$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.12.2021, 10:57
Қоғам

«Мемлекет жүрегі оның астанасында соғады»: бүгін астананы Алматыдан көшіру туралы шешім қабылданған күн

Нұрсұлтан Назарбаев бұл шешімді 1997 жылы 10 желтоқсанда қабылдаған

«Мемлекет жүрегі оның астанасында соғады»: бүгін астананы Алматыдан көшіру туралы шешім қабылданған күн
Фото ашық дереккөзден

Бүгін қысы ертегідей әдемі әсем қаламызға сүйсіне қарап отырып Елбасымыз сонау қиын 1997 жылы дәл осы күні 10 желтоқсанда астананы Алматыдан Сарыарқа өңіріне ауыстыру туралы шешімді қалай батылдықпен қабылдаған, ол кезде бұл идеяны жақтаушылардан гөрі қарсы шығушылар көп болғаны анық, оларды қалай көндіре алған екен деп ойлап қоямын. Осы тұста Ғарифолла Есім ағамыздың «Қала салу ісі көпшілік шешімінен гөрі, тұлғалық қуатты талап етпек. Тұлғалық қуатты пси­хо­логия ғылымында лидерлік деп атайды. Лидердің өзге жұрттан артықшы­лығы ол болашақты болжай, жүйелей біледі. Лидерлік психологияда адам таби­ға­тының сипаты – тума қасиет. Әрине, жаңа қала идеясын ұсынып, оны жүзеге асыру тұлғалықты талап етеді. Сондай сая­си тұлғаның мүмкіндігі негізінде өмірге келген Қазақстан Республика­сының жаңа мекені – Астана» деген пікіріне толық қосыламын, осындай біздер үшін теңдесі жоқ тарихи шешімді қабылдауда сөзсіз, Елбасымыздың лидерлік және харизматикалық қасиеттері басты рөл ойнағаны анық.

Мемлекет жүрегі оның астанасында соғады. Бұл – бұлжымайтын ақиқат. Жас мемлекетке міндетті түрде жаңа, заманауи астана қажет екенін Елбасымыз 1992 жылдың өзінде-ақ Ақмолаға жұмыс сапарымен келгенде, астананы осында ауыстыру туралы ойлап, Астананы көшіру бірқатар өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететінін, соның нәтижесінде Қазақстан халқын ұлттық идеяларға ұйыстыратын жаңа саяси орталық құруға болатынын, аймақтардың бір-бірімен ықпалдасуы күшейіп, ел дамуының алтын діңгегіне айналатын тың қозғаушы күштің туатын жақсы түсінген.

Расында да, жаңа астана – егемен мемлекеттің өзіндік аңсар арманы, ұлттық мүдделері мен қажеттіліктері негізінде құрылатыны белгілі еді. Осындай жағдайлардың бәрі жан-жақты ескеріліп, жаңа астана жобасы дер уақытында жүзеге асып Елбасы 1994 жылдың 6 шілдесінде «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» қаулы қабылдаған соң, оның Бас жоспарын әзірлеу өте маңызды болған. Бас жоспар кез келген қала үшін үлкен маңызға ие. Былайша айтқанда, оның құжаты-қала құрылысының егжей-тегжейлі жоспарлануының, сәулет құрылыстары композициясының, жол айрықтар мен магистралдардың негізгі құжаты. Бұлардың барлығы тиімді жоспарланса, мегаполисте өмір сүруге қолайлы жағдай жасалады деген сөз.

Елбасы ұсынысы бойынша астананың Бас жоспарын жасау үшін халықаралық байқау ұйымдастырылды. Байқауға Еуропа, Азия, Америка және Австралияның сәулетшілері, сондай-ақ ТМД мемлекеттері мен Қазақстанның шығармашылық ұжымдары қатысты. Нәтижесінде әлемнің әйгілі сәулетшілерінің бірі Кисе Курокаваның тұжырымдамасы үздік деп танылды. Екінші орынды қазақстандық, үшінші орынды ресейлік сәулетшілер жеңіп алды.

Доктор Курокаваға өзі ұсынған қала құрылысы тұжырымдамасы негізінде Астананы дамытудың 2030 жылға дейінгі Бас жоспарының жобасын әзірлеу ұсынылды. Алайда, сәулетшінің туындысы қанша жерден керемет болғанымен, ол өз жобасында Астананың қарқынды дамитындығын ескермеген болуы керек. Көп уақыт өтпей-ақ оның Бас жоспарын түзету керек болды.

Ақмола 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап республика астанасы болды, қалаға Қазақстанның мемлекеттік символдарының эталондары: Мемлекеттік ту, Елтаңба және Президент байрағы салтанатты түрде әкелінді. Көп ұзамай-ақ жаңа астанаға заман талабына сай жаңаша ойлайтын, ұйымдасып, тез, жанын салып жұмыс істей алатын білікті мамандар жеделдетіп келе бастады.

1997 жылдың 12 желтоқсанында, жаңа астанада бірқатар ел басшыларының – С.Демирел (Түркия), И.Каримов (Өзбекстан), А.Акаев (Қырғызстан), Э.Рахмонның (Тәжікстан) қатысуымен жоғары деңгейдегі бірінші халықаралық кездесу өтті.

1998 жылдың 6 мамырында «Қазақстан Республикасының астанасы Ақмола қаласының атауы - Астана қаласы болып өзгертілгені туралы» Жарлыққа қол қойылды. Тарихи сабақтастықты сақтау үшін Ақмола облысының атауын бұрынғыша қалдыру жөнінде шешім қабылданды.

1998 жылдың 10 маусымында тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының халықаралық тұсаукесері өтті. Салтанатты рәсім мерекелік той-думанға ұласты. Айтулы оқиға еліміздің барша халқының, сондай-ақ шетел жұртшылығының назарында болды. Елорданы Алматыдан қазіргі Астанаға көшіру жаңа мемлекетіміздің өмір жолындағы маңызды белес болғанын айтуымыз керек. Астаналық мәртебе қаланың қазіргі заманғы саяси-әкімшілік, экономикалық, оқу-білім, мәдениет орталығы ретінде дамуына жаңа серпін берді. Жаңа астананың бой көтеруі – еліміздің жедел дамуына жол ашар жақсылықтың басы іспеттес болды.

Елорданы жеделдете дамытудың пәрменді факторы ретінде 2001 жылы құрылған «Астана – жаңа қала» еркін экономикалық аймағын атап өтуге болады. Бұл шешім содан елорданың жалпы аймақтық өнім көлемінің 45 есе дерлік өсуіне ықпал етті. Көші-қон қарқынының қандай екенін мына статистикаға қарап білуге болады: 2000 жылдан 2013 жылға дейін Астана тұрғындарының саны 300 мыңнан 800 мыңға дейін, яғни екі еседен артық өсті. Бүгінде қаланың ауданы 797,3 мың. ш.м. оның ішінде: Алматы ауданы -154,7 мың.ш.м., Сарыарқа ауданы - 67,7 мың. ш.м, Есіл ауданы - 393,5 мың. ш.м, Байқоңыр ауданы - 181,2 мың. ш.м. құрап отыр. Астана тез дамып келе жатқан қала. Адам саны тез өсуде 1 млн. астам адам, сондықтан әлі де болса, шешілмей жатқан мәселелер бар. Оның ішінде емхана, мектеп, балабақша, пәтер жетіспеушілігін айтуға болады.

Бүгінде Нұр-Сұлтан шенеуіктердің қаласы емес. Мұнда балалар мен ересектердің шығармашылық дамуы үшін барлық жағдай жасалған.  Әсіресе пандемия жағдайында тұрғындар арасында салауатты өмірді қалыптастыру мақсатында  көптеген ашық, тегін спорт алаңдары  ашылды. Қалада жайлы демалыс үшін көптеген аймақтар бар «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарын іске асыру аясында қала әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша қоғамдық орындар мен аулалардың құрылысына көңіл бөлінуде. Сонымен қатар, қаламызда саналуан әдемі скверлер ашылып, серуенге ыңғайлы болу үшін жарықтандыру жұмыстары ұтымды жүргізіліп, кейбір үйлердің қасбеттері граффитимен, сондай-ақ граффити-фестивальдеріне арналған құрылымдармен, әдемі муралдармен безендірілген. Әр ауданның өзіндік ерекше атмосферасы бар. Бүгінде Елордамыз – динамикасы жоғары мегаполис, республиканың бет-бейнесі мен флагманы, мойындалған халықаралық диалог алаңы. Мұнда өзінің туған қаласына жаны ашитын, белсенді өмірлік ұстанымы бар креативті адамдар тұрып жатқаны қатты қуантады.

Сонымен қатар, осы айтулы күні өзімнің кандидаттық диссертациялық жұмысымда көрсеткен Астананың елдің терроризмге қарсы қауіпсіздігін күшейтудегі орны мен рөлі жайында, жалпы мемлекеттік қауіпсіздік мәселесін шешудегі геостратегиялық маңызы туралы ойларыммен бөліскенім дұрыс шығар деп шештім:

Қазақстанның терроризм қаупінен сақтануына ел астанасының Алматыдан Астана қаласына көшірілуі де әсер етті деп батыл айтуға болады. Бұл қадамның геостратегиялық және геоэкономикалық міндеттерді шешуге көмектескені, жаңа Астананың елге инновациялық және индустриалдық ықпал жасауы бір төбе. Мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысынан да бұл қадам стратегиялық және жоғары саяси тиімділік нәтижесін береді. Оңтүстіктен жергілікті халықтың елдің солтүстік регионына құбылуы славяндық менталитет күшті аймақты қазақтандыруға көмектесті. Астананың ауысуының жоспарлы түрде дайындықпен іске асырылуы басқарушы элитаның саяси технологиялардың әдістемесін ойдағыдай жүзеге асыра алғандығын айғақтайды. Орта Азия аймағынан қауіп төндіруге ұмтылған исламдық радикалистік ұйымдар мен террористік топтар Қазақстанның саяси басшылығына тікелей әсер ету мүмкіндігінен айырылды. Қазақстанның географиялық орталығында тұрған Астана қауіпсіздік мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтыстыққа бұрынғыдан қарағанда кең жол ашты.

Астананың елдің терроризмге қарсы қауіпсіздігін күшейтудегі орны мен рөлі жайында, жалпы мемлекеттік қауіпсіздік мәселесін шешудегі геостратегиялық маңызы туралы арнаулы зерттеулер қажет.

Біріншіден, Қазақстанның саяси элитасы исламдық күштер басым, ахуалы шиеленісті региондардағы мемлекеттермен ара қашықтығын алшақтатып, елдің саяси элитасының исламистік күштер мен саяси ағымдардан толық тәуелсіздігі қамтамасыз етілді. Өзбек, ұйғыр, қырғыз өкілдерінен шыққан радикалистік топтар Қазақстан басшылығына өз диаспоралары арқылы ықпал ету мүмкіндігінен айырылды.

Екіншіден, Қазақстанның солтүстігіндегі, орталығы мен солтүстік шығысындағы этнодемографиялық, этносаяси және этномәдени ахуалға Астананың орталыққа көшуі зор ықпал жасады. Қазақстанның аталған региондарындағы пророссиялық көңіл-күй, славян диаспорасының психологиялық және мәдени басымдылығы ауыздақталды. Бұлай болуы Ресейдегі этникалық және саяси үрдістердің Қазақстанға әсерін әлсіретті. Шешен терроризмінің Қазақстан аумағына өтпеуін қамтамасыз етті.

Үшіншіден, күш көрсету органдарының орталыққа келуінің арқасында терроризмді қаржыландыратын наркотрафикті шектеу, қару-жарақ саудасына қарсы күресу, террористік идеологияны насихаттайтын топтарды сараптау сияқты аса маңызды қауіпсіздік шаралары тиімді бола бастады.

Төртіншіден, елдің индустриялық-инновациялық дамуына ықпал етумен қатар Астана электораттың жаңа өркениетті елдерге тән саяси мәдениетін, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуде жаңа серпіліс әкелді. Халықтың саяси топтасуы, қазақ ұлтының басшылығымен нығая түскен Қазақстан халқы елде болуы ықтимал терроризмнің әлеуметтік тірегін, саяси-экономикалық себептерін жоққа шығарды.

Бесіншіден, Қазақстан халқының материалдық әл-ауқатының үнемі жақсара түсуі, экономикалық және саяси модернизация жетістіктері Астананың дұрыс, халықтық сипаттағы саяси стратегиясымен байланыстырылады. Экономикалық және әлеуметтік мәселердің дұрыс шешімдерін табуы елдегі қандай да болмасын қауіптерге қатысты тиімді саясат жүргізе алудың кепілі болып табылатыны ақиқат

Астананың халықаралық ынтымақтастықты әлемде бейбітшілікті сақтаудағы түрлі діндер арасындағы диалогты үйымдастырудың үлкен маңызы болды. Ол, саясаткерлер атап көрсеткеніндей, тұрақты бейбітшіліктің бастауы ретінде түсіндірілуде. Қазақстан дінаралық татулық пен түсіністікті сақтап отырған ел ретінде өзгелерге үлгі болуға күш салуда. Ұлттық діндерді былай қойғанда, әлемге ең кең тараған ілгері діндердің өзі бір-бірімен қайшылықта өмір сүріп, діни - наным - сенім мемлекетаралық соғыстардың  отын тұтандырып жатқанда, Астанада (24 қыркүйек 2003 ж) әлемде алғаш рет әртүрлі дін өкілдерін шақырып, ортақ сұқбат  өткізу діни экстремизм мен лаңкестіктің жолын кесуге бағытталған шара болды.

Бүгінгі Астананың өркениетттілік мазмұнына келетін болсақ, Қазақстан жүздеген ғасырлар бойы түркі мен еуропалық мәдениеттің астасқан тұсында орналасып, ежелгі азиялық дәстүрді бойына сіңірді, мәдениеттің осылай, бейбіт қатар өмір сүргендігі Қазақстанның қазіргі саяси бағытына да өзінің ықпалын тигізді. Астанада болған форумда Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық қатынастар арасындаңы үнқатысулардың бастамашысы бола алды. ЕҚЫҰ шеңберіндегі өркениеттер арасындағы үнқатысулардың жаңа үлгісін жасауға делдел болып және осы бағыттағы кикілжіңдерді реттеудің жаңас тәсілдерін табуды ұсынып отыр.

Қазақстанның этнодемографиялық құрылымы, геосаяси жағдайы, әлемдік еңбек бөлінісі мен нарықтық экономикадағы орны қаншама күрделі болғанымен елдің саяси басшылығы тиімді терроризмге қарсы күрес саясатын жасай алды. Ондай саясаттың қалыптасуына және нығаюына Астананың терроризм қаупімен күресте халықаралық ұйымдар мен ынтымақтасуының әсері үлкен болды.

Сөз соңында, Филип Македонскийдің ұлы Александрға «Ең алдымен, Афина туралы ойла, Афина ел емес, қала емес, ол ИДЕЯ. Егер Афинаны алсаң, дүниені билегенің» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Демек, Астана – Қазақстанның идеясы. Бүгінде әлемдік қауымдастық үшін Нұр-Сұлтан мен Қазақстан атаулары егіз. Бұл ұғым қарыштап даму мен өрісті өркендеудің өнегелі үлгісі ретінде орнықты, осындай қалада өмірімнің ең жарқын, естен кетпес сәттерін өткізіп жатқанымыз үшін өзімді бақытты сезінемін! Елордамыз жасарып, жасай берсін!

Төлебаева Меруерт, саясаттанушы

Серіктес жаңалықтары