«Ата-анамнан айрылып қалдым»: қазақтың қос ақыны жол апатынан қаза тапты

Жұбайлар саналы ғұмырын мәдениетке арнаған

«Ата-анамнан айрылып қалдым»: қазақтың қос ақыны жол апатынан қаза тапты
Фото: @mar.ospanov

Белгілі айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі Салтанат Өтелбаева мен оның жұбайы Мырзабек Қасымов Қостанай облысында жол апатынан көз жұмды. Қаралы хабарды Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің директоры Мағұлан Оспанов жеткізді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Қос ақынның артында жалғыз ұлы қалды.

«Бүгін айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі, тарих ғылымдарының магистрі, Ыбырай Алтынсарин музейі басшысының орынбасары Салтанат Өтелбаева жол апатына түсіп, жұбайы Мырзабек Қасымов екеуі қаза тапты. Жалғыз ұлы Нұрсұлтан таңғы 9-да «аға, ата-анамнан айрылып қалдым» деп хабарласты. Салтанат Амантайқызы саналы ғұмырын мәдениет пен музей ісіне, тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға арнады. Өз ісінің білікті маманы ретінде жоғары кәсібилігімен, жауапкершілігімен және ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленді. Оның басшылығымен музейде көптеген маңызды жобалар, көрмелер мен ғылыми-зерттеу жұмыстары табысты жүзеге асырылды», - деп жазды ол.

Әріптестері мен мәдениет қауымы Салтанат Амантайқызын парасатты, ашық көңілді әрі өз ісіне адал азамат ретінде еске алады. Қайраткердің туған елге сіңірген еңбегі мен азаматтық ұстанымы кейінгі буын үшін үлгі болып қала бермек.