Екі жыл бұрын СҚО тұрғынын алдаған алаяқ алған ақшасын қайтарып берді
Ол қылмысын Алматыда отырып істеген

Солтүстік Қазақстанда осыдан екі жыл бұрын жасалған интернет-алаяқтық фактісі ашылды. Жарнамалық сайттардың бірінде хабарландыру жариялап, ауыл тұрғынының 55 мың теңгесін алдын-ала төлем ретінде алып ізін суытқан күдікті ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Уәлиханов ауданының полиция қызметкерлері интернет желісінде жасалған алаяқтықтың фактісіне қатысты тергеу жұмыстарын 2019 жылдан бастап жүргізді. Сол уақытта қылмыскер «Kolesa.kz» сайтына автоқосалқы бөлшектерді сату туралы хабарландыру орналастырған. Онымен сөйлескен аудан тұрғынынан 55 мың теңге алдын ала төлем алғаннан кейін, байланысқа шықпай қойған.
«Интернет-алаяқтық – ашылуы қиындық туғызатын қылмыстардың бір түрі. Бұл қылмыскерлер қолданатын заманауи технологиялармен, жедел-іздестіру іс-шараларының ауқымына да байланысты: күдіктілер өз құрбандарынан кез келген қашықтықта болуы мүмкін. Дегенмен, полицейлер бұрын жасалған қылмыстар бойынша жұмысты жалғастыруда», - дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Руслан Әлижанов.
Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілген болатын.
«Аз уақыттың ішінде күдіктіні ұстау мүмкін болмады, дегенмен қылмысты ашу жұмысы тоқтаған жоқ. Қызметкерлер аталған факті бойынша түскен жедел ақпаратты анықтады. Алматы қаласындағы қызметтік іссапар барысында криминалдық полиция қызметкері мен тергеуші күдіктінің ізіне түсіп, ұстады. Ол оңтүстік астананың 34 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол өзіне тағылған айыпты мойындап, жәбірленушіге келтірген шығынның орнын толтырды», - деді Руслан Әлижанов.
Мамандардың айтуынша, қазір алаяқтықтың ең жиі кездесетін түрі – интернет арқылы алдау. Сондықтан тұтынушыларға тауарды көрмей алдын ала төлем жасамауға кеңес береді.