Алматыда кәсіпкерлер белгісіз біреулердің шағын көшені ақылы жолға айналдырғанына шағымданды
Кәсіпкерлер қоғамдық жолдың аяқ астынан ақылы болғанына аң-таң
Алматы қаласында бір топ кәсіпкерлер әлдекімдердің шағын көшені ақылы жолға айналдырып жібергенін айтып шағымданды, деп хабарлайды КТК арнасы.
Кәсіпкерлердің айтуынша, қаладағы ең ірі көлік саймандарын сататын базар маңындағы шағын көшенің ақылы жолға айналғанына бір айдан асқан.
Шырылдаған кәсіпкерлер белгісіз топқа әрекеттерінің заңсыз екенін айтқанымен, олар құлақ аспайтын көрінеді. «Соның кесірінен клиентеріміз қашып жатыр» деген шағымданушылар жергілікті билік өкілдерінен бір шара қолдануды сұрайды.
Қызғылт сары күртеше кигендер көлік иесінің бәрінен ақша талап етіп жүр. Ал ашулы кәсіпкерлер 10 жылдан астам уақыт емін-еркін жүрген қоғамдық жолдың аяқ астынан ақылы болғанына аң-таң. Тіпті оңай олжаны көздеген белгісіз топ кәсіпкерлердің өзінен ақша алуға көшіпті.
«Осы жаққа кіріп көлігін жөндеп кетуге келгендерге де, жұмыс орнымызға кіру үшін бізге де ақы төлеуді талап етіп жүр. Осы жерде жұмыс істейтін біздің өзімізден 100 теңгеден, келетін клиенттерден 200 теңгеден алады. Барып сөйлесейік десек, сөйлеспейді. Байланысқа шықпайды. Енді не істерімізді білмейміз», - дейді жеке кәсіпкер Медеу Абайбеков.
Базар маңындағы шағын көшенің тұйықталатын тұсында сандаған техникалық жөндеу орталығы бар. Ол жерде 100-ден аса жеке кәсіпкер көлігін жөндетушілерге түрлі қызмет көрсетеді. Алайда көшенің ақылы жолға айналуы қиындықты үдетіп жіберді дейді наразы жұрт. Өйткені соңғы кезде клиенттер тарапынан шағым көбейіпті.
«Бұл жерде автотұрақ орны жоқ. Тек жол ғана. Бұл жерден ақша алып жатқан адамның бізге қатысы да жоқ. Сендерге кіріп-шыққанның өзіне 200 теңге төлейміз деп клиенттеріміз арыз түсіруде», - дейді жеке кәсіпкер Самат Байболов.
Базар әкімшілігінің өкілдері бұл келеңсіздікке «қатысымыз жоқ» деп отыр. Себебі дауға айналған жол базар аумағына енбейді екен. Ал кіреберіс жол бойында ақша жинап тұрғандарға жақындағанымызда біреуі бет-жүзін көрсетпей тұра қашты. Оның серіктесі де сылтауратып тайып тұрды.
Орындығын тастап қашқандар сол күйі оралмады. Әрекетіміз заңды деп құжатын ұсынған ешкімді көрмедік. Енді бас-басына би болып оңай олжаны көздегендердің ізіне әкімдіктегілер шам алып түспек.
«Төле би – Яссауи көшелерінің қиылысында орналасқан «Кар Сити» сауда орны маңайында автотұраққа заңсыз ақша жинау мәселесіне байланысты қазір аудан аппаратының мамандарымен және жергілікті полиция қызметімен бірлесіп тексеру жүргізілуде. Тексеру аяқталғаннан кейін заңдылықтарға сәйкес тиісті шара қабылданады», - деді Әуезов ауданы кәсіпкерлік және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Зәкіржан Алтынқожаев.
Шенеуніктер заңсыз ақша жинағандармен күресті күшейтіп, барлығын бақылауда ұстаймыз деп сендіреді. Бірақ шырылдаған кәсіпкерлер заңсыздықтың мұнымен тоқтайтынына күдікпен қарайды. Себебі жақында белгісіз топтың заңсыз әрекетін бетіне басқандарды соққыға жығып кеткен көрінеді.