Өскеменде «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған су жаңа үйдің қабырғасын жел ұшырып әкетті
Көпқабатты үйдің жертөлесін су басып, тұрғындары кеміргіштермен күресіп жүр
Өскеменде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен салынған тағы бір үйдің қабырғасын жел ұшырып әкетті. Қолданысқа берілгеніне бар-жоғы екі жыл болған көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары құрлыстың сапасыздығын айтып шағымдануда.
Аталған үй Өскемендегі Ілияс Есенберлин көшесі 10/1 мекен-жайында орналасқан. Бірнеше күн соққан дауылды желге нысанның қабырғасы шыдас бермей, сылағы түсіп қалған. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеді. Десе де, осы аула тұрғындарының үрейі әлі сейілер емес.
«Былтыр көшіп келгенбіз. Үйді ипотекаға алдық. Кем-кетігі де аз емес. Қабырғасын көрдіңіздер. Құдай сақтағанда, сол кезде айналасында ешкім болмаған. Үп еткен желге шыдас бермей жатса, ертең тағы жел соғып, біреуді жазым қылса, кім жауап береді? Мердігер ме?» - дейді тұрғын Болатбек Сейсенбайұлы.
Тұрғындар үйдің ішкі бөлігі де сапасыз салынғанына наразы. Олар тағы да қарызданып, өз қаражатына жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
«Сапасының өте төмен болғандығынан өз қаражатыма қайта жөндеу жүргізуге тура келді. Әлі күнге дейін пәтеріме кіре алмай жүрмін. Үйге кіреберістегі табалдырықтан бастап үгітіліп түсіп жатыр. Бірінші қабаттың ішкі қабырғаларында жарықтар пайда болды. Жаңа үй деген аты ғана», - дейді тұрғын Серік Құсманов.
Ашынған тұрғындардың бірі мұны мердігер компанияның кемшілігі деп түсіндірді.
«Жертөледен қайта-қайта су ағады. Үйден тышқан шығып жатыр. Пәтерімнен қақпанмен үш кеміргішті ұстадым. Ауылда жер үйде отырған адамдар сияқтымыз. Бұл жақта желдің қатты соғатынын біледі. Сондықтан сапалы етіп салу керек. Техникалық қадағалау мекемесінің кемшілігі. Қабылдап алған кезде қарау керек қой. Бір жылда осылай құлап жатса, он жылда жермен-жексен болатын шығар», - дейді Жеңіс Ибыраев есімді тұрғын.
Қабырғасы қайысып тұрған көпқабатты үйідің қауіпсіздігіне тұрғындар күдікпен, күмәнмен қарайды. Бұл жағдайды да тексеруді жөн тауып отыр. Ал үй құрылысын жүргізген компания әп сәтте жетіп, жамауын жүргізе бастады. Айтуынша, кепілдік мерзімі бар.
Айта кету керек, қабырғасы сетінеген үйді жамап қою Өскеменде қалыпты жағдайға айналып барады. Дәл осыған ұқсас жағдайлар бұған дейін де облыс орталығында қайталанған.
Үйді салған мердігер компания жел басылған соң жамау жұмыстарын жалғастырамыз дейді. Қазір қажетті құрылыс материалдарына тапсырыс беріп қойғанын айтты. Тек, үйдің сапасы неге нашар деген сұраққа жауап бере алмады. Құрылысты «ST Cтройсервис» ЖШС жүргізген.
Өскеменде жаңа үйлердің сапасына қатысты проблема тек бұл емес. Көкжал Барақ көшесі 13 үйдің де қабырғасы жалбырлап тұр. Бірақ құрлыс бөліміндегілер кепілдік мерзімінің өтіп кеткендігіне байланысты ендігі мәселеге тұрғындардың өздері жауапты екендігін жеткізді.
Таунар Қайратұлы ШҚО