$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.01.2022, 10:57
Қоғам

210 сарбазды тірідей өртемек болды: Талғар ауданының тұрғындары ауданды бүлікшілерден қалай қорғаған?

Тұрғындар Алматыдан қашқан мародерлерді де ұстаған

210 сарбазды тірідей өртемек болды: Талғар ауданының тұрғындары ауданды бүлікшілерден қалай қорғаған?

Алматы облысы Талғар ауданының тұрғындары елімізде бүлік басталғаннан бастап құқық қорғау қызметкерлерімен бірге блок-бекеттерді бірге күзетіп, ауданға кірген әрбір көлікті өздері тексеріп отырған. Әкімдіктің мәліметінше, Алматы қаласында бүлікке қатысушылар тоналған заттарымен Талғар ауданы арқылы өтпек болған. Жіті бақылаудың арқасында құқық қорғау саласының қызметкерлері мен аудан тұрғындары есірткі саудагерлері мен бөтен мүлікті тонауға барған 14 бүлікшіні ұстаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Елдегі ахуалды пайдаланып, бөтен мүлікті тонауға барған 14 бүлікші 6, 7, 8-і күндері тұтқындалды. Олардың бәрі де Алматыдан қашып шығып, Талғар ауданы арқылы өтпек болған.

«Халықтық жасақ пен полиция, әкімдік қызметкерлерінің бірлескен жұмысы нәтижесінде бүлікшілер ауданға жетпей, блок-бекеттерде қолға түсті. Бүлікшілер жеңіл көліктермен түн жамылып шыққан. Тұтқындау кезінде бүлікшілерден су жаңа ұялы телефондар, ақша, киім мен аяқ киімдер табылған. Одан бөлек, күдіктілердің жеке ұялы телефондарында дүкендерді тонаған сәтті түсіріп алған видеолары анықталды. Қазіргі кезде 14 бүлікші Алматы полиция департаментіне тапсырылды. Алдын ала мәлімет бойынша, олар Кеген мен Нарынқол тұрғындары», - деп мәлім етті ауданның баспасөз қызметі.

ШЕТЕЛДІК ЕСІРТКІ САТУШЫЛАРЫ ЖАҒДАЙДЫ ПАЙДАЛАНБАҚ БОЛҒАН

11 қаңтарға қараған күні таңғы бесте тұрғындардың тыныштығын қорғаған әкімдік қызметкерлері мен еріктілер тобы көшеде күдікті көлікті байқайды. Комменданттық сағатты бұзған екі әйел мен екі ер адам масайған күйде болған. Мұны көріп түнгі күзетшілер дереу полиция қызметкерлерін шақыртады.

«Көлікті тінту кезінде әйелдер қасындағы серіктерінің есірткі сатушылары екенін, төтенше жағдайды пайдаланып, ауылға әдейі есірткі дайындап, сату үшін қашып келгендерін жайып салды. Анықталғандай, екі ер адам Тұздыбастау ауылындағы жеке үйлердің бірін жалдап, онда синтетикалық есірткі дайындаған. Тінту кезінде бірнеше пакет «МЕФ» деп аталатын есірткі табылды. Күдікті екі ер адам да шетелдік боп шықты. Бірі – Тәжікстан, екіншісі – Өзбекстан азаматы. Ал екі әйел – алматылық. Төрт күдікті де қамауға алынып, тергеу басталды», - деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз қызметі.

ОКРУГ ӘКІМІ ТЕРРОРИСТЕРМЕН ҮШ САҒАТ КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗГЕН

Шамамен 45 мың адам тұратын Панфилов селолық округінің ер азаматтары да отбасыларын қорғауға тұрып, таңға дейін кірпік ілмеген. Қоғам белсендісі, запастағы майор Руслан Станбеков Tengrinews.kz сайтының тілшісіне округ тұрғындары бүлікшілерден ауылдарын қалай қорғағанын айтып берді. Русланның сөзінше, төртінші қаңтар күні округ тұрғындары Алматыда болып жатқан жағдайдан хабардар болған соң, көшелерде нөмірсіз жүрген көліктер мен өздері танымайтын адамдарды байқайды. Не де болса тәртіпті өз қолына алу керектігін түсінген соң, бірден ауыл тұрғындары өз арасында мобильді топ құрып, күзетке шыққан.

«Әр ауылға округ тұрғындарынан тұратын мобильді топ құрылды. Алғашқы оқиға бесінші қаңтар күні жергілікті тұрғындар «бетонка» деп атап кеткен Алматы-Қорғас тас жолында орын алды. Белгісіз адамдардың әскерилерді өткізбей жатқанын есітген соң, бірден оқиға орнына аттандық. Онда жат ағым өкілдері де, түрмеден шыққандай түрлері суық, күмән тудыратын адамдар да болды. Олар Жаркенттен келе жатқан алты бірдей көліктегі 210 қаруланған десанттық шабуыл бригадасының колонналарын тоқтатып, көліктерінің әйнектерін ұрғылап, өртемек болған. Көздеген мақсаттары – әскерилердің көзін жойып, қарулары мен оқ-дәрілерін алу. Осы кезде оқиға орнына округ әкімі, запастағы полковник және діни тақырып бойынша арнайы дайындықтан өткен Серік Шалов келді. Бақытымызға орай, наразылық білдірушілер арасында Райымбек ауданы және біздің ауылдық округтің жігіттері бар екен. Олар әкімді танитын болғандықтан өз іштерінде екіге бөліне бастады. Осы кез адам өлімі болмас үшін әкім әскерилердің командирін өз көлігіне отырғызып, оның радиостанциясы арқылы наразы топқа ашық оқ атуға болмайтынын хабарлады. Ондағы ашулы топ солдаттарды тірідей өртемекші болған. Үш сағаттық келіссөз нәтижесінде колонна біздің әскеріміз орналасқан аумаққа аман-есен жетті», - деді ол.

30 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ, БРЕНД АЯҚ КИІМДЕР МЕН ТЕЛЕФОНДАР

«Ауыл ішінде көптеген ақша ұрлаған бүлікшілерді ұстап, жалпы құны 30 миллион теңгені полиция қызметкерлеріне тапсырдық. Ұсталғандардың арасында жергілікті тұрғындар да, түрмеде отырып шыққан қылмыскерлер де бар. Қызылтуда Шелектің тұрғыны ұсталды. Біз оны тексеру барысында әйелдердің брендтік аяқ киімдерін таптық. Саудагерлердің сөзінше, олардың құны кемі – 150 мың теңгені құрайды. Ал, ол жалпы 750 мың теңгенің аяқ киімдерін әкетіп бара жатты. Ол бәрін алдауға тырысып, аяқ киімдерді батпақты жерден тауып алдым деді. Басқа көліктен зауыттық қаптамадағы 16 дана жаңа ұялы телефондарды таптық, олардың жалпы құны – 1,5 миллион теңге. Одан бөлек, ол жігіттің көлігінің артында шамамен 20-25 миллион теңгедей болды. Ұсталған жігіттің есі кіресілі-шығасылы күйде болды, соған қарамастан ол полициядан қашуға әрекет етті», - деді кейіпкер.

«БІР ЕЛДІҢ БАЛАСЫНДАЙ ЖҰМЫЛА БІЛДІК»

Алғашқы кездері тұрғындар тексеріс жүргізу барысында біраз қиындықтарға тап болған. Кейіннен әрбір көліктегі адамнан күдіктеніп «мен құқық қорғау қызметкерімін» дегендердің өзін тексерістен өткізіп отырған.

«Бізде де атыс болды. Сегізінші қаңтарға екі-үш блок-бекетте ғана полиция қызметкерлері болды. Аудандағы блок-бекеттің саны 15-тен астам болды, қазір 20-дан астам бекет қойылды. Біз әрбір блок-бекетке тұрып, бейтаныс көліктерді жіті тексердік. Кейбір құқық қорғау саласының қызметкерлері куәліктерін алып шығып, мінез көрсетуге де тырысты. Тұрғындардың қырағылының арқасында округте бірде-бір коммерциялық ұйым зардап шекпеді. Кәсіпкерлер күзеттегі жігіттерге жылыну пунктерін дайындап, ыстық тамақ тасыды.

«Біздің ауданда 28-ден астам ұлт өкілі тұрады. Олардың қатарында түріктер, күрдтер, қазақтар, ұйғырлар, тәжіктер, гректер, армяндар және басқалары бар. Осы күндері біз бәріміз бір елдің баласындай жұмыла білдік. Бұлай ұйымдасуымызға интернеттің болмауы да жақсы әсер етті. Гаджеттерден шығып, бір-бірімізбен сөйлесе бастадық, осының нәтижесінде біраз отбасылар дос болып араласып кетті», - деп аяқтады ол әңгімесін.

Серіктес жаңалықтары