ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Елімізде суицидтің алдын алуға бағытталған жобалар көп, бірақ нәтиже жоқ

Қазақстанда тәулігіне орта есеппен 10 адам өзіне қол жұмсап өледі

Елімізде суицидтің алдын алуға бағытталған жобалар көп, бірақ нәтиже жоқ
Фото ашық дереккөзден

ДДСҰ келтірген деректерге сүйенсек, суицид көрсеткішінің 79 пайызы халқы кедей елдерде жасалады. Ал, Қазақстанның суицид статистикасы бойынша әлемде алғашқы он елдің қатарына кіретіні көпшілікке мәлім. Орта Азия елдері бойынша еліміз көш басында тұр.

Әлемде жыл сайын АИТВ, безгек және сүт безі қатерлі ісігінен гөрі суицидтен көз жұматындар саны көп. ДДСҰ соңғы рет жүргізген статистикасына сәйкес, 2019 жылы 700 000-нан аса адам өз өзіне қол салған. Тіпті, соғыс пен кісі қолынан қаза табатындар саны мұндай жоғары көрсеткішке ие емес.

Елімізде жасалған суицидтердің көрсеткішіне сүйенсек, соңғы бес жылдың ішінде статистиканың қатты өзгере қоймағанын аңғаруға болады. Мәселен, 2017 жылы – 3 644 адам, 2018 жылы – 3 542, 2019 жылы – 3 805, 2020 жылы – 3 526 адам өзі өзіне қол жұмсаса, биыл жыл басынан бері 10 айдың ішінде 3 353 азамат суицидтен көз жұмды. Өзіне қол салуды жөн көргендердің басым бөлігі 35 пен 40 жас аралығындағылар. Сондай-ақ, әскерилер арасында да көрсеткіш тұрақты болып тұр. Тек биыл ғана сарбаздардың өздерін өлтіру деректері азайған сыңайлы.

Суицид арқылы өз өмірімен қоштасқандардан бөлек, осындай қадамға бармақ болғандардың да статистикалық көрсеткіші жаға ұстады.

18 жасқа дейінгілер арасындағы суицид бойынша 2020 жылы 144 жағдай тіркелді. Бұл 2019 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 20 пайызға төмен. Бірақ биыл жыл аяқталмай жатып бұл көрсеткіш 150-ге бір-ақ жетті. Балалардың өзін өлтіруіне көбіне отбасындағы жанжал мен оқу орнындағы түсініспеушілік себеп болады. Жалпы бұл бағытта Білім және ғылым министрлігі суицидтің алдын алу үшін бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын мәлімдеді.

«ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 30 наурыздағы №156 қаулысымен 2020-2023 жылдарға арналған Бала құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жасау және жасөспірімдер арасында суицидтік мәселелерін шешу жөніндегі жол картасы қабылданды. Жасөспірімдер арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мәселелері психикалық денсаулықты қорғау міндеттерін ескере отырып, бейінді жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына енгізілген», - деп жауап берді БҒМ баспасөз қызметі.

Жол картасы аясында атқарылып жатқан кейбір жұмыстарға республикалық, жергілікті, бюджеттен тыс және Дүниежүзілік банк қаражатының шеңберіндегі қаражат жұмсалуда. Шығыстың нақты сомасы қаулыда көрсетілмеген. Бұдан бөлек, білім беру жүйесінде 7 мыңнан астам педагог-психолог және 4 мың әлеуметтік педагог жұмыс істейді екен.

«Республика өңірлерінде 1876 психологиялық қызмет жұмыс істейді, онда балалардың құқықтарын қорғау бойынша 11 мыңнан астам маман қызмет етеді. Психологиялық қызметтер онлайн вебинарлар, семинарлар, консультациялар, тренингтер өткізу, әдістемелік ұсынымдар мен жадынамалар әзірлеу арқылы қашықтықтан оқыту кезеңінде педагог-психологтарға әдістемелік көмек көрсету және психологиялық сүйемелдеу бойынша жұмыс жүргізеді. Өңірлердегі балалар мен олардың ата-аналарына арналған психологиялық қызметтер туралы ақпарат Комитеттің сайтында, сондай-ақ Комитеттің Facebook, Instagram ресми беттерінде, "BALA QORGAU" чатында жарияланды», - делінген аталған хабарламада.

Ауыз толтырып айтатын жобалар көп болғанымен, нәтижесі көңіл көншітпейді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сүицидпен күреспейді

Жалпы, ДДСҰ хабарлауынша, әлемде АИТВ, безгек және сүт безі қатерлі ісігінен гөрі суицидтен көз жұматындар саны басым болып тұр. Сондай-ақ, мұндай қадамға баратындардың көбі денсаулығы сау азаматтар. Елімізде өзіне қол жұмсаған ересектердің басым бөлігі жалғыздық пен әлеуметтік тұрғыда күрделі жағдайда өмір сүргендер (қарызы көп, банкротқа ұшыраған).

Ашық дерек көздерінде жарияланған ресми деректер бойынша бүгінде ДДСҰ құрамына кіретін 183 елдің ішінде мемлекеттік деңгейде қабылданған суицидтің алдын алу бағдарламасы тек 38 елде ғана бар екен. Мәселен, өлімнің бұл түрімен күрес жолында Швеция мемлекеті Ұлттық бағдарламасын әзірлеген. Онда «тұрмысы нашар топтың өмір сүру сапасын жақсарту; алкогольді жалпы және жоғары қауіпті топтарда азайту; суицид әдістерінің қол жетімділігін шектеу» шаралары басты талаптардың қатарында. Өкінішке қарай, біздің елде бұл мәселенің шешімі тек писхологиялық шаралармен шектеліп отыр. Өйткені белгілі болғандай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәселемен күресу жолымен айналыспайтын болып шықты. Бірақ ересектер арасындағы суицидтің алдын алу жұмыстарына Денсаулық сақтау министрлігі жауапты екен.

Әлеуметтік жағдай демекші, суицид бойынша орта Азия елдері арасында Қазақстан бірінші орында тұр. Осы ретте айта кететін жайт, Дүниежүзілік банк мен Халықаралық валюта қоры жасаған деректерге сүйенсек, 2020 жылы әлемдік экономикалық нарықта Қазақстанның ЖІӨ 501 млрд долларды құраса, Өзбекстанның ЖІӨ 256 млрд доллар, ал Қырғызстанның ЖІӨ бар болғаны 32,6 млрд долларға тең келді. Парадокс. Саясаттанушы Расул Жұмалы мұны елдегі әлеуметтік таптың теңісіздігінің салдарымен байланыстырады.

«Салыстырмалы түрде әлемде Қазақстаннан кедей мемлекеттер бар. Бірақ ондағы халықтың өз өзіне қол жұмсау көрсеткіші бізден әлдеқайда төмен. Демек, бұл проблема біздің қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікпен тікелей байланысты болып отыр. Бізде байлар және кедейлер бар. Бір қарағанда біздің мемлекет әжептеуір бай сияқты, бірақ сол байлықтың жалпыға бірдей болмаса да, мүмкіндігіне қарай теңестіру мәселесіне келгенде бізде «әттеген-ай» дейтін дүниелер өте көп. Бізде өте бай және өте кедей адамдар бар, ал орта таптағылардың саны шектеулі. Бұл ретте демократиялық мемлекеттер қанша жерден бай болса да, елінде орта тапты қалыптастыруға тырысады. Яғни кедейлер мен байлардың санын азайтып, елде орта таптағылардың санын көбейтуді көздейді. Олар байлардан көтерме салық өндіру сияқты шараларды жолға қойған», - дейді Расул Жұмалы.

«Бақыт рейтингісіндегі» құлдырау

Тағы бір себепті саясаттауныш қоғамдағы былықтармен байланыстырады. Айтуынша, жемқорлық, әділетсіздік, теңсіздік, жұмыссыздық мәселелері әлі де шешімін таппай келеді. Пандемия жағдайында бұл аталған фактілер тіптен ушыға түсті, экономиканың жағдайы мүшкілденді. Бұл орайда үкімет бірқатар тиімді шаралар қабылдап, тығырықтан шығудың түрлі жолдары қарастырды.  Бірақ, Расул Жұмалы мұны жеткіліксіз деп отыр. Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан берілетін материалдық көмектің мұқтаж жанға өте қиын жолмен жететіндігі де соңғы кездері адамды суицидке итермелейтін фактордың біріне айналып барады.

«Үшінші мәселе – қағазбастылық. Белгілі санаттағы адамдарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер заң жүзінде бар, оны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ сол көмектің қолжетімділігіне қатысты біраз сұрақтар туындайды. Өйткені оны алу үшін өте көп құжаттар талап етіледі. Сол бір 40-50 мың теңгені алу үшін былай айтқанда азаматтар біраз бейнет көреді. Кей шалғай ауылдың тұрғындары мұндай көмектен тіпті бейхабар болып жатады. Меніңше бұл мемлекеттің және мемлекеттің атынан сөйлеуші әлеуметтік қызметкерлердің үлкен олқылығы», - деді саясаттанушы.

Материалдық жағдайдан бөлек, саясаттанушы елде рухани құндылықтың да құлдырап кеткенін алға тартты.

«Кез келген елде конституция бойынша оның ең бірінші құндылығы – адам және оның өмірі. Іс жүзіне келгенде әлеуметтік құндылықтар бізде әлсіреп кетті. Қазір ажырасу фактілері, қарттар үйі көбейіп кетті. Салдарынан жетім-жесірлердің де саны артуда. Бұл рухани құлдыраудың көрсеткіші. Бұл да кей адамдарды суицидке итермелейтін фактордың бірі. Менің айтпағым, бұл мемлекет пен қоғамның ішіндегі індет. Әлемде бақыт рейтингісі деген түсінік бар. Онда адамның бостандығы мен құқықтары таразылананды. Мәселен, АҚШ бай мемлекет, бірақ түрмеде отырған адамдар саны жағынан әлем елдері тізімінің алдыңғы қатарында. Сондай-ақ, 160 млн халқы бар Бангладеш мелекетін алып қарасақ, ол дүниежүзіндегі кедей мемлекеттердің бірі. Бірақ бұл елдер бақыт рейтингісі бойынша алғашқы орындағы мемлекеттер. Яғни ол жақта әлеуметтік теңдік, азаматтардың арасындағы ынтымақ, барына қанағатшылдық сияқты мәселелердің қамтылуы жағынан жоғары көрсеткіштерге ие. Былай қарап отырсаңыз, парадокс. Яғни мемлекеттің бай болуы оның халқының бақытты өмір сүруінің автоматты көрсеткіші емес», - деді Расул Жұмалы.

Сондай-ақ, Расул Жұмалы өзекті мәселенің шешімін бір ғана бағдаламамен немесе қандай да бір заң қабылдау жолымен ғана шектеуге болмайтындығын айтады.

«Бұл кешенді жолмен шешілетін мәселе. Бұл жылдар бойы, тіпті он жыл бойына қордаланып қалған проблема. Күрделі проблеманы қарапайым жолмен шешу мүмкін емес. Ол ұзақ мерзімді шешімдерді қажет етеді. Айналып келгенде, алдымен қоғамдағы теңсіздік, экономикалық теңсіздік, жемқорлық, жұмыссыздық мәселелерін шешіп, рухани құндылықтарды арттыру бағыттарында жұмыстар атқару керек. Жастарға өмірдің құндылығын, мәнін көбірек түсіндіру қажет. Өйткені мұндай қадамға көбіне әлі буыны қатпаған жастар барып жатыр», - дейді ол.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#суицид