$ 498.75  523.09  5.46
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.12.2021, 10:40
Қоғам

"Тапқанымыз дизельдің шығынын ғана өтейді": Маңғыстау облысында жүк көлігінің жүргізушілері бас көтерді

Олар техникаларына тиеуге болатын жүк көлемін арттыруды сұрайды

"Тапқанымыз дизельдің шығынын ғана өтейді": Маңғыстау облысында жүк көлігінің жүргізушілері бас көтерді
Фото ашық дереккөзден

Маңғыстау облысында «Shacman» жүк көлігінің жүргізушілері техникаларына тиеуге болатын жүк көлемін арттыруды талап етіп, наразылыққа шықты, деп хабарлайды 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметі.

Қазір бұл көліктерге тек 10 тонна жүк тиеп жолға шығуға рұқсат етілген екен. Бірақ бұл ережемен жұмыс істегенде мүлде кіріс кірмейді. Керісінше, тапқан табыс тек дизельдің шығынын ғана өтейді дейді жүргізушілер. Сондай-ақ жүк салмағының сәл асқанына 1 миллион теңгеден астам айыппұл төлеуге тура келеді. Осы себепті олар автожолдың сапасына сәйкес жүк салмағын 24 тоннаға дейін арттырып, заңға өзгеріс енгізуді сұрап отыр.

«Бетон тасып 6 сағат жұмыс жасадым. Сағатына 8 мың теңгеден. Алтыны сегізге көбейтсем 48 мың теңге. 40 мың теңгесін қарапайым 200 литр соляркаға беріп отырмын. Ал сонда 8 мың теңгемен кімнің аузын жабамын ағайындар, айтыңызшы», - дейді көлік жүргізушісі Талғат Жанбатыров.

 «Shacman» жүк көлігін тізгіндегендер дәл осы көлікке ғана шектеу қойылды деп ренжулі. Олар сапасы халықаралық талапқа сай келетін, яғни ауыр салмақтағы жүкті көтеретін трассада «Shacman» жүк көлігіне өзінің салмағынан бөлек, 24 тонна жүк тасымалдауға рұқсат беруді сұрап отыр.

 «Көлік инспекциясында біздің функциямызда тек қана бақылау функциясы бар. Облыстық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің басшысына өтініштерін берді. Ары қарай сол кісілер айналысады. Заңда бекітілген күнде жауабын қайтарады деп ойлаймын», - дейді Маңғыстау облыстық көліктік бақылау инспекциясы басшының орынбасары Жақсығали Іздібаев.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Аманғали Нұрдәулетов өңірдегі жолдың 95 пайызы сапалы, сондықтан, торапты бүлдіріп алмау басты назарда дейді.

Серіктес жаңалықтары