«Бұл – мен жататын жер»: Алматыда түрмеден шыққан кәсіпкер бұрынғы әйелінің мәйітін қаздыру үшін немересімен соттасып жатыр
Оның айтуынша, біраз жылдар бұрын ол дәл сол жерді «брондап» қойған екен
Алматылық ер адам туған немересімен соттасып жатыр. Даудың өзегі – «Кеңсай» зиратындағы орын болып отыр. Қызығы, ол жерге биыл арыз берушінің бұрынғы әйелі жерленіпті. Қасында осыдан он үш жыл бұрын қайтыс болған ұлы, үстінен арыз жазған немересінің әкесі жатқан көрінеді. Енді сотқа арыз берген азамат зираттағы дәл сол орынның бұрын өзіне арнап сақталғанын алға тартып, бұрынғы әйелінің мәйітін эксгумациялауды сұрап отыр, деп жазады Azattyq Rýhy.
Арыз беруші марқұм әйелімен ұлдары бір жасқа толғанда ажырасып кеткен. Бұрынғы отбасының өміріне етене араласпаған. Әйел баласын жалғыз өзі тәрбиелеп өсіріпті. Кейін баласы қайтыс болғаннан кейін немересін де бағып-қаққан.
Жақындарының айтуынша, отбасындағы жалғыз ұл сонау 2013 жылы ұшақ апатынан қайтыс болады. Оның жерлеу рәсімдерімен анасы және немере ағасы, жақындары айналысқан. Ал әкесі ол кезде тергеуде жүргеннен кейін, қамауда болған. Оны ұлын соңғы сапарға шығарып салу үшін бір сағатқа ғана бостатқан екен. Баласымен қоштасуға кісендеулі күйде келіпті.
«Ал марқұмның анасына келсек, ол бүкіл өмірін ұлы мен немересіне арнаған адам. Жолдасымен баласы бір жасқа толғанда ажырасып, барлық қиындықты жалғыз көтерді. Ұлын өзі тәрбиелеп өсірді. Кейін ұлы табысты азамат болып қалыптасты. Өкінішке қарай, ол ұшақ апатында қаза тапты», - дейді адвокат Сәуле Қобжанова.
Ұлынан айырылғаннан кейін марқұмның анасы қатты сырқаттанып қалады. Кейін өмірден өткен соң ұлының жанына барлық мұсылмандық жөн-жоралғыға сай жерленген.
«Ол ерекше жан еді. Ешқашан жеке басының пайдасын ойлаған емес. Бар өмірін ұлына, кейін немересіне арнады. Ұлы қайтыс болғаннан кейін де оның естелігімен өмір сүрді. Сондықтан жақындары ұлының жанына жерленуге бәрінен де лайық адам осы кісі болды деп есептейді», – деді жауапкерлердің адвокаты Сауле Кобжанова.
Адвокаттың айтуынша, дәл осы кезде бұрынғы күйеуі қайта пайда болып, «Кеңсай» зиратының қызметкерлеріне хабарласа бастаған. Ол ұлының жанындағы орынды кезінде өзіне арнап «брондап» қойғанын алға тартқан. Алайда зират қызметкерлері бұл жер телімінің ешқашан оның атына рәсімделмегенін түсіндіруге тырысқан. Сондай-ақ оған ұлының қасынан өзге жер ұсынылған. Бірақ арыз беруші бұған келіспеген. Оның сөзінше, ол бұрынғы әйелінің жанына жерленгісі келмейді екен. Сол себепті марқұмның мәйітін эксгумациялап, басқа жерге ауыстыруын және болашақта ұлының жанына өзін жерлеуді талап етіп отыр.
Осыны алға тартып арыз беруші Алматы қаласының әкімшілік сотына жүгініп, зират әкімшілігінің әрекетіне шағымданған. Алайда сот оның талабын қанағаттандырмаған. Кейін ол азаматтық талап арызбен Астана қаласындағы сотқа жүгінген. Іс жауапкер болып отырған немересінің тұрғылықты жері бойынша қаралып жатыр.
Қазір 23 жастағы немересі іс бойынша жауапкерлердің бірі саналады. Ол әкесінен 10 жасында айырылған. Екінші жауапкер – марқұмның немере ағасы.
Тараптарды татуластыруға бағытталған міндетті рәсім нәтижесіз аяқталған. Немересі бітімге келуден үзілді-кесілді бас тартып отыр.
Жауапкерлер тарапының пікірінше, талапты дәлелдеу міндеті арыз берушінің өзіне жүктеледі. Алайда оның 13 жыл бұрын аталған жерді өзіне алдын ала алып қойғанын дәлелдеуі қиын болуы мүмкін. Өйткені сол кезеңде ол қамауда болған.
Бұдан бөлек, қорғаушылар діни ұстанымдарды да алға тартады. Теологтар мен дін қызметкерлерінің қорытындысына сәйкес, ислам дәстүрінде адам жерленген сәттен бастап қабір орны қол сұғылмайтын әрі қасиетті орын болып саналады.
Қазіргі уақытта сот ешқандай шешім қабылдамаған, себебі сот талқылауы енді ғана басталды.
«Шынын айтсам, мұндай талапқа қатысты пікірімді жеткізуге сөз табу қиын. Әрине, бұл іс бойынша бәріміздің эмоциямыз бар. Дегенмен сот барлық мән-жайды жан-жақты зерттеп, әділ шешім шығарады деген үміттеміз», - дейді адвокат Сәуле Қобжанова.