Тәуелсіздікті жоғалтпаймыз десек табанды жолымыздан таймауымыз керек – сенатор Дана Нұржігіт
Журналист әрі депутат Д.Нұржігіт тәуелсіздіктің бір күнде оңай келді деген пікірге қарсы екенін айтты

Елтаңбамыз, Әнұранымыз, Конституциямыз, шегенделген шекарамыз осы күйі қалсын десек, біз сол табанды жолымыздан таймауымыз керек! Белгілі журналист, Сенат депутаты Дана Нұржігіт осылай дейді. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында халық қалаулысы шағын сұхбат беріп, егемендіктің құндылықтары, оның қандай жолмен келгені туралы айтты.
«Тәуелсіздік бізге бір күнде келе қойды деген пікірге өз басым үзілді-кесілді қарсымын. Тәуелсіздік бізге үлкен қиыншылықтармен, бабамыздың қанымен ғасырлар бойы арман болып келген өте құнды дүние. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың да қайта-қайта айтатыны, Тәуелсіздік тағылымы туралы жазатыны бекерден-бекер емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біз 17-18-дегі жастар едік. Біз бәрін жіті түсінбеген де шығармыз сол кезде. Біздің көз алдымызда Кеңес Одағы ыдырап, күл-паршасы шығып жатқан заман еді. Ата-анамыздың жұмыссыз қалғаны, ата-анамыздың бартерге бізді асырағаны, ұзын сонар кезек, азық-түлікке де, киім-кешекке де. Ал қазір заман – цифрлық заман. Жаңа тілді үйренуіміз керек, жаңа ұғымдармен өмір сүре білуіміз керек. Елтаңбамыз, Әнұранымыз, Конституциямыз, шегенделген шекарамыз осы күйі қалсын десек, біз сол табанды жолымыздан таймауымыз керек. Және біз осыны өзіміз ғана емес, балаларымызға түсіндіруіміз керек», - деді Д.Нұржігіт.