Қызылорда облысында бастығынан харассмент көрдім деген судья хатшысымен бірге сотталды

40 жастағы әйел сот залында қамауға алынды

Қызылорда облысында судья мен оның хатшысына үкім шықты. Шиелі аудандық сотының судьясы Гүлнұр Құрманбай мен оның хатшысы Еңлік Қыдыралиева өз бастығымен ұзақ уақыт дауласқан. Шиелі аудандық сотының бұрынғы төрағасы Марат Күздеубаев пен Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев қол астарындағы қос әйелді қызметтік жалғандық жасады деп айыптаған еді. Олар судья Г.Құрманбайдың азаматтық істер бойынша шығарған шешімдерін теріске шығарып, құжаттарды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жіберген. Бала күтімі бойынша еңбек демалысына шыққан қос әйел өздеріне таққан айыпты ақырына дейін мойындаған жоқ. Ұзаққа жалғасқан даудан соң ақыры екеуіне де үкім шықты. Сот залынан қамауға алынған судья Гүлнұр Құрманбай үкіммен келіспейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Тергеу ісі заңсыз жүргізілген...»

«Айыптау актісін Бас прокурор Нұрдәулетов бекітіп, істі сотқа жолдаған. Сот отырысында тергеудің өрескел бұзылғаны анықталып, қылмыстық құжаттармен расталды. Өйткені, біріншіден, тергеу әрекеті басталғаны жөнінде маған хабар берілмеген. Тергеу 2020 жылдың 16 наурызында басталған. Сот төрағасы менің қызметтік кабинетіме кіріп сараптама жүргізген, іс құжаттары мен қызметтік компьютерді алып кеткен. Нұрышевтың қолымен жинақталған құжаттар судьяның мәртебесіне тікелей қатысты болғандықтан заң бойынша Жоғары Соттың және Президенттің, Бас проруратураның келісімін алу керек. Бұл тәртіп жүргізілмеген. Екіншіден, сараптама жүргізгенде тергеу органдары қаулылармен таныстырмаған. Сараптаманы менің сыртымнан жинақтаған. Қылмыстық істе маған қатысты мерзімді ұзарту әр айдың 16-на дейін жүргізілу қажет. Сотқа дейінгі тергеп тексеру мерзімдері өтіп кеткен іс заңсыз деп танылады. Қылмыстық Кодекстің 192-бабының 5-бөлігінде сотқа дейінгі тергеп тексерулерді ұзарту айрықша жағдайларда ғана жол беріледі және оны ҚР Бас прокуроры мен оның орынбасары жүзеге асыра алатыны белгіленген. Дегенмен, 2021 жылдың 16 наурызында оның мерзімі бітсе де іс ұзартылмаған. Тергеу мерзімін ұзартуды Бас прокуратура қанағаттандырмаған. Сондықтан бұрынғы тергеп тексерулердің бәрі заңсыз боп табылады. Қылмыстық істің қозғалуына Шиелі аудандық сотының бұрынғы төрағасы М.Күздеубаев түрткі болды. Өзге де көптеген заңсыздықтарды сот отырысында айтсақ та ескерілмеді, назарға да алған жоқ», - деді сотталған судья Г.Құрманбай.

Сотталушылар Қызылорда облысының сотына сенбейтінін, сондықтан істі өзге аймаққа ауыстыруды талап еткенмен, ол өтініш қанағатсыз қалыпты. Бұған дейін Президенттен араша сұраған Г.Құрманбайдың айтуынша, тергеушілер хатшысы Қыдыралиеваны әу баста өзіне қарсы куәгер ретінде көндірмек те болған көрінеді. Қос келіншек Жоғары Сотқа шағымданып жүріп, Күздеубаевтың заңсыз әрекетін әшкере қылған. Нәтижесінде аудандық соттың төрағасы қызметінен кетуге мәжбүр болды.

«Тергеу тобының мүшесі мен судья – жақын туыс...»

«Күздеубаев Мараттың маған ойнасым бол деп, соның салдарынан қылмыстық тергеу әрекеттері жүргізіліп, менің үстімнен сот үкімі шықса да, өзімнің төрағамен ойнас болмағаныма, іс-әрекетіме өкінбеймін. Маған қатысты тергеу тобы құрылған. Сол топтың мүшесі Р.Тілеп деген бар. Сосын ішкі қауіпсіздік қызметінің басшысы Тұрғанбай деген бар, функциясына кірмесе де олар менің ісіммен айналысқан. Сол тергеу сотының судьясы мен ішкі қауіпсіздік қызметінің адамы ағалы-інілі туысқан адамдар. Бірі тергейді, екіншісі сол тергеуге қатысты шешім қабылдайды. Сондықтан маған қатысты іс әу бастан-ақ заңды жүргізілмеді. Мен қылмыс үстінде ұсталған жоқпын. Жәбірленушілер деп өздері тапқан куәгерлері менің шығарған шешімімнен қандайда бір моральдық немесе материалдық зиян шекпеген. Сондықтан олар жәбірленушілер болып та танылмау керек», - деді сотталушы судья Құрманбай.

Сот отырыстарының бірінде прокурор судьяны 5 жылға, хатшысын 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. 30 томға толған іс бойынша судья Құрманбай ҚР ҚК 418-бабының 1-бөлігі (Көрiнеу әдiлетсiз сот үкiмiн, шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн шығару) және 369-баптың 3-бөлігі (Қызметтiк жалғандық жасау) бойынша кінәлі деп танылды. Екі жастағы ұлымен еңбек демалысында отырған судья қос бап бойынша 7 жылға сотталып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай рақымшылыққа ілінгендіктен, жаза мерзімі екі жарым жылға қысқарды. Ал оның хатшысы Еңлік Қыдыралиева ҚР ҚК 28-бабы 5-бөлігімен, 369-бабы 3-бөлігімен, ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігімен, 418-бабының 1-бөлігімен (аталған іс-әрекеттерге көмектесу) айыпты деп табылғанмен, рақымшылыққа ілініп, түпкілікті 2 жылға сотталды. Кішкентай балаларына болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі де кейінге шегерілді.

«Г.Қурманбай Шиелі аудандық сотында судья қызметін атқарған кезінде (судьяның уәкілеттігі тоқтатылған) 2019 жылы заң талаптарын өрескел бұза отырып, істі негізінен қарамай, сот отырыстары өткені туралы сот отырысының хаттамаларына бірнеше рет көрінеу жалған мәліметтерді енгізіп, сату-сатып алу туралы мәмілелерді жарамды деп тану жөнінде 12 азаматтық іс бойынша талаптарды қанағаттандыру туралы шешімдер қабылдаған, оны ішінде талап қоюларды қараусыз қалдыру жөнінде ұйғарымдар қабылданған, өз өндірісінде болмаған 2 іс бойынша. Е.Қыдыралиева осы соттың сот отырысының хатшысы қызметін атқарып жүріп, 2019 жылы осы іс-әрекеттерді жасауға көмектескен. 8 іс бойынша талап қоюшылар оның жақын туыстары болып табылған. Г.Курманбай мен Е.Қыдыралиеваның кінәлары жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен, сот-қолтаңбалық, сот-компьютерлік-техникалық сараптама қорытындыларымен дәлелін тапқан», - деді Қызылорда қалалық №2 сотының баспасөз қызметі.

Жазалары жеңілдетілді

Судья Жакеева жаза тағайындау кезінде Г.Курманбай мен Е.Қыдыралиеваның  судья және мемлекеттік қызметші антын бұзғанын, қылмысты бірнеше рет жасағандықтан жазаны ауырлататын мән-жайын да ескерді. Сотталған қос келіншектің кәмелеттік жасқа толмаған балалары болғандығы олардың жазасын жеңілдететін себеп болып табылады. ҚК-нің 369-бабының 3-бөлігінің санкциясында 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделсе, 418-бабтың 1-бөлігінде 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

«Сот үкімімен Г.Кұрманбайға ҚК-нің 369-бабының 3-бөлігімен 2 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза, ҚК-нің 418-бабының 1-бөлігімен 5 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза, Е.Қыдыралиева ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігімен, ҚК-нің 369-бабының 3-бөлігімен бөлігімен 2 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза, 28-бабының 5-бөлігімен, 418-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. «ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына сай Г.Кұрманбай мен Е.Қыдыралиева ҚК-нің 369-бабының 3-бөлігімен, яғни орташа ауырлықтағы қылмыс бойынша жазадан босатылуға жатады, ҚК-нің 418-бабының 1-бөлігімен тағайындалған жаза, сотталғандарда жасқа толмаған балалар болуына орай, жартысына қысқартылсын. Түпкілікті Г.Кұрманбай 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеуге сотталды. Кепіл түріндегі жаза өзгертіліп, дереу сот залынан қамауға алынсын. Түпкілікті Е.Қыдыралиева 2 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтеуге сотталған. ҚК 74-бабының 1-бөлігі қолданылып, Е.Қыдыралиеваның 4 жасқа толмаған балалары, оның ішінде нәресте баласы болуына орай жазаның орындалуы кейінге қалдырылсын», - деді Қызылорда қалалық №2 сотының судьясы Ж.Жакеева.

Екі сотталушыға да мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Қамауға алынған судьяның 2 жастағы ұлын туыстары қараудан бас тартқан жағдайда қорғаншылық үйіне берілмек. Үкімді оқыған Ж.Жакеева тергеу амалдары кезінде жұмысына салғырт қараған прокуратура мен әкімдіктің лауазымды тұлғаларына да жекелеген қаулы шығарды. Сотталған судья мен оның хатшысынан мемлекеттің пайдасына 1,5 млн теңге өндірілетін болды. Өздеріне қатысты  шыққан жазамен келіспеген сотталушылар апелляциялық шағым түсірмек. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.