«Шаруалардың білімін жетілдіру керек»: Алматы облысында агробизнесті дамытудың жаңа әдісі жүзеге аса бастады
Мамандардың айтуынша, өңірдегі егіншілер жаңа технологияларды мүлдем қолданбайды
Алматы облысындағы фермерлердің тек 5% ғана тамшылатып суару технологиясымен қамтылған. Облыста түрлі дәнді дақылдар егумен айналысатын 55 мыңнан астам шаруа тіркелген. Алқапты гектарлап алған әлгі шаруалар егістікті тиімді пайдаланатын заманауи құрылығы тұрмақ, жер жыртатын қарапайым техникамен де толық қамтылмаған. Шаруасы шатқаяқтаған он мыңға жуық фермер мүлдем жұмысын тоқтатқан. Көктем шыға қарбалас басталғанымен, қара күзге дейін шаруалардың суға таласы да тоқтамайды. Алматы облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жаңа технологияны қолданбайынша су тапшылығы да шешілмейді.
«55 мыңнан астам фермер тіркелгенмен, іс жүзінде олардың 48 мыңға жуығы жұмыс істейді. Облыста ғана емес, бүкіл ел бойынша су тапшылығы жылдан жылға күрделеніп келеді. Бұрынғыдай бере беретін су жоқ. Көкеніс, дәнді дақылдармен айналысатын шаруалар тиімді өнім алу үшін тамшылатып суару әдісін қолданбайынша мәселе шешілмейді. Алқапта ылғалды сақтайтын әдістерді қолданса ғана түсім өнімді болады. Ондай бір аппараттың құны 70 мың доллардан басталады. Аппаратты АҚШ-тан тасымай Талғар ауданында зауытын ашу туралы жоба бар. Фермерлердің 5% ғана тамшылатып суару әдісін қолданатынын ескерсек, заманауи апараттарды субсидиялау керек. Су қорының азаюынан бөлек каналдардың жеке меншіктегі жерлерге өтіп кетуі де тапшылық тудырып отыр. Қазір осы су каналдарын қайтару мәселесімен де айналысып жатырмыз», - деді Алматы облысы ауыл шаруашылығы Басқармасы өсімдік шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерлан Османбеков.
Қомақты субсидияға қол жеткізудің жолы – ұсақ фермерлердің бірігуі. Кооперацияға бірігіп қана қоймай білім алу керек деп санайды Еңбекшіқазақ ауданы Жергілікті қоғамдастықтар қорының директоры Бақытгүл Елшібаева. Өнімді өсіріп қана қоймай, тиімді табыс табуда фермерлерге білім де, біліктілік те жетіспейді. Жаздай жүріп жиғанын делдалдарға арзан бағаға беріп құтылуды қанағат тұтудан тек шаруаның өзі ғана емес, тұтынушы халық та ұтылып жатыр. Делдалдардың көптігінен сөредегі көкеніс қымбат, импорт көп, жергілікті өнім аз. Бұны барынша болдырмаудың жолы – ауыл тұрғындарына көкөніс өсірудің заманауи әдістерін, маркетинг, логистика және сату негіздерін оқыту. Ауыл еңбегін азапты жұмыс емес, бизнес ретінде қарайтындай фермерлердің менталитетін өзгерткенде ғана іс оңға басады.
«Фермерлерге суды ғана емес, барлық істе жұмысты тиімді пайдалану, жаңа технологияны қолдану, сапалы өнім жинап қана қоймай, оны делдалсыз ірі дүкендер желісіне дейін тікелей жеткізу сынды жұмыстарды үйрету керек. Жұмыссыздық, табыстың маусымдылығы, өткізу нарықтарына шығу кезіндегі жоғары шығындар, техникалық, басқарушылық және кәсіпкерлік дағдылардың төмен деңгейі – Қазақстанның ауылдық өңірлерінде әлі де өзгермеген проблема болып отыр. Шаруаларға бұл жағынан білім жетіспейді. Осы олқылықтарды жоюдың жолы ретінде Шелек ауылында жұмыс істеуді бастадық. Оларға құр ақыл айтып қана қоймай, іс жүзінде егістіктің басында бірге жүріп көрсету қажет. Құр ақыл айту оларға жүрмейді. Ол үшін әр ауыл болмаса да, әр ауданда арнайы оқыту, агробизнес орталықтары болу керек. Бүкіл Қазақстан көлемінде шаруаларға жан-жақты қолдау, кеңес беретін, фермерлерді оқытатын бұндай бір ғана орталық Шелек ауылында ғана бар. «Шелек фермерлері» жобасын шағын ауыл өндірушілерін кооперациялаудың нақты жұмыс істейтін схемасына айналдырдық. Сондықтан шаруалар ынтымақтасып, жаңа әдістермен жұмыс істегенде, білімін көтергенде ғана үлен проблемаларды шеше алады», - деді Бақытгүл Елшібаева.
Елдегі шарулалардың көбі әлі де сол ескі, кеңестік кезеңің ауыр сүрлеуімен жүріп келеді. Салдарынан жастар тұрмақ, ересектер де ауылда тұруды ар санайтын халге жеткен.
Шелек ауылындағы Агробизнес орталығында оқудан, тағылымдамадан және қосымша курстардан бүгінде 5 мыңдай адам білім алған. Аудан шаруашылықтарында ресурстарды оңтайлы пайдалануға бағытталған үздік тәжірибені көрсету арқылы озық 25 агротехнология енгізілді. Фермерлер 128 миллион теңгеден астам сомаға 992 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін сатыпты.
Осы орталықта біліктілігін жетілдірген фермер Марат Мансұров болса биыл алғаш рет өзінің егін алқабында дрон қолданды.
«Біздің бірлестік 4 фермерден басталды, ал бүгінде кооперативте 35 фермер бар. Біз бірге ауыл шаруашылығының экологиялық нысандарын дамытуды қолға алдық. Бұрын ауылда қалғанымыз үшін өзімізді керексіз сезініп, намыстанатынмын. Қазір қалаға жолағым келмейді.
Мен жобаға басынан бастап қатысып келемін және осы уақыт ішінде фермерлік іске деген көзқарасымды өзгерттім, логистиканы құруды үйрендім, әртүрлі сәттерді ескердім, ал экологиялық таза өнімді өсірудегі жеке қағидатым тек күшейе түсті. Егер пайданы салыстыратын болсақ, 2015 жылға қарағанда өнімді ірі дүкендер желісіне тікелей жеткізіп, екі есе көп сата бастадық. Биыл бірінші рет алқапты дәрілеу мен тыңайтуға дрон қолдандық. Бұрын арқаға дәрі мен су толы құрылығы арқалап, ауыр жұмысқа жегіліп келдік. Дрон ондаған гектар жерді 12 минутта тыңайтып қана шықпай, материалдық шығынды да үнемдеді», - деді фермер Марат Мансұров.
Фермерлердің жұмысын ғылыми жолға қоюға Флорида Университеті (АҚШ) мен Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің зерттеу тобы көмектесті. Мамандар фермерлерге заманауи агротехнологияларды пайдалану бойынша ұсыныстар әзірледі. Біріктірілгенге дейін фермерлер өз өнімдерін жеткізудің қажетті көлемі мен тұрақтылығын қамтамасыз ете алмады және астықты көтерме саудагерлерге төмен бағамен сатуға мәжбүр болды дейді мамандар. Ал кооперативке бірігіп, бірыңғай заңды тұлға ретінде тіркелген шаруалар өз өнімін ірі азық-түлік кәсіпорындарына, сауда желілері мен мейрамханаларға жеткізуге мүмкіндік алған.
«Ауылдық аймақтарды дамыту жөніндегі бағдарламаның табысты нәтижесінің артында күнделікті тынымсыз еңбек пен ұсақ фермерлік шаруашылықтарға көмектесуге ұмтылыс жатыр. «Атамекен» ҰКП мамандарының бағалауы бойынша, «Шелек фермерлері» кооперативі еліміздегі жеке фермерлерді тиімді біріктірудің және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қамтамасыз етуді тапсырған «егістіктен сөреге дейін» ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің нақты тізбегін құрудың іс жүзінде жалғыз мысалы болып табылады.
«Оқытуға шақырған шаруалардың көбі не үшін келгенін түсінбейді. Көбінің ойында субсидияны қалай болса да алу. Ал оны қалай жұмсау керектігі, жаңа технологияы қолдануға бағыттау деген жоспар жоқ. Біз «Жергілікті қоғамдастықтар қорының» табысты тәжірибесі бойынша өз облысымызда басқа да ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жөнінде міндет қойып отырмыз. Біз кәсіпкерлер арасында, оның ішінде салалық белгілері бойынша бірігуге болатын «Бастау Бизнес» жобасының түлектері арасында білім беру іс-шараларын ұйымдастырдық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастадық. Тіркелген шаруалардың саны көп болғанмен, салық төлемей, жұмысын тоқтатқан фермерлер де аз емес. Біздегі шаруалар арнайы салалық бағытқа бет бұрмай, мал, егін, көкөніс, жем-шөп дегеннің барлығын қамтығысы келеді, іс жүзінде біреуін де дамыта алмай, шамасы жетпей жүреді», - деді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Дәурен Оңалбаев.
Су тапшылығы, жаңа технологияға қол жетпеу, өнімді кедергісіз сата алмау сынды толып жатқан проблемадан шыға алмай отырған фермерлер мыңдап саналады. Ауқымды проблеманы шешудегі тиімді әдістердің бірі агробизнес орталығын құру деп санайды Басқармасының өкілі.