$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

СҚО тарихында ауыл мектебі алғаш рет «Таным» мемлекеттік грантына ие болды

Бұл жоба қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға бағытталған

СҚО тарихында ауыл мектебі алғаш рет «Таным» мемлекеттік грантына ие болды

Солтүстік Қазақстан тарихында алғаш рет ауыл мектебі «Таным» мемлекеттік грантының иегері атанды. Қызылжар ауданына қарасты Петерфельд ауылындағы «Қызылжар Абай орта мектебі» ағарту саласындағы ең үздік үкіметтік емес ұйым деп танылды. Ұжым «Білім, ғылым, ақпарат, дене шынықтыру және спорт саласындағы мақсаттарға қол жеткізу» номинациясы бойынша марапатқа ие болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕМЕНШІК СЕРІКТЕСТІК АЯСЫНДА АШЫЛҒАН АЛҒАШҚЫ МЕКТЕП

Елімізде жыл сайын өткізілетін Азаматтық форум аясында салалық және өңірлік деңгейде әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлесі үшін үкіметтік емес ұйымдарға 15 бағыт бойынша сыйлықтар табысталады. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік емес ұйымдар арасында аталған сыйлыққа лайық деп «Қызылжар Абай орта мектебі» қоғамдық қоры (одан әрі ҚҚ) танылды.

Айта кету керек, «Таным» сыйлығы қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам қайраткерлерінің жетістіктерін көпшілікке таныту үшін құрылған. «Таным» сыйлығына қатысуға Қазақстанның азаматтық қоғамын қалыптастыру және дамытумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық кеңестер мен қоғам қайраткерлері шақырылады. Дауыс беру онлайн түрде өтеді.

Петерфельд селосындағы мектепті жаңарту, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – тұрақтылық пен өркендеудің негізі» атты Жолдауында атап айтқан тапсырмасы негізінде қолға алынған жоба. Бұл жоба қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға бағытталған. Ескірген ауыл мектебі «Bilim Media Group» ҚҚ-ның қаражатына мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы аясында модернизациядан өтіп, сенімгерлік басқаруға берілді. Барлық мектеп түбегейлі жаңарып, заманауи кабинеттер ашылды. Бұл өз кезегінде ауылдың қаракөз балалары шалғайда тұрғандарына қарамастан қаладағы балалардан кем білім алмауы үшін жасалды.

«Мен Петерфельд мектебінде  1-сыныптан бастап білім аламын. Қаладағы туысқандарымның лед тақта, замануи компьютерлерді пайдалана отыра сабақ өтетіндерін айтқанда шыны керек, таңданатынмын. Ол маған бір қолымыз жетпейтін дүние сияқты көрінді. Содан-соң қала мектептеріне барғанда өте әдемі дәліздер, көздің жауын алатын кабинеттер мені қатты қызықтыратын. Ауылымыздағы мектепті жаңартқанын көргенде өз көзіме сене алмадым. Мен де қатарластарыммен бірге соңғы үлгідегі мектепте білім алатынымды көріп өте қуандым. Мектепке келуге, оқуға деген құштарлығым артты. Қазіргі таңда біз Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ауыл мектебіне бейімделген бағдарламасы негізінде білім алудамыз. Бағдарлама өте қызықты. Көп ізденудің арқасында ақпараттардың барлығы миыңда қалады екен. Болашақта мектепте жиған рухани азықты елімнің игілігі үшін пайдалануды армандаймын», – дейді Қызылжар Абай орта мектебінің оқушысы Аманжол Дамир.

АУЫЛ МЕКТЕБІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒДАРЛАМА НЕГІЗІНДЕ БІЛІМ БЕРЕДІ

Мектеп модернизациядан өткеннен кейін Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ауыл мектептеріне бейімделген бағдарлама негізінде білім беруге көшті. Бұл тұрғыда НЗМ Абай мектебіне арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп үш томдық зерттеу нәтижесін жинақ ретінде қалдырды. Ауыл мектептерін қолдау жобасы бойынша оқу ошағының инфрақұрылымы түгенделіп, ауылдағы білім беру қызметінің сапасы артты. Бүгінгі күні «Қызылжар Абай орта мектебі» ҚҚ Қызылжар ауданына қарасты барлық білім беру ұйымдарына сапалы түрде тәжірибе таратып жатыр. Ауданның мектеп директорлары, орынбасарларына арналып арнайы тәжірибе алаңы құрылып, Зияткерлік мектептердің ауыл мектептеріне бейімделген бағдарламасын оқушыларға қалай игерту қажеттігі үйретілуде. Мектеп кез келген уақытта әдістемелік көмек көрсетуді жалғастырып жатыр.

«Тәжірибемен бөлісу семинарынан алған әсеріміз керемет. Шынын айтсам, басқа әлемге түскендей болдық. Ол жерде ынтымақтастық, септесу, қолдау қасиеттері арқылы сапалы тәжірибе жинадық. Қызылжар Абай мектебінің әдістемелік тұрғыда берген ақпараттары өте сауатты болды, және жеңіл тілмен жеткізілді. Бәріміз толық мотивация, энергиямен өз мектебімізге үйренгенімізді іске асыруға асыға тарастық», - дейді Қызылжар ауданына қарасты Соколов ауылындағы орта мектеп директоры Гүлшат Сыздықова.

Биыл мұғалімдердің ғылыми-зерттеу іс-тәжірибесі қайта жанданды. Қазіргі уақытта 10 ғылыми топ құрылып, жұмыстарын бастады. Қызылжар Абай орта мектебінің оқушылары ғылыми жобалар байқауында жақсы жетістіктерімен ерекшеленді. 8-11 сынып оқушылары арасындағы республикалық ғылыми жобалар байқауының аудандық кезеңіне 5 жоба және 2-7 сынып оқушылары арасында өтетін республикалық «Зерде» ғылыми жобалар байқауының аудандық кезеңіне 2 командалық, 3 жеке жоба, барлығы 5 жоба қатысты. Барлығы екі байқауға 9 жоба, 11 оқушы қатысқан болатын. Ал жалпы ғылыми жобалар бойынша 10-нан астам жүлделі орын мектеп қанжығасына байланды. Оқушылар мен ұстаздардың еңбегі ақталып, жүлделі орындарды иеленді.

«Біздің Қызылжар Абай орта мектебіміз мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты жою мақсатында жүзеге асып жатқан үлкен жобалардың алғашқысы. Бұл жоба мектеп әкімшілігіне, ұстаздарға тіпті барша оқушыларға үлкен жауапкершілікті артып отыр. Алдағы таңда біздің мектебіміздің көрсеткіштері қала мектептері көрсеткіштері арасындағы алшақтықтың азайып жатқанын көрсете алса, осындай жобалар көбейіп, еліміздің түпкір-түпкірінен заман талабына сай мектептердің көбеюіне әкеледі. Сол себепті, қазіргі таңда біздің ұжым, мектебіміздің оқу сапасын арттыруда жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр», – дейді жуырда тағайындалған мектеп директоры Әділбек Ысмағұлов.

Шынымен де, алда алар асулар жетерлік. Жоспар бойынша тек теріскейде ғана емес басқа да өңірлерде Абай мектептерін ашу жоспарда бар. Қазіргі таңда бұл тың жоба өзінің өміршеңдігін көрсетіп жатқандығы тек жоба жетекшілері үшін ғана емес, қарапайым ауыл әлеуметі үшін қуаныш екені рас. Білім беру ұйымының басшылығы грант қаражаты мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалатынын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары