Тобыл өзенінен атасы мен алты жасар немересінің мәйіті табылды
Марқұмдар 14 маусым күні өзенге ағып кеткен еді
Құтқарушылар Тобыл өзенінен 1967 жылы туған ер адам мен 2020 жылы туған баланың мәйітін тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Құтқарушылар олардың денесін 14 маусымнан бері іздеген еді.
«14 маусым күні Қостанай ауданының Алтын Дала ауылы маңындағы Тобыл өзенінде шомылуға тыйым салынған жерде екі адамның суға кету фактісі тіркелді. Олардың бірі – 2020 жылы туған бала еді», - деп хабарлайды аймақтық төтенше жағдайлар департаменті.
Алдын ала мәлімет бойынша, отбасы өзен жағасында демалып отырған кезде бала су жиегінде ойнап жүріп, қатты ағыс аймағына түсіп кеткен. Оны көрген атасы немересін құтқаруға ұмтылған, алайда, өзеннің қатты ағысы оны да ағызып әкеткен.
«Бүгін, 16 маусым күні Қостанай облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары 2020 жылы туған баланың денесін оқиға орнынан шамамен 1,5 шақырым төмен жерден тауып, судан шығарды. Сондай-ақ, Жедел-құтқару жасағы мен еріктілер 1967 жылы туған ер адамның денесін бес шақырым жерден тауып, судан алып шыққан», - деп хабарлайды ТЖД.