$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.12.2021, 05:47
Қоғам

Оралдағы 1,6 млрд теңге бөлінген университет жатақханасының құрылысы тоқтап тұр

Ал жатақхана жетіспеген студенттер қымбат бағаға пәтер жалдап күн көруде

Оралдағы 1,6 млрд теңге бөлінген университет жатақханасының құрылысы тоқтап тұр
Фото ашық дереккөзден

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің биыл тапсырылуға тиіс жатақханасының бітетін түрі көрінбейді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

 Бұл жоғары оқу орнының 500 орындық төртінші жатақханасы еді, оны қолданысқа беру студенттерді тұратын орынмен қамту мәселесін шешеді деп жоспарланған болатын.

Белгілі болғандай, құрылыс басталмай тұрып-ақ тапсырыс беруші мен сол маңдағы жер үйлердің иелерінің арсында дау басталған. Осыған дейін бірнеше рет сот процесі өтіп, нәтижесінде оқу орнының пайдасына шешім шығарылған. Себебі үй иелерінің қолдарында жатақхана салуға берілген жерлердегі қақпа, сарайларына арналған актісі болмай шыққан. Басқаша айтқанда, олар жер көлемдерін заңсыз ұлғайтып алған деуге болады. Алайда тұрғындар сот шешімімен келіспей, 100 млн теңгеден өтемақы талап етуде. 

Бірақ жатақхана бәрібір уақытылы тапсырылмайын деп тұр. Біріншіден, тараптар дауласып жатқандықтан оның құрылысы жаз мезгілінде емес, күзгі суық түскенде кеш басталған. Екіншіден, бұл жер құрылысқа қолайсыз, оның үстіне жерасты сымдары өтетін болғандықтан компанияның техникасын орналастыруы уақыт алған, сол сияқты, әлі күнге дейін қазандық орналастыратын жер анықталмапты.

"Жығылған үстіне жұдырық" деп екі ортада жатақханаға жауапты мекемелер арасында қаражат бөлінісіне қатысты дау туды. Сөйтіп, қазіргі күні құрылыс уақытша тоқтатылған. 

 "Қазіргі күні 9 қабаттық ғимараттың сегіз қабаты тұрғызылды. Әрі қарайғы жұмыстар мәселе бір жағына шыққанша тоқтап тұрады", – деп мәлімдеді мердігер "Beta Services" ЖШС басшысы Бекболат Шканов.

Даулы нысанға тендер 2020 жылы өткізіліп, құрылысқа 1,6 млрд теңге бөлінген, алайда қазіргі күні тапсырыс беруші мердігер компанияға 150 млн теңге қарыз.

Мойнына жауапкершілік алған мекемелер қаржы бөлісе алмай жатқанда үш жатақханадан орын тимей қалған, негізінен, жоғарғы курс студенттері қымбатқа пәтер жалдап, күн көруде. Ал бұл түрімен оның келесі оқу жылына да даяр болары екіталай.

 

Серіктес жаңалықтары