің жабылып қалуына еліміздің Бас санитар дәрігері жауапты»: кәсіпкерлер Президенттен көмек сұрады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Еліміздегі кәсіпкерлік қауымдастықтардың бірқатар өкілі Мемлекет басшысынан көмек сұрады. Олардың айутынша, жаңа карантиндік шектеулер онсыз да дағдарыс кезінде әрең жұмыс істеп тұрған бизнес субъектілерін құрдымға кетіреді.

Кәсіпкерлер ел Президентінен көмек сұрау үшін арнайы баспасөз конференциясын да ұйымдастырды. Жиын барысында Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев ШОБ-тың бүгінгі жағдайы мүшкіл екенін айтып, олардың мемлекет тарапынан ешқандай қолдауға ие еместігін жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сонымен қатар, ол кейбір бизнес субъектілерінің жабылып қалуына еліміздің Бас санитар дәрігері жауапты екенін атап өтті.

«Біз кәсіпкерлер 2 жыл бойына карантин шектеулерімен өмір сүріп келеміз. Шектеулер туралы қаулыны еліміздің Бас санитар дәрігері бекітетіндіктен бизнестің тоқтап тұрғанына сол адам жауапты. Сонымен қатар жабылып қалған бизнес иелері мемлекеттен ешқандай қолдауға ие болған жоқ. Бар болғаны ең  төменгі бір жалақы ретінде берілген 42 500 теңге төленді. Оның өзі тек 2020 жылы ғана берілді. Нәтижесінде жабылып қалған бизнес субъектілерінің иелері табыссыз қалды. Олардың көбі кредит алуға мәжбүр болды. Оны да қайтара алмай отырғандары бар, өйткені тұрақты табыс жоқ. Бұдан бөлек, олардың шоттарының барлығын бұғаттап, дүние-мүліктеріне тыйым салынды. Олардың митингке шықпасқа амалдары болмады. Нәтижесін өздеріңіз де көрдіңіздер. Екі жыл бойына шектеулердің салдарынан жапа шеккен бизнес иелеріне мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетілмегеннің нәтижесі осыған әкеп соқты. Бизнестің жабылуына еліміздің бас санитарлық дәрігері жауапты», - деді Максим Барышев.

Кәсіпкерлер Президент атына үндеу жолдады

Ал ҚР қоғамдық тамақтану қауымдастығы Мемлекет басшысының атына үндеу жолдады. Оның мақсаты жалпы еліміздегі және жекелеген өңірлердегі ШОБ саласының жұмысы мәселесіне назар аудару болып саналады.

«Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылдың көктемінен бастап енгізілген карантиннен басқа жаңа ешнәрсе ұсынбады. Пандемияға қарсы барлық шектеу шараларының тиімділігі төмен болып шықты. Егер шектеу шараларына өзгерістер енгізбесе, мемлекет 2 жылдық пандемиядан және қаңтардағы бүліктен кейінгі экономикалық шығынды қалпына келтіру үшін ШОБ-тан түсетін қажетті салықтарды жинай алмайды, жұмыссыздық та өседі. Бір ғана қоғамдық тамақтандыру саласында халықтың 23%-ы жұмыс істейді, олар халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады, олар бір күндік жалақы алады және барлығының басында несиелері бар. Осылайша, локдаунның ерекше ережелерін енгізу, оның ішінде ШОБ кәсіпорындары үшін жұмыс режимін қатаңдату жұмыссыздықтың өсуіне, халықтың кедейленуіне алып келеді, ал ең бастысы – билік пен мемлекетке деген сенімге нұқсан келтіреді», - делінген үндеуде.

Кәсіпкерлер карантиндік шектеулердің бизнеске нұқсан келтірмеуі үшін өз ұсыныстарын білдірді.

«Біріншіден, Санитарлық дәрігерлердің бизнес пен халықтың коронавирус жағдайында өмір сүру режимі туралы қаулыларды қабылдау кезінде басты негізге алынатын критерийлерді қайта қарауды; екіншіден, Санитарлық дәрігерлердің қаулылары мен нормалары ұсынымдық сипатта болуды және ШОБ субъектілері мен ірі бизнестің қызметін шектемеуді; үшіншіден, халықаралық тәжірибені, оның ішінде ШОБ жұмысын тоқтатпаған жақын көрші елдердің тәжірибесін алуды ұсынамыз», - делінген үндеуде.

«Шектеу шараларының мақсаты – вируспен күресу емес, біреудің қалтасын толтыру...»

Жуырда елордалық кәсіпкер Гүлбану Майғарина өзінің Instagram парақшасында жанайқайын жеткізді. Оның айтуынша, бюджет қаражатын вируспен күреске емес, халықтың иммунитетін көтеру үшін жұмсау керек. Ал COVID-19-бен күресудің екі жылға жуық уақыты сыбайлас жемқорлықтың кең етек жаюынан басқа нәтиже бермеді. Өйткені кәсіпкерлер бизнестерін тоқтатпау үшін жасырын түрде жұмыс істеулеріне тура келген.

«Мекемелерде алкоголь сатуға тыйым салынғанымен, әріптестерім оны жасырын түрде сатып-ақ жатты. Демек мұның артында біреудің бар екені анық және оған бұл тиімді. Кез келген шектеу шаралары вируспен күресу емес. Бұл біреудің қалтасын толтырудың жаңа мүмкіндігі», - деп жазды ол.

Сонымен қатар, кәсіпкер елорданың Бас санитар дәрігері бекіткен қаулыны орындаудан бас тартатынын ашып жазды. Олай болмаған жағдайда Гүлбану Майғарина тағы да шығынға бататынын мәлімдеді.

«Мен ешқандай қаулыны орындамаймын. Менің есіктерім ашық болады. Мен барлық санитарлық нормаларды сақтаймын, бірақ жұмыс істеймін. Үкіметтегі данышпандар алдымен менің қарыздарымды жауып, маған осындай шектеулермен қалай өмір сүру керектігін айтып, нақты алгоритмдер беріңіздер. Сол кезде мен барлық талаптарды орындайтын боламын. Сіздер халық үшін емес, статистика үшін жұмыс істейсіздер», - делінген кәсіпкердің жазбасында.

Кәсіпкерлердің Президентке жолдаған үндеуінде тағы бір мәселе қозғалған. Нақтырақ айтқанда бизнесмендер үкіметке карантиндік шектеулерді қатаңдата бермей, корнавирусты «қалыпты сырқат» ретінде қабылдауды ұсынды.

Шетелдіктерде вакцинация паспортын сатып алу деген түсінік жоқ

Алайда Каспий уиверситетінің профессоры, эпидемиолог Рафаиль Қыпшақбаев карантиндік шектеу шараларының қатаңдатылуына себеп бар екендігін алға тартты. Оның айтуынша денсаулық сақтау жүйесі қоғамдағы кейбір  топтар үшін алаңдаушылық танытып отыр. Яғни артық салмақ, қант диабеті, кейбір созылмалы аурулары бар адамдар үшін бұл вирус әлі де қауіпті.

Ал шектеулерді жеңілдету мәселесін келгенде маман «шетелдіктерді мысалға келтіріп қана қоймай, олардан үлгі алу керек» дегенді айтты.

«Мәселен Скандинавия елдерінің ішінде Швецияда әуел бастан қатаңдатылған карантиндік шектеулер болған жоқ. Ал Сингапур қателеспесем, осы жаздан бастап коронавирусты қарапайым тұмау ретінде қабылдай бастады. Тиісінше барлық шектеулерді алып тастады. Енді осы айдан бастан Ұлбыритания елі де барлық шектеулерді алып тастамақ. Мұның артында не тұр? Ең біріншіден әрбір азаматтық жеке әлеуметтік жауапкершілігі бар. Мәселен Швецияда шектеулер алынып тасталған күннің өзінде коронавирус неліктен қатты өршіген жоқ? Өйткені билік азаматтарға «аурудың қандай да бір белгілерін сезінген кезде үйде қалыңыздар» дегенді айтты. Ал ауырған адамдар билікті тыңдап, барлық сақтық шараларын дұрыс ұстанып, өз-өздерін оқшаулады. Ешқандай мәжбүрлеу болған жоқ. Тәртіпті өмір сүру олардың қанында бар десек те болады.  Екінші мәселе – вакцинация. Ол жақта вакцинация паспортын сатып алу немесе дәрігерден анықтама жаздырып алу деген түсінік жоқ. Сингапур карантиндік шектеулерді алып тастар алдында халықтың 80 пайызы вакцина салдырып үлгерді. Үшіншіден – күнделікті сақтық шараларын дұрыс ұстану. Олар осының бәрін орындап жүр», - дейді Рафаиль Қыпшақбаев.

Эпидемиологтың айтуынша қазақстандықтар вирусты жұқтырып алудан емес, айыппұл төлеуден қорыққандықтан ғана сақтық шараларын ұстанады. Оның өзі іле-шала орындалып жатыр. Соның салдарынан инфекцияны жұқтырғандар саны азаяр емес.

«Бізде барлығы басқаша. Біздің азаматтар сауда-ойын орталығына кірген кезде тек күзеттің көзінше ғана маска тағып, одан өткеннен кейін шешіп тастайды. Егер де адамдардың жауапкершілігі басым болып, барлық шақтық шараларын дұрыс ұстанса, шектеулерді алып тастауға болады. Бірақ біздің менталитетіміз карантин шектеулерін алып тастауға әзірге дайын емес. Бұл басты кедергі. Дегенмен ақырындап соған келеміз деген ойдамын. Өйткені бұлай жалғаса берсе эконмиканың да құлдырап кету қаупі бар. Бұл ретте екі жаққа да тиімді қандай да бір ортақ шешім керек», - дейді ол.

Рафаиль Қыпшақбаевтың болжамынша 1-1,5 жылдан кейін коронавирус қарапайым тұмау сынды деңгейдегі эволюцияға жетеді.

«Бірақ әрине ауру әркімде әртүрлі өтуі мүмкін. Барлығында жүз пайыз жеңіл өтпейтіні анық. Бұл қалыпты практикаға айналуы мүмкін. Бұған да үйрене беру керек. Коронавирус жоқ болып кетпейтіні сөзсіз. Қазірдің өзінде коронавирус дәл 2020 жылғыдай қаіуіп төндірмейді. Себебі қазір бізде онымен күресудің нақты тәжірибесі бар», - деді маман.

Сондай-ақ, бүгін ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің кәсіпкерлерімен кездесу барысында шағын және орта бизнес үшін шектеулерді жеңілдетуге шақырды.

«Шамасы, COVID түрінде қазір омикрон жалпыға ортақ құбылысқа айналуда. Көптеген адам омикронмен ауыруға мәжбүр болады. Мұндай жағдайда шағын және орта бизнеске, әсіресе қызмет көрсету саласына қатысты қатаң карантиндік шаралар қаншалықты ұтымды? Неліктен біз бұл жағдайда ШОБ-ты тұншықтырып, экономикада тең емес жағдай жасауымыз керек?!» − деді Президент.

Серіктес жаңалықтары