Дубайға сұраныс 34%-ға артқан
Қазақстанда ұшақ билетін іздеуге арналған сервистің сарапшылары тәуелсіздік күніне арналған демалыстарда қазақстандықтар қай елдерге көп билет алғанын және барған елдерінде неше күн кідіретінін зерттеген.
Айта кетейік, биыл Тәуелсіздік күніне орай қазақстандықтар 16 желтоқсаннан бастап, 19 желтоқсанды қоса алғанда төрт күн демалады.
Мереке қарсаңында отандастарымыз тарапынан Біріккен Араб Әмірліктеріне апаратын ұшақ билеттеріне деген сұраныс 34% артқан. Ең қызығы, Дубайға жол тартқан қазақстандықтар орташа есеппен 4-5 күннен кейін елге оралатын ұшаққа билет алған. Сервистің мәліметіне сүйенсек, Қазақстаннан Біріккен Араб Әмірліктеріне ұшатын билеттің құны бір адам үшін және бір жағын есептегенде 97 мың теңге болған.
Жерлестеріміздің ең көп таңдаған екінші елі – Түркия. Дәлірек айтсақ, 16 желтоқсан күні Ыстамбұлға ұшатын билеттерге деген сұраныс әдеттегіден 17% өскен. Қазақстандықтар көбі түркі елінде шамамен бір апта демалуды жоспарлапты. Әуе билетінің орташа құны бір адам үшін 91 мың теңге болған.
Ал, мереке қарсаңында әуе билеттері көп сатылған үшінші ел – Ресей Федерациясы, соның ішінде Мәскеу, Санкт-Петербор және Новосібір қалалары. Ерекшелігі – Ресейге билет алған қазақстандықтардың көбі кері қайтатын билетті Жаңа жылдан кейінгі даталарға алған. Сервистің сарапшылары отандастарымыз осылайша Жаңа жылды Ресейде қарсы алады дегенді пайымдап отыр. Ресейге дейінгі әуе билетінің орташа бағасы – 87 мың теңге шамасында.