$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.01.2020, 21:39
Қоғам

«Бақытты отбасы»: Нұр-Сұлтанда биыл 2 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтылады

Биыл әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар есебінен 8 мыңға жуық адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған

«Бақытты отбасы»: Нұр-Сұлтанда биыл 2 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтылады
Фото: ашық дереккөзден

2020 жылы елордалық 2 мыңға жуық отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясында тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұдан бөлек, мұқтаж отбасыларға тұрғын үйді сатып алудағы көмек жергілікті бюджет есебінен де жүзеге асырылады. Бағдарламаның әрбір қатысушысына 1 миллион теңге  мөлшерінде тұрғын үй сертификаттары бөлінеді.

Өткен жылы бағдарлама аясында елордалық 721 отбасы тұрғын үймен қамтылған. «Бақытты отбасы» бағдарламасының екінші кезеңін наурыз айына жүзеге асыру жоспарланып отыр. 

Тұрғын үйге үміткер азаматтар санатына көп балалы, толық емес отбасылар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелейтін отбасылар жатады.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының Тұрғын үй беру бойынша азаматтарды есепке алу бөлімінің басшысы Данияр Балтиннің айтуынша, қарыз 2%-бен беріледі,  яғни отбасы 10 миллион теңге қарыз алса,  ай сайынғы төлем 20 жылға шаққанда 50 мың теңгені құрайды. Ал артық төлем 2 миллионға тарта теңгені құрайтын болады.

Осы жылы бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 100 миллиард теңге қаражат бөлінгендігін атап өткен жөн.

Осы жылы әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар есебінен 8 мыңға жуық адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары