$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.11.2021, 10:20
Қоғам

Коронавируспен күрес үшін алынған екі млрд доллар қарыз қайда кетті?

Қарапайым отбасы қара нан мен қара шайдың орнына жеміс-жидек, ет сатып алатын деңгейге жетті ме? Мәселе осында

Коронавируспен күрес үшін алынған екі млрд доллар қарыз қайда кетті?

COVID-19 коронавирустық пандемиясы белең алған 2020 жылы Қазақстан Үкіметі дағдарысқа қарсы шараларға халықаралық қаржы институттарынан 2 млрд доллардан артық көмек алған және 1 млрд доллардан астам бюджет қаражатын жұмсады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бұл туралы «Zertteu Research Institute» ҚҚ Сорос-Қазақстан Қорының қолдауымен өткізген жиында белгілі болды.

«Zertteu Research Institute» ҚҚ директоры Шолпан Айтенованың айтуынша, берешек былтыр халықаралық қаржы институттардан Қазақстанға қарыз, грант, техникалық жəне демеуші көмегі түрінде берілген.

«ХҚҰ көмек алу мен пайдалану туралы ақпарат ашықтығына шолу көрсеткендей, халықаралық қаржы ұйымдары тарапынан ашықтық деңгейі жоғары, ал көмек алушы мемлекеттік органдар мен мемлекеттік компаниялар ашықтығы əлдеқайда төмен. Ақпарат ашықтығы жағынан жетекші ұйым Дүниежүзілік Банк болып отыр. Мемлекеттік органдар көмек туралы ақпаратты егер ол қарыз түрінде болса, яғни парламент ратификациялаған, заңды күші бар болса ғана жариялайды. Гранттар мен техникалық көмек бірыңғай, толық түрінде ашық емес», ˗ деді Ш.Айтенова.

Белгілі болғандай, 2020 жылы COVID-19 пандемиясы кезеңінде Қазақстанға Дүниежүзілік банк, ЕҚДБ, Азия Даму Банкі және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі көмек көрсеткен.

COVID-19 пандемиясы кезеңінде Азия Даму Банкі (АДБ) мен Қазақстан үкіметі арасында 1,5 млрд еуро сомасына екі қарыз түрі рәсімделген.

2020 жылы COVID-19 кезінде Қазақстан Үкіметінің халықаралық қаржы ұйымдардан алған қарызы

Одан бөлек, 1 млрд долларға алынған қарызды ел үкіметі 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін іске асырылуы тиіс, қарыз бойынша негізгі сома мен пайызды төлеу 2030 жылдың 15 ақпанда, екіншісі 2025 жылдың 15 ақпанда аяқталуы керек.

«Техникалық көмекке жалпы сомасы 4 178 000 доллар болатын 4 жоба іске асыру жоспарланған. Соның бірі – тұрақты даму үшін цифрлық технологияларды қолдану. 2020 жылғы сәуірден бастап АДБ мен Денсаулық сақтау министрлігі вирус жұқтырған, байланыста болған және сауыққан адамдар туралы деректерді тіркеу және мониторингтеу үшін министрлік пайдаланатын COVID-19 бақылау орталығының веб-қосымшасын жаңартты.

Соның аясында MEDIA және Астана хабтың ұйымдастыруымен конкурс өткізілді. АДБ нәтижелері бойынша Денсаулық сақтау министрлігі және  MDDIAI халықаралық ұйымымен «жол картасына» қол қойып, жобаны іске асыруға 50 000 АҚШ доллары бөлінді», ˗ делінген «Zertteu Research Institute» жүргізген зерттеуде.

Сонымен қатар, 2020 жылғы желтоқсанда АДБ Үкіметпен, ДБ және Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) үйлестіре отырып, Қазақстан үшін ынтымақтастық қорын (СҚҚ) құруға 1 млн доллар бөлінеді. Қаражат бөлінгенімен ұйымның өзі жұмысын 9 айдан кейін ғана бастаған. Яғни, оған дейін нақты қандай бағытта жұмыс жүргізілетіні анықталмаған.

Жиынға қатысқан АДБ-ның Қазақстандағы өкілдігінің директоры Нариман Маннапбеков Ынтымақтастық қорын құруға бөлінген 1 млн доллардың 1 доллары да әлі жұмсалмағанын айтады.

«Оған алаңдамаңыздар! Бұл қаражат Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасына бағытталды. Олар ақшаны 3 бағыт бойынша жұмсауды көздеп отыр. Оның бірі әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, келесі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен ең маңызды деген мамандықтарға басымдық беру. Яғни, еңбек нарығында қандай мамандықтар қажет соған кеңес беріледі. Бөлінген 1 млн долларды асықпай 3 жылдың ішінде игереміз», - дейді АДБ-ның Қазақстандағы өкілдігінің директоры.

Былтыр Қазақстан Үкіметі қарыз алған ақшаға коронавирус кезінде мұқтаждарға арналған дәрі-дәрмектер мен керек-жарақтар жеткізуге бөлінген 3 млн доллардың 2 млн 300 долларына 141 мың отбасыға медициналық құрылғылар сатып алған. Мұқтаж жандарды қалай анықтағаны туралы ақпарат берілген жоқ. Ал артылған 700 мың долларға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елдегі босқындарға көмектесуді ұйғарыпты. Нариман Маннапбеков министрліктің бұл шешімін «ерлікке» балап отыр.

«Депутаттар мемлекеттік қаржы ұйымдарынан алған ақшаны мемлекеттің жалпы қарызы деп қабылдамауы керек. Негізі халықаралық қаржы ұйымдарының берген қарызы жалпы қарыздың 30%-ын құрайды. Коммерциялық компаниялардың қарызы әлдеқайда көп», - дейді Нариман Маннапбеков.

Мемлекеттің сырттан қарыз алуына қатысты «Zertteu Research Institute» ҚҚ директоры Шолпан Айтенованың өз айтары бар.

«Дамыған елдердің қарыз алуы қалыпты құбылыс десеңіз де, елдің алған қарызы экономикасының өсіміне сай келген кезде қалыпты деп айтуға негіз бар. Өкінішке қарай, соңғы жылдары Қазақстанның қарыз жүктемесі артқанын байқауға болады. Соңғы 5 жылда сыртқы қарыз елдің ЖІӨ-ге шаққандағы көрсеткіші бірнеше рет өскен. Бұған қоса, мемлекет квази-мемлекеттік компанияларға кепілдендірілген несие алып береді. Ол компаниялардың қарызды төлей алмайтын кездері болады. Мысалы, Мемлекеттік «Астана су» компаниясы төлей алмаған 700 млн теңге қарызды Қаржы министрлігі өтеп берген. Қарыз беруші – Испания Корольдігі», - дейді Шолпан Айтенова.

Оның айтуынша, Қазақстандағы мемлекеттік құзырлы органдар 2020 жылы қаржы ұйымдарынан алған қарызды нақты қай мақсатқа жұмсағаны туралы ашық айтпайды. Тек «мемлекеттік бюджет шығындарын жабуға жұмсалды» деп жауап берген.

«Дүниежүзілік банк Денсаулық сақтау министрлігіне берген қаражатқа жабдықтар сатып алуға 27,3 млн АҚШ долларын бөлді. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» жобасының сайты - http://shiproject.kz. Бұл сайтты қосуға млн-даған қаражат бөлінгені туралы ақпарат бұған дейін БАҚ беттерінде жарияланған болатын. Банк жобаны қаржыландыруды тоқтатқан кезде «қымбатқа» түскен сайттың жұмысы да тоқтайтыны түсінікті. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде осындай қанша сайт ашуға қаражат бөлінді? Оның қаншасы қазір жұмыс істеп тұр? Мәселе осында. Біздің зерттеуміздің негізгі түйіні қазіргі Үкіметтің мемлекеттік қаржыны басқару жүйесімен сәйкес келеді. Яғни, бізге біріңғай негізде Қазақстанның қаржы ұйымдарынан алған қарызының біріккен ақпараттандырылған платформа қажет», ˗ дейді «Zertteu Research Institute» ҚҚ директоры.

Белгілі болғандай, COVID-19-бен күреске Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алған.

«Қазақстанда 2006 жылы мемлекеттік қарызды басқарудың Концепциясы болған еді. Одан кейін 2008 жылы елде бюджет кодексі енгізілді. Қазір бізде мемлекеттің қарызын басқару бойынша ешқандай стратегиялық жоспар жоқ», ˗ дейді Шолпан Айтенова.

Айта кетерлігі, Қаржы министрлігінің сайтындағы соңғы ақпаратқа сәйкес, 2021 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттіктің қарызы 49 млрд доллар, оның 81%-ы – Үкіметтің қарызы. Сыртқы қарыз мөлшері – 16,3 млрд доллар, бұл үкіметтің барлық қарызының 41%-ын құрады. Үкімет 13 түрлі «көзден» қарыз алған, олардың 5-еуін мико қаржы ұйымдары.

COVID-19-бен күреске бөлінген 6 трлн теңгенің 10%-ы тиімсіз жұмсалған

Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) сарапшысы Мағбат Спанов:

Әлем бойынша дағдарыс әлі де жүріп жатыр. Пандемияның белең алуы дамыған және дамушы елдердің экономикасына тікелей әсер етті. Қазақстан 2020 жылы дағдарыс шараларына 6 трлн теңге жұмсады. Бұл аз ба, көп пе? Бұл қаражат бюджет кірісінің 80%-ын құрайды. Енді 6 трлн теңгенің бір бөлігі экономиканы қолдауға жұмсалса, енді бір бөлігі медицина саласына бағытталды. Оның ішінде 4,7 трлн теңге Ұлттық қордан алынды. Қазіргі доллар бағамымен есептесек – 11 млрд доллар. Қазір Ұлттық қорда 55 млрд доллар қалды деген ақпарат бар. Бұл қаражат бізге тура 5 жылға ғана жетеді. Оның ішінде 22 млрд доллар АҚШ-та, одан бөлек, 5 млрд доллар еуропада бұғатталған. Биілік бұл мәселені талқылаудан түбегейлі қашанды. Біздің алтын валюта резервіміз қазір 90 млрд доллар емес. Ұлттық банк пен Ұлттық қордың алтын валюта резервін алатын болсақ, 60 млрд доллар-ға жетеді.

Қаржы институттары арқылы бөлінген қаражатты мемлекет қаншалықты тиімді игере алды? Бұған дейін айтылғандай, 6 трлн теңгенің 10%-ы тиімсіз жұмсалған. Ақшаны тиімді жұмсау бойынша нәтиже өте төмен. Мысалы, 600 млрд теңге млн-даған халқы бар Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалалардың бір жылдық бюджеті.

Пандемия өршіп түрған кезде тыныс алу аппараттары тапшы болғаны, дәрі жетіспегені халықтың есінде. Кейін ғана мемлекеттік қолға алған жүйесі іске қосылды. Бірақ тағы да бәрі қалыпқа келе бастағанда бәрі арқаны кеңге салды. Шілде айында тіпті вирус күрт өсті. Дәл соғыс кезіндегідей. Сондықтан да 6 трлн теңге бөлінгенмен сол ақшаға сапалы жұмыс істеді деп айту қиын. 

Қазақстан Дүние жүзілік банктен 2021 жылы 1,6 млрд теңге алады. Осы уақытқа дейін БАҚ беттерінде, Үкіметте бұл қаражаттың не үшін алынғаны, қайда жұмсалғаны туралы ақпарат жоқ.

2020 жылғы дерек бойынша елдегі «көлеңкелі экономиканың» үлесі ЖІӨ-ге шаққанда 27%-ды құрады. «Көлеңкелі экономика» ақшаны бір қалтадан екіншісіне салу деген сөз емес. Бұл қаржы ұйымдары арқылы бөлінген қаражат бюджетке түспеген немесе сол жерден «ұрланған» қаражат. Бұл заң негізде қадағалауды, тексеруді қажет етеді.

Жыл сайын мемлекеттің қарызы өсіп жатыр

Мәжіліс депутаты, Ерлан Смайов:

Түрлі қаржы институттарынан қарыз алу қаншалықты қажет болды? Бұған дейінгі қаражатты тиімді жұмсайтын болсақ, бізге қарыз алудың қажеті де болмас еді. Былтыр Есеп комитеті 575 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалғанын айтқан болатын. 2021 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша мемлекеттің кепілдендірілген қарызы – 21,5 трлн теңге немесе 51,2 млрд доллар. Оның ішінде Үкіметтің ішкі қарызы – 16,39 млрд доллар. Бұл өте қомақты қаражат. Осы ретте, ІЖӨ-ге шаққанда мемлекет қарызы өсіп жатыр. Концепция бойынша бұл – 27%. 2020 жылы ІЖӨ-ге шаққанда мемлекеттің қарызы – 29,4%. Айта кетерлігі, 2013 жылы бұл көрсеткіш бар болғаны 13% болған еді.  Мемлекет қарызының өсуімен қатар, Ұлттық қордағы қаражаттың қалай жұмсалып жатқанына назар аудару керек. 2016 жылы Ұлттық қорда 72 млрд доллар болды. Биылғы көрсеткіш бойынша 55 млрд доллар қалды. Бұл қордан алған қаражатты тиімді жұмсап жатырмыз деп айта алмаймыз. Ақпарат ашық емес. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі халықаралық қаржы ұйымдарынан 60 млн долларға түрлі жобаларға инвестиция тартты. Оның 10 млн долларын игеріп, қалғанын қарыз алған ұйымға қайтарып берілді. Бірақ мемлекет қарыз алғаны үшін пайызды төледі. Бұл халықтың салығынан түсіп отырған қаражат. Экология министрлігінде де дәл сондай жағдай. Бір жобаға алған қаражат 2 жыл босқа жатқан. Құзырлы органдар қарыз алады, қаражат тартады бірақ, бұл халықтың нақты өмір сүруіне он ықпал етті ме? Табысы артты ма? Жағдайы жақсарды ма? Қарапайым отбасы қара нан мен қара шайдың орнына жеміс-жидек, ет сатып алатын деңгейге жетті ме? Мәселе осында.

Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы

Серіктес жаңалықтары