Солтүстікте картадан жойылған ауыл қайта түлеп келеді
Бақыт Құсайынов ауылдастарын жұмыспен қамту мақсатында сүт-тауарлы ферма ашты

Солтүстік Қазақстанда картадан жойылып кеткен елдімекен қайта түлей бастады. Айыртау ауданындағы Прекрасное ауылында 15 жыл бойы жалғыз адам тұрып келген еді. Бір ғана тұтынушыны коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету тиімсіз болғандықтын жергілікті әкімдік жапандағы жалғыз үйді электр желісінен де ажыратқан. Елін қайта көркейтуді мақсат еткен кәсіпкер туған ауылына қайта көшіп барып, жаңа үйлер салды. Соңғы үш жылда 29 баспана бой көтерсе, тағы 10-ының құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
БОЛАШАҚТА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР БОЙ КӨТЕРМЕК
Прекрасное ауылы облыс орталығынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан. Халық саны аз ауылдардың тағдыры оны да айналып өтпеді. Тұрақты жұмыс табылмағандықтан тұрғындары жан-жаққа көшіп кеткен. Оқушысы жоқ мекептің де есігіне қара құлып ілінді. Ал қазір үйлердің үйінділері ғана қалған елдімекенде тұрмыс қайта жандана бастады. Прекрасное ауылының тумасы Бақыт Құсайынов еліне қайта көшіп барып, оны көркейтуге бар күшін салып жүр.
«Медициналық пункт, тұрғындардың бос уақытын өткізуге арналған орталық, дүкен мен шаштараз салу жоспарда бар. Бәрінің жобасы дайын. Биыл қазандық салып, іске қостық. Әр үйге су құбырын тарттық. Қаладағыдай жағдайды жасадық. Осының барлығын туған жерімді көркейту үшін істеп жүрмін. Әр адам өз елі үшін қолдан келгенше титтей де болса жақсылық жасауы тиіс», - дейді Бақыт Құсайынов.
Бақыт Құсайынов ауылдастарын жұмыспен қамту мақсатында сүт-тауарлы ферма ашты. Жоба құны 1,6 млрд теңге. Заманауи техникамен жабдықталған өндіріс орнында 36 адам еңбек етеді.
«Өңірімізде сүт фермаларының құрылысын және қондырғыларды сатып алуды қаржыландыру бойынша пилоттық бағдарлама бар. Қазақстанда тек бізде ғана сүт жобаларын жүзеге асыруға ең қолайлы жағдай жасалған. Мемлекеттік қолдау тетіктерінің көмегімен ауыл шаруашылығында тағы бір жоба жүзеге асты. Айыртау ауданы, Прекрасное ауылында «Әдемі астық» серіктестігінің жаңа сүт фермасы іске қосылды. Диқандар бидай өсірумен қатар, мал шаруашылығымен де айналысуға міндетті. Өйткені, сүт өндірісі өте тиімді кәсіп. Тек осы ферма толық қуатқа шыққанда күн сайын 1,5-2 млн тг табыс таппақ. Сүтті өңдеу бойынша да біздің облыс республикада көш басында. Қазақстанда 1 млн тонна өңдеуге жіберілсе, оның 350 мың тоннасы Солтүстік Қазақстан облысының үлесіне тиесілі», - деді нысанның ашылу салтанатына қатысқан СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.
Биыл Қазақстанда 29 сүт кешенінің құрылысы жүріп жатыр, оның жартысы Солтүстік Қазақстан облысында.
«Асыл тұқымды сиырлар Украинадан әкелінді. Жалпы саны 500 бастан артық. Сүтті сиырлар. Бір сауғанда 35 литрге дейін алуға болады. Ферма 600 орынға шақталған. Біз сиырларды сауу, ұрықтандыру, жайлау, күту жөнінде ақыл-кеңес береміз. Украинадан арнайы келдік. Аталған компаниямен 2017 жылдан бері әріптестік жасап келеміз», - дейді шетелдік мал дәрігері Анатолий Святный.
Фермадағы жұмыстың басым бөлігі автоматты түрде жүзеге асырылады. Ол толық қуатына қосылған кезде жылына 10 мың тонна сүт өндіріледі. Биыл елімізде осындай 29 ферма ашылды. Оның тең жартысы Солтүстік Қазақстан облысында бой көтерді.
ЖҰМЫСШЫЛАР ТЕГІН ҮЙМЕН ҚАМТЫЛҒАН
Кәсіпкер ауылда соңғы 3 жылда 29 баспана салып, оңтүстік өңірлерде тұратын азаматтарды көшіріп әкелген. Жұмысшыларына тегін үймен қатар, жиһазға дейін алып берген. Жаңа үйге қоныстанғандардың бірі Боровскойлар отбасы. Көшіп келушілер баспанамен бірге тұрақты жұмыспен де қамтылған.
«Біз отбасымызбен Жамбыл облысынан көшіп келдік. Оңтүстік өңірлерде үй бағасы қымбат. Өзіміз баспана ала алмадық. Ұрпағымыздың болашағы үшін осында көшуге бел байладық. Еш өкінген емеспіз. Бастысы тұрақты жұмыс бар. Алатын жалақымыз жақсы. Өз баспанамызға ие болдық. Өзім жаңа ашылған фермада сауыншы болып жұмыс істеймін. Жолдасым – фельдшер. Тұңғышымыз Көкшетау қаласындағы колледждердің бірінде білім алып жүр. Екі қызым көрші ауылға қатынап оқиды. Бақыт Мәжитұлы оқушыларды мектепке апаратын көлікпен қамтамасыз етті. Үйге жұмыстан келесің де, демаласың. Тіпті пеш жағудың қажеті жоқ. Барлық жағдай жасалған. Болашақта да кәсіпкердің әлі талай игі істерді тындыратынына сенімдімін», - дейді Прекрасное ауылының тұрғыны Лариса Боровская.
Ауылда тағы 10 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оған «Еңбек» мемлекеттік бағдарлама бойынша оңтүстік өңірлерден келген азаматтар қоныстанады.
«Өткен жылы осындай ауыл барын естідім. Бұл өлкенің табиғаты өте әдемі. Жаз бойы саңырауқұлақ, жеміс жидек терсек, қыста балық аулауға болады. Ұнаған соң осында қаламыз деп шештік. Көшіп келгенімізге еш өкінбейміз. Алғашқылардың бірі болып қоныс тептік. Себебі қаланың күйбең тіршілігінен әбден шаршадық. Өзім осында мал бағамын. Жалақым көңілден шығады. Балам оқуға кетті. Қолына диплом тигеннен кейін осында келмек. Еңбек етсең ауылда да жақсы өмір сүруге болады», - дейді Прекрасное ауылының тұрғыны Владимир Горбатовских.