Коронавирусқа қарсы вакцинаға сенім деңгейі неге төмен?
Қазақстан мен көршілес бірқатар елдердің азаматтары арасында жүргізілген зерттеу нәтижелері әлі де болса ауқымды шаралардың жүзеге асыру қажеттігі бар екенін көрсетті

Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтының жүргізген зерттеуіне сәйкес, Орталық және Батыс Азияд елдері коронавирусқа қарсы вакцинацияға деген қоғамның сенімін арттыру үшін тиянақты жоспарланған науқан жүргізуі керек. Аталған ұйым - өңірлік ынтымақтастық арқылы экономикалық өрлеу мен дамытуға бағытталған 11 елдің әріптестігі.
ОАӨЭЫ институты жүргізген зерттеу көрсеткендей, Орталық және Батыс Азияда тұрғындарының әлі де болса COVID-19 вакциналарының қауіпсіздігіне деген сенімі төмен. Институттың жазуынша, коронавирусқа қарсы екпеге сенбеудің басты себебі – екпеден кейін туындауы мүмкін жанама әсерлердің болуы. Соған қатысты, аталмыш институт азаматтардың екпеге деген сенімін арттырудың бес жолы бар дейді.
2020 жылдың басында коронавирус пайда болғаннан бері ғалымдар мен фармацевтикалық компаниялар COVID-19-ға қарсы қауіпсіз және тиімді вакциналарды зерттеу және дамыту бойынша рекордтық қарқында жұмыс жасады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 пандемия деп жариялағаннан бері 14 ай өтті және сол аралықта бүкіл әлемде 1,6 миллиардтан астам доза вакцина қолданылды. Бұл кеселді жеңіп, қалыпты өмірге қайта оралуға үміт сыйлаған ғылымның жетістігі екені сөзсіз.
Алайда, тиімді вакцина жасау - үлкен жұмыстың жарты бөлігі ғана, өйткені азаматтарды оны қабылдау қажеттілігіне сендіру керек. Орталық және Батыс Азияның кейбір елдерінде шоғырланған халықтың басым бөлігі COVID-19 вакциналарының қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық білдірген. Грузия, Қазақстан, Қырғыстан, Моңғолия, Пәкістан, Тәжікстан және Өзбекстанда жүргізілген сауалнамаға сәйкес, ересектердің төрттен бір бөлігі жауапты органдардың тексеруінен және мақұлдауынан өткен барлық вакциналарды қауіпсіз деп санайтыны белгілі болған.
Алайд,а зерттеуге сәйкес, сауалнамаға қатысушылардың 32%-ы вакцина тегін болса да, және оларды мемлекет қауіпсіз деп куәландырса да, олардың әлі де жанама әсер тудыру «қаупі» бар деп алаңдаушылық білдірген. Тиісінше, бұл адамдарды зерттеушілер «скептиктер» немесе «вакцина салдырмайтындар» категориясына жатқызған. Вакциналарға сенімсіздік ішінара «инфодемиядан» да туындайды: яғни қоғамдық пікірге әсер ететін жалған ақпарат пен деректердің таралуы үлкен фактор деп танылған. Пандемия кезінде адамдар интернетте көбірек уақыт өткізгендіктен, олар ғылыми түрде дәлелденбеген мәлімдемелер мен конспирологиялық теориялардың таралуының салдарынан жалған ақпараттың жетегінде кетіп, дезинфорация «құрбандары» атанған. Әлеуметтік желілерде тараған фейк ақпарат адамдардың вакцинаға деген көзқарасына орасан әсер етті дейді мамандар.
Сауалнама барысында 7000 адам қамтылған және зерттеу жаппай вакциналау науқаны басталғанға дейін 2020 жылдың желтоқсанында және 2021 жылдың қаңтарын арасында жүргізілген. Сауалнама іріктемесінің әрқашан халықты қамту тұрғысынан шектеулері болса да, бұл сауалнама жынысы, жасы, ұлты және тұрғылықты жері бойынша барлық топтарды қамтығанын, яғни репрезентативті зерттеу болғанын да атап өту керек. Алынған мәліметтер жоғарыда аталған елдердегі тиімді вакциналауға кедергі келтіруі мүмкін факторлар жайлы сыр шертеді.
Орталық және Батыс Азиядағы пандемияны тоқтату үшін мемлекеттер мен басқа да мүдделі тараптар COVID-19 вакциналарына деген қоғамдық сенімді арттыру үшін ұжымдасқан жұмыстың қажеттігін айтады. ОАӨЭЫ институтының мәліметінше, мұны жүзеге асырудың бес жолы бар:
1. Коронавирусқа қарсы вакцинаны насихаттау жұмыстарына медицина мамандарын тарту
Жеті елдегі респонденттердің 72%-ы COVID-19 алдын алу шаралары мен медицина мамандарының ұсыныстарына сенім білдірген. Сұралғандардың бестен бір бөлігі медицина қызметкерлерін вакциналау туралы негізгі ақпарат көзі деп атады.
Институттың жазуынша, бұл жоғары деңгейдегі ақпараттық жұмысты да талап ететін ауқымды жұмыс. Мысалы, медицина қызметкерлерінің имиджін арттыратын, олардың қатысуымен болатын коммуникациялық жұмысты күшейту.
2. Нақты әлеуметтік топтар үшін атаулы іс-шараларды жүргізу
Адамдардың ауылдық немесе қалалық жерлерде тұруына байланысты демография да, сонымен қатар білім деңгейі адамдардың вакцина қабылдауына әсер етеді. Саясаткерлер жоспарлар әзірлеу барысында осыны ескеруі қажет. Мысалы, ауыл тұрғындары арасында ақпараттық жұмысты күшейту керек, себебі олардың ақпарттану деңгейі әдетте төмен болады.
Зерттеудің тағы бір анықтаған қызық тұсы – әйел адамдардың өз отбасыларындағы вакцинация туралы көзқарасқа әсер ете алатындығы. Сондықтан әйелдердің екпеге деген көзқарасы оң болғаны абзал дейді. Сонымен қатар зерттеу көрсеткендей, адамдардың екпе алудағы басты мақсаттарының бірі - отбасын қорғау. Сондықтан жауапты органдар үгіт-насихат жұмыстарын күшейту қажет.
3. Коронавирус «қауіпті емес» деген қате пікірмен күрес
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, екпенің жанама әсер туғызу ықтималдығы екпені салдырмаудың басты себебі екені анықталған. Осыны ескеретін болсақ, вакцина салдырған адамдардың дәстүрлі коммуникация арналары мен әлеуметтік медиа арқылы өз тәжірибелері мен әсерлерімен бөлісуі өте маңызды.
Коронавирустан айыққан адамдардың аурудың соншалықты «қатаң» емес немесе мүлде «өтірік екен» деген қате пікірмен күресте маңыздылығы арта түсуі керек. Сонымен қатар, дертпен ауырып шыққан жастардың «коронавируспен тек егде адамдар ауырады» деген пікірмен күресте пайдалану керек дейді мамандар.
4. Эпидемиологиялық мәдениетті ескеру
Мемлекеттер эпидемиологиялық мәдениетке де назар аударуы керек. Бұған санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтаудың жалпы деңгейі, дезинфекция, вирустық инфекцияның өршуі кезінде маска тағу және адамдар көп жиналатын жерлерден алшақ жүру сияқты шаралар кіреді.
Мысалы, маска тағу мәдениеті дамыған Жапония мен Оңтүстік Корея сияқты елдер мен зерттеуге қатысқан жеті ел арасында үлкен айырмашылық бар. Жеті ел азаматтары арасында маска тағу кең тарамаған.
5. Түрлі ақпараттық арналарды пайдалану және медиасауаттылықты арттыру
Вакцинациялау науқаны әр елде кеңінен қолданылатын ақпарат көздерін қолдана отырып жүргізілуі керек. Бұған дүңгіршектер, медициналық мекемелер, сауда орталықтары мен базарларда ақпарат тарату кіреді. Бұл жұмыста мемлекеттік органдармен қатар заматтық қоғам ұйымдары да қатысуы керек. Тіпті, діншіл топтардың арасында да вакцинаның маңыздылығы жайлы айту діни ұйымдар қызметкерлерінің жұмысына айналу керек.
Жалған ақпараттың әсеріне қарсы тұру үшін құзырлы органдар медиасауаттылықты арттыруға ден қойып, азаматтарды фактчекинг, сенімді ақпарат көздерін анықтау және әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдарынан алынған ақпаратты сүзгіден өткізу қабілетіне және дағдыларына баулу керек.