$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Мейірім мекені»: Алматыда кәсіпкер көпбалалы және жағдайы төмен 50 отбасыға тегін пәтер салып берді

Олар аталған баспанада 5 жыл бойы тегін тұра алады

«Мейірім мекені»: Алматыда кәсіпкер көпбалалы және жағдайы төмен 50 отбасыға тегін пәтер салып берді

Алматыда «Мейірім мекені» үйі ашылды. Бұл – қаладағы көпбалалы аналар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету мақсатында іске асқан жоба. Соның нәтижесінде 50 отбасы 5 жыл бойына тегін пәтерде тұруға мүмкіндік алды. Ондағы коммуналдық шығын мен жалдамалы пәтер ақысын кәсіпкерлер өз мойынына алған. Осылайша, әлеуметтік санаттағы жанұяларға жағдайын тұрақтап, болашақта өз баспаналарына ақша жинауға мүмкіндік туып отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Төрт баланы жалғыз асырап отырған Мейрамгүл Палманованың да баспаналы болды. Бұған дейін пәтерден пәтерге көшіп, көрінгеннің босағасын жағалап жүрген көпбалалы ана жаңа үйге қоныстанды. Отағасы бірнеше жыл бұрын дүниеден өткен. Өзі жалдамалы жұмыс істейді. Алған айлығы шайлығынан аспайтын әйел үшін қайырымды жандар сыйлаған баспана ең үлкен қуаныш.

«Өте қуаныштымын. Осы жобаға шақырып, бізге үй берген Мәрияш деген кісіге шексіз ризамын. Қанша армандасақ та, бұл арманыма жетемін деп еңбектеніп, үй ала алмай жүргенбіз. Мұнда тегін тұрамыз. Сол аралықта біраз ақша жинап, өз үйімізді аламыз. Балаларым үшін қуаныштымын. Бәрінен бұрын 4 балам көңілденіп қалды. Енді олар сабағын жылы, жарық әрі жайлы жерде оқиды», – дейді көпбалалы ана.

Барлығы 50 отбасыға арналған екі қабатты үйдің құрылысы 3 жыл жүрген. Әлеуметтік жоба толықтай кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асқан. Олар тек үй салып берумен ғана шектелмей, алдағы уақытта азық-түлік пен киім-кешек тұрғысынан да көмектесетінін айтады.

«Әкем үйсіз-күйсіз жүрген жандарды бұрын үйімізге әкеліп бағатын, біреулерден сондай отбасылар екен десе, соларды үйге әкеліп, көмектесетін. Менің әкем – соғыс ардагері. Біз де мұқтаж жандарға көмек беруді жөн көрдік. Ол бізге бұрыннан қанымызға сіңген қасиет, ата-бабаларымыз әрдайым жұртқа қамқор болған», – деді осы жоба жүзеге асырған Мәриаш Серікбайқызы.

Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл үй толықтай тұрғындар меншігіне өткізілмейді. Алдағы 5 жылға келісімшартқа отырып, жоба әлеуметтік қолдау мақсатында жүзеге асады. Бастапқы кезде коммуналдық төлемдер, керек болса, азық-түліктеріне де көмек беріледі. Мұнда келетіндер алдын ала арнайы комиссияның сүзгісінен өтіп, жағдайы өте төмен отбасыларға ғана беріледі. Бүгін арнайы комиссия қарауынан өткен 6 отбасыға пәтер кілті табысталды. Екі бөлмеден тұратын, барлық жиһазымен жабдықталған және жуыну бөлмесі бар пәтерлерге жақын арада өзге тұрғындар да шетінен қоныстана бастайды, дейді кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі үшін қолға алынған жоба жетекшілері.

Серіктес жаңалықтары