ШҚО әкімдігі Голливуд жұлдыздарының қатысуымен түсірілген «Таңғажайып Шығыс Қазақстан» фильміне бір тиын да жұмсамағанын айтты

Фильмнің режиссері болса бұған дейін қаржыландыру толықтай әкімдік тарапынан жүргізілгенін мәлімдеген болатын

Фотоколлаж

CNN, BBC және National Geographic әлемдік арналары арқылы көрсетілетін Amazing east Kazakhstan («Таңғажайып Шығыс Қазақстан») деректі филімінің түсірілімі аяқталды. Қазір фильмге қатысты монтаждау жұмысы жүріп жатыр деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Осыдан 3 жыл бұрын ШҚО әкімі Даниал Ахметов голливуд жұлдыздары Кэри Тагава, Майкл Мэдсен, Бай Лин, Марк Дакаскос және Эрик Робертсті күтіп алып, облыстағы көрікті жерлерді аралатқаны есімізде. Жобаның продюсері Арман Асенов «Казахстанская правда» басылымына берген сұхбатында: «Картинаны Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі қаржыландырды», - деген болатын. Бұл жобаға жергілікті бюджеттен нақты қанша сома бөлінгенін білу мақсатында ШҚО әкімдігі мен жоба жетекшісіне хабарласқан едік.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін біздің сауалымызға продюсердің ойы өзгеріп: «Фильмді түсіруге Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінен ешқандай қаражат қарастырылған жоқ», - деп жауап берді. Тек бұған дейін әкімдік «ақшасын төлейміз» деп уәде беріп келген екен. Кейін Асенов әкімдікті күтпей-ақ фильмнің түсіріліміне өзі қаражат тапқан екен. Бірақ ол фильмді нақты кім қаржыландырып отырғанын айтпады. Айта кетерлігі, Асенов «Amazing east Kazakhstan» фильмінің түсірілу жұмыстарына техникалық жағынан қамтамасыз етуге ШҚО әкімдігі көмектескенін және Кэри Тагава, Майкл Мэдсен, Бай Лин, Марк Дакаскос және Эрик Робертс сынды голливуд жұлдызының ұшып-келуі, қонақүйге орналастыру және тамақтандыру сынды шығындарын төлегенін жасырмайды. Оның айтуынша, әлем жұлдыздарына ШҚО әкімдігі барынша қонақжайлық танытқан көрінеді.

«Даниал Кенжетайұлының өзі бізді күтіп алды. Облыстың тамаша жерлерін актерларға жеке аралап таныстырды. Ал қалған монтаж жұмыстары мен әртістердің гонорарын өзіміз төледік»,- дейді Арман Арсенов. 

Продюсердің айтуынша, Amazing east Kazakhstan деректі фильміне түскен голливуд жұлдызының қаламақысы 5-15 мың доллар аралығында болған.

«Меніңше, бұл өте қолжетімді сома. Әлемдік деңгейде танымал әртістер мұхит асып келгеніне қарамастан біз берген қаражатқа келісіп отыр»,- дейді ол.

ШҚО туралы фильмді CNN, BBC және National Geographic сатып алады

Бұған дейін белгілі болғандай, «Таңғажайып Шығыс Қазақстан» деректі фильмі әлемдік танымал CNN, BBC және National Geographic сынды арналардан көрсетілуі тиіс болған. Жоба жетекшісі Арман Асеновтен бұл үшін қанша қаражат жұмсауды жоспарлап отырғанын да сұрадық.

«Фильмнің әлемдік арналардан тарату мәселесін АҚШ-та тұратын қазақстандық Еркен Ялгашев жүргізіп жатыр. Егер Қазақстанда түсірген өніміңді телеарналарға шығару үшін продюсер ақша төлейтін болса, әлемдік тәжірбиеде керісінше. Біз Қазақстаның көрікті жерлерін түсіріп, бұл өнімді әлемнің үздік арналарына сатамыз. Қазір Шығыс Қазақстанның табиғаты жайында түсірілген туындымызды CNN, BBC және National Geographic арналарының қайсысы көп сома ұсынады соған сатуды жоспарлап отырмыз. Ол арналардың өзі осындай тамаша туындыларға қызығушылық танытады», - дейді Арман Асенов. Жоба жетекшісі голливуд жұлдызының қатысуымен түсірілген фильмді әлемдік арналарға 3-5 млн долларға сатуды жоспарлап отыр.

«А және В санаттағы актерлерді фильмге түсіру арқылы сұранысқа ие өнім жасаймыз. Мұндай фильмдер еліміздің барлық өңірінде түсіріледі. Келесі фильм Маңғыстау туралы болмақ. Түсірілім осы көктемде басталады. Біз барлығы 20-ға жуық серия жасағымыз келеді. Бұл тізімге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкет қалаларын да қосып отырмыз. Бұл фильмнің барлығында голливуд актерлері қатысады», - дейді жоба жетекшісі.

Қазақстанның табиғатын көрсетуге арналған 20 серияда қандай жерлерде демалуға болатыны туралы айтылады екен. Бірақ фильмде инфраструктура және жол мәселесі, қызмет көрсету сапасына қатысты проблемалы мәселелер мүлдем айтылмайды. Яғни, Қазақстандағы туризм саласын жақсы жағынан көрсетуге басымыдық беріп отыр.

«Проблемалы тұстарды отандық арналар көрсете жатар, біздің бағытымыз басқа. Қазір әлемде байларды қызықтыратын тұмса табиғаты бар жерлерді «ашу» үдерісі сәнге айналаған. Бұдан жақсы қаражат табуға болады. Сол үшінде біз әлемге танымал әртістерді түсіріп отырмыз. Оларға адамдар сенеді. 20 серияға голливудтың 20 актері келіп түседі», - дейді продюсер.

Продюсер Даниал Ахметовтан өзге әкімдер аталған жобаға «қолдау көрсетеміз» деп жатса, қарсы емес екенін де жасырмайды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне «Таңғажайып Шығыс Қазақстан» деректі филімінің түсіріліміне бір тиын да жұмсамағанын айтып отыр. Ал Арман Асенов айтқандай, актерлердің ұшып келіп-кетуі, қонақ үйінің шығынын әкімдік қайдан алғанын айтпады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.