Шортандыдағы жарылыстан зардап шеккендерге әкімдік 30 млн теңге бөлді
Бөлінген қаржы баспана алуға жұмсалады
Шортандыдағы жарылыстан зардап шеккендерге Ақмола облысының әкімдігі 30 млн теңге қаржы бөлді. Бұл туралы аймақ басшысы Ермек Мыржықпаев арнайы ұйымдастырылған брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Естеріңізге сала кетейік, 16 қараша күні болған жарылыста үйде 13 адам болған еді. Отбасылық шараға жиылған төрт адам оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Ауруханаға жеткізілген 10 жастағы қыз бірнеше күннен кейін ауруханада көз жұмды. Бүгінде алты адам Нұр-Сұлтан қаласындағы ауруханаларда ем-дом қабылдап жатыр. Жарылыс газ баллонын үйге әкеп кіргізгеннен кейін болған.
Облыс әкімі марқұмдарды жерлеуді ұйымдастыруда көмек көрсетілгенін жеткізді. Жапсарлас салынған тағы 3 үйдің тұрғындары басқа үйлерге көшірілді. Әкімдік бөлген қаржы баспана алуға жұмсалады. Оқыс оқиғадан кейін төтенше жағдай департаменті газды қолдану ережелерін еске салып, ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
«Әкімдік тарапынан үнемі көрсетілетін көмектен бөлек біздегі Науаи Хазірет мешітінде арнайы шот ашылды. Қайырымдылық шотына бүгінде 13 млн теңгеден астам қаржы жиналды. Демеу қаржы науқастардың ем-домы мен зардап шеккен азаматтардың мұқтажына жұмсалмақ», – деді Ақмола облысының әкімі Ермек Мыржықпаев.