$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.01.2020, 16:23
Қоғам

Дулат, Албан, Керей: белсенділер ру аттарымен ішімдік шығаруға наразылық білдірді

Белсенділер сыра зауыттарын аралады 

«Qazaq» қазақтың «төл дәмі» ме?

Бүгін Алматыда ру аттарын және «Qazaq» деген сөзді ішімдіктердің сыртына жазып, өнім шығарған зауыттар қоғам белсенділерінің қарсылығына тап болды. «Тәуелсіз бақылаушылар ұйымы» деген атпен 2019 жылы қыркүйекте тіркеуден өткен бірлестік мүшелері Алматы облысы Іле ауданында орналасқан «№1 Сыра зауыты», Алматы қаласындағы «Caspian Beverage Holding» компаниясы және «Бахус» акционерлік қоғамының өндіріс орындарына жиналды.

«№1 Сыра зауыты» Кеңес замамында елдегі әлсіз алкогольдік спирт өнімдерімен танымал болған. Қала орталығынан жол салынуға байланысты бірнеше жыл бұрын  Первомай кентіне көшірілген. Өндірісті қайта жолға қойған кәсіпорын «Qazaq» деп аталатын әйнек және қалбыр құтыдағы сыра өнімдерін де саудаға шығарған. Белсенділердің айтуынша бұл тауарлық атаумен ішімдіктер 2019 жылы қыркүйек айында дүкендер мен базарлар сөресінде пайда болыпты. Бұған дейін бірнеше рет ауызша ескерту жасалғанымен, өнімдерді саудалау тоқтамаған.

«Бүгін сіздердің сыра қайнату зауытына жиналып отырған себебіміз, «Qazaq» деген атпен шығып жатқан сыра бірнеше мәселені қозғауға түрткі болды. Оның ішінде ұлттық намыс, қадір-қасиетті таптау белгілерін көпі отырмыз. Бүтіндей бір ұлттың атын аяқ асында жататын бөтелкеге жазып,  оның астына «төл дәмі» деп белгі қойған. Сыра қазақ үшін ешқашан «ұлттық дәм, төл дәм немесе сусын саналмаған.  Керісінше мұның адамзатқа залал әкелетін ішімдік екенін білген»,- дейді белсенділер.

«Жарнамашылар ойлап тапқан»

Өзін осы зауыттың директорымен деп таныстырған азамат зауыт «Qazaq» деген атпен шығарылып жатқан сыраны күзде тоқтатқан. Кәсіпорын басшысы Жеңіс Мұқашевтің айтуынша, өз қателерін дер кезінде түсініп, бұдан былай өндірмеуге бел буған. Бұл өнімдер негізінен сыртқы нарыққа бағытталған. Себебі зауыттың сыралары Ресей, Тәжікстан және Қырғызстан сияқты жақын шетелдерде сұранысқа ие.

«Бұл өнімді біз маркетингтік мақсатпен шығарған болатынбыз. Ол қазан айынан бері өндірістен алынды. Бұл атаумен шыққан сыралар бізде бір ай көлемінде жасалғаны рас.  Сосын біз оны тоқаттық. Біз ол туралы құжаттарды көрсетуге дайынбыз. Ал дүкендегілерді алып тастаймыз. Бұл біздің қателігіміз болды»,- дейді зауыттың өкілі.

Алайда тәуелсіз бақылаушылар ұйымының мүшесі Құдабай Қаржауовтың айтуынша, қарсылық шарасын ұйымдастырушылар бұл өнімдерді дүкен сөресінен бүгін сатып алған. Дүкендерде зауыттан шыққан жарнамалық парақшалар мен тоңазытқыштардың да алынбағанына көз жеткіздік. Осы өнімдерді дүкендерге жеткізетін экспедитор- мамандар саудалауға зауыттан ешқандай шектеу немесе нұсқау болмағанын айтыпты. Демек зауытта өндіріс өткен жылы қазан айынды тоқтағанымен, аталған ішімдіктер сауда орындарынан алынбаған. Ал оларды дүкен сөрелерінен кері қайтарып алу үшін бір ай мерзім керек көрінеді.

«Бұл өнімдер негізінен сыртқы нарыққа бағытталған еді. Орысша «Казахстанские», ал оның үстіңгі жағына «Qazaq» деп латын әріптерімен тергендегі мақсатымыз, қазақ ұлтының өкілдерінің намысына тиісу емес, солай жарнама жасаушылар мен аудармашылардың ойлап тапқаны болатын. Біз мұның қателік екенін дер кезінде  түсінбедікі»,- дейді Жеңіс Мұқашев.

24 ру сыра «сыртында» жүр

Қоғам белсенділері бүгін Алматы қаласында орналасқан «Caspian Beverage Holding» компаниясы және «Бахус» акционерлік қоғамының өндіріс орындарына  да келді.  Алғашқысы «Таңба» деген атпен қазақтың ру атауларын өнім қаптамаларына жазумен айналысқан. Зауыттың әр адам өз тегін білуі керек деген жарнамалық шешіміне  белсенділер қарсы шығып отыр. Сыртында 24 түрлі рудың аты жазылған сыра қазір Қазақстанның дүкендерінде саудаланып жатыр.

«Біз қоғамдық белсенділер және «Тәуелсіз бақылаушылар ұйымы» мүшелері, сіздердің зауыттың кейбір өнімдерінің  атауына өз қарсылығымызды білдіргіміз келеді.  Ол жерде ру атаулары және «Қазақ» деген сөз сыраның сыртына береленген. Бұл рулардың қазақ халқы мен тарихы үшін маңызы зор. Сондықтан біздің қарсылыққа түсіністікпен қарайды деп сенеміз. Жоғарыда айтылған кемшіліктерді ескере отырып, көрсетілген тауарлар мен өндірісті тоқтатуыңызды талап етеміз. Осы біздің хатқа тиісті мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз »,- делінген хатта.

Бірақ соңғы екі ішімдік өндіру зауытының өкілдері белсенді топ және БАҚ өкілдерімен сұқбаттасуға шыққан жоқ. Қоғам белсенділері өнімдерді бір ай ішінде өндірістен алып тасауды талап етіп, жазбаша ескерту жасаумен шектелді.  Бұл ұлттық идеологияның әлсіздігі. Аталған мәселеге мемлекеттік органдар тарапынан да сыни көзқарас болуы керек еді. Ол болмаған соң, біз қоғам белсенділері бас қосып, кәсіпорындарға тікелей баруға шешім қабылдадық, дейді бастамашы топ өкілдері.

Айта кетейік, биыл 5 қаңтарда Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Боралдай ауылы тұрғындарының дүкен сөрелеріндегі спирттік ішімдіктерді жинап алып, шұңқырға төгіп жатқан видеосы әлеуметтік желілер арқылы тарады. Үш мыңнан астам тұрғыны бар елді мекеннің тұрғындары осындай шараға өзге өңірлердің халықын да шақырған  болатын.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жыл сайын әлемде 3 млн адам алкогольдік өнімдерді тұтынғаннан  кейін пайда болатын аурудан көз жұмады. Әлемдегі арақты ішетін адамдардың әрбір жиырмасыншысы түрлі созылмалы аурулардан зардап шегеді. Олардың 75 пайызы ер адамдар. Ал БҰҰ есебінде Қазақстан спирттік өнімдер тұтынудан пайда болатын науқастардың өлімі жөнінен алғашқы он елдің қатарына кіреді. Алматыда 2019 жылы 6 мың адам арақтан уланып дәрігер көмегіне жүгінсе, оның 2 мыңы ауруханаға жатқызылған.

Серіктес жаңалықтары