«Үкімет тарапынан халыққа жасалып жатқан қысым»: СҚО-да көмір тапшылығы мәселесі шешілер емес
Жаураған халық наразылық білдіруде
Солтүстік Қазақстанда көмір тапшылығы мәселесі шешілмей отыр. Амалы құрыған халық қоймаларға әкелінетін қатты отынды келілеп сатып алуға мәжбүр. Ұсыныстан сұраныс жоғары болғандықтан тауардың бағасы да шарықтап кеткен. Мәселенің түйіні қашан табылатыны белгісіз, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«КҮНДЕ ҚОЙМАНЫ КҮЗЕТІП ЖҮРМІЗ...»
Петропавл қаласында көмір сататын 4 қойма бар. Таң атпастан жүк көліктері сонда қарай ағылады. Барлығы ертерек кезекке тұруға асығады. Көбіне жүргізушілердің уақыты зая кетеді. Көмір бәріне бірдей жетпей қалып жатыр. Солардың бірі – Самат Есмағи. Қатты отын алу үшін Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылынан әдейі келген. Бүгін де бірнеше сағат кезекте тұрып үйіне бос қайтуға мәжбүр.
«Көмір сататын қойманың алдын «күзетіп» жүргеніме 1,5 ай болып қалды. Күнде таң атпай осылай келіп, 2-3 сағат кезек күтіп, үйге кетеміз. Бәрі 3 тонна көмір үшін. Машина толып тұр. Жылдың аяғы болды. Бұл – үкімет тарапынан халыққа жасалып жатқан қысым деп білемін. «Қазақстанның табиғаты бай» деп кеуде қағамыз. Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы біздің жерден табылады. Бірақ билік қарапайым халықты көмірмен қамти алмай келеді. Ол да тегін емес қой енді. Жаз бойы не ойлады екен? Шырылдауық шегірткенің күйін кешіп отыр. Сырттан әкелінетін тауар болса түсінуге болатын еді. Дәл осы мәселеге келгенде біз импортқа тәуелді емеспіз. Қазір отын жағып отырмыз. Ол да арзан емес. Қызылжар – ақ қайыңдар өлкесі атағынан айрылатын шығар. Бұлай жалғаса берсе орманды отап бітіреміз. Күз соңында бір тележка отын алғанбыз. Таусылуға жақын. Көмір келмесе тағы да сатып алуға тура келеді», - дейді ауыл тұрғыны Самат Есмағи.
КӨМІРДІҢ ТОННАСЫ 28 МЫҢ ТЕҢГЕ
Қатты отынның бағасы да шарықтап тұр. Көмірдің сапасына қарай тоннасы 9-15 мың теңгеден саудаланып жатыр. Ал келілеп сатып алатындар үшін көмірдің тоннасы 28 мың теңгеге шығады. Оны да сатып ала алмағандар отын жағуға мәжбүр. Ағаштың бағасы одан да қымбат.
«Осындай қарапайым мәселені шеше алмай отырған биліктің не қажеті бар? Жылы да жайлы кабинетте отырған шенеуніктер халықтың бұл мәселесін түсінбейтін де шығар. Суықта жүрміз, тентіреп. Жұрт амалсыздан көмірді қаппен алып жатыр. 25 келілік қап – 700 теңге. 50 келілік қап – 1500 теңге. Ол үнемдеп жаққанның өзінде 2-3 тәулікке ғана жетеді. Көмір нан емес, күн сайын сатып алып жейтін. Қыс бойы тоңып отырмыз. Көршілердің бала-шағасы ауырып жатыр, суық тиіп. Күнде ерсілі-қарсылы жүріп мезі болдық», - дейді Самат Есмағи.
ТЕРІСКЕЙ ХАЛҚЫ ҚЫС МАУСЫМЫНДА 400 МЫҢ ТОННА КӨМІР ТҰТЫНАДЫ
Қызылжар өңірін Екібастұз, Майқұба, Қаражыра мен Шұбаркөл сынды кен орындары көмірмен қамтамасыз етеді. Халық қыс маусымында орта есеппен 400 мың тоннаға жуық қатты отын тұтынады. Қазір көмір тасымалдаумен айналысатын жеке кәсіпкерлік иелері тапсырыстың жартысын да орындай алмай жатқандықтарын жеткізді.
«Таңғы 7-ден осында кезекке тұрдық. Қаражыра, Майқұбасы да жоқ. Кейде Шұбаркөл көмірін аздап әкеледі. Ол сапасыз. Кейде мүлде бос кетеміз. Әкімдік өкілдері күзде солтүстік халқы қыста тұтынатын көмірдің 95 пайызы әкелінгенін жеткізді. Маған керісінше, 5 пайызы ғана жеткендей көрінеді. Әкелсе оның бәрі қайда кетті? Тапсырыс берушілер қайта-қайта хабарласып сұрайды. Бірақ көмір жоқ. Біз де маусымдық табысымыздан қағылып жатырмыз, көмірдің жоқтығынан. Оның үстіне, жанар-жағармай да қымбат. Пайда табудың орнына шығынға батып жатырмыз», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Азамат Елеусізов.
АУДАНДАРДА ДА ОТЫН ТАПШЫ
Солтүстік Қазақстанда жылыту маусымы басталар сәтте көмір тапшылығы туындайтыны жыл сайынғы дәстүрге айналған. Аудандарда да осындай проблема бар. Әкімдіктер бірінші кезекте қатты отынмен мектеп, балабақша, аурухана сынды әлеуметтік нысандарды қамтиды.
«4 қойманың үшеуінде көмір жоқ. Сондықтан бізде де осындай ұзын сонар кезек болып жатыр. Жүк көліктері ерте келіп кезекке тұрады. Қоймаға көмір тиелген вагондар күнде келіп жатыр. Әр көлікке жеткенінше 5 тоннадан береміз. Көбі ала алмай қалады. Қаппен де беріп жатырмыз. Кейбірінің мүлде көмірі жоқ, кейбірінің ақшасы жоқ. Вагон мәселесі шешілді деп естідік. Бірақ көмір басқа қоймаларға келмей жатыр. Біз өз міндетімізді орындап отырмыз. Қала бойынша басқа көмір алатын жер жоқ», - дейді көмір қоймасының басшысы Мұратхан Тұрмұхамбетов.
Көмір сататын қойма әкімшілігі аудандарды қатты отынмен қамту үшін әкімдіктермен арада келісім барын айтты. Қазір тауардың басым бөлігі аудандық әкімдіктер жіберген жүк көліктеріне тиеліп жатыр. Қызылжар өңірінде көмір тапшылығы мәселесі үш айдан бері жалғасып келеді. Өңірде жылыту маусымы жарты жылға дейін жалғасады. Проблеманың қашан шешілері белгісіз.