$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.11.2021, 11:16
Қоғам

«Баспананы өз бетінше бағалаған»: Алматыда ата-анасыз қалған екі қыздың үйін тартып алмақ болған сот орындаушысы жазаланатын болды

Қалалық Білім басқармасындағылар да бұл отбасының тағдырынан бейхабар болып шықты

«Баспананы өз бетінше бағалаған»: Алматыда ата-анасыз қалған екі қыздың үйін тартып алмақ болған сот орындаушысы жазаланатын болды

Алматы қалалық соты ата-анасыз қалған қос қыздың баспанасын өздеріне қалдыратын болды. Жеке сот орындаушысы Расулов анасы сотталып кеткен 15 және 3 жастағы қыздарды үйлерінен күштеп шығарып, олардың баспанасын сатып жібермек болған. Расуловтың баспананы алу туралы құйтырқы әрекетін Медеу аудандық сотының судьясы Молдабаев та қолдап, шешім шығарып берген. Аудандық соттың шешімі бойынша ата-анасыз қалған қос бала баспанадан күштеп шығарылу керек еді. Алайда, қалалық соттың судьясы Бақытжан Елшібаев Медеу аудандық сотының қаулысын бұзып, шешімнің күшін жойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Судьяның анықтауы бойынша жеке сот орындаушы анасы сотталып кеткен балалардың баспанасын иелерінің қатысуынсыз, өз бетінше бағалап, сатуға қоймақ болған. Қамауда отырса да қос қызының күйін ойлаған Дилара Иделшаева бес адвокатты бірден жалдап, сотқа жүгінген еді.

«Жеке сот орындаушысы атқару парағын орындау тәсілі мен тәртібін өзгерту туралы ұсыныспен сотқа жүгінді. ЖСО талаптары оның өндірісінде И.-дан және басқа да сотталғандардан жәбірленуші К-ның материалдық залалдың пайдасына 46 млн. теңге сомасында ортақ тәртіппен өндіріп алу туралы атқару парағының болуымен негізделген. Борышкерде (сотталған И.) басқа мүлік пен ақша қаражатының болмауына байланысты сот орындаушысы Алматы қаласында орналасқан жылжымайтын мүліктегі ½ үлестен өндіріп алуды сұрады. Бұл үйде сотталушының әпкесі мен балалары тұрады. Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымымен ЖСО ұсынысы қанағаттандырылды, борышкер мүлкінің ½ үлесіне өндіріп алынды», - деп хабарады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.

Сот орындаушысы баспананы меншік иелерінің қатысуынсыз бағалаған. Қалалық соттың алқасы істі қарау барысында жеке сот орындаушы Расуловтың мүлікті бағалау кезінде асығыстық танытып, меншік иелері немесе олардың өкілдерінің қатысуынсыз жүргізгенін анықтады. Медеу ауданында өткен алғашқы сот ісіне балалардың өкілдері де, түрмеде жазасын өтеп жатқан Иделшаеваны да қатыстырмаған. Істің ақ-қарасын анықтамай жатып шешім шығарған аудандық соттың судьясы мен сот орындаушысы енді жазаланады.

«Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы ЖСО ұсынымын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа ұйғарым шығарумен жойылды. Сонымен қатар, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының атына жеке ұйғарым шығарылды», - деді ведомстводан.

Алаяқтық әрекеті үшін 5 жылға сотталып кеткен Иделшаеваның артында екі баласы қалған. Олардың әкелері де күрделі процесс басталғанда ізім-ғайым жоқ болып кеткен. 15 жастағы Наргиз Иделшаева болса қиындықтарға қарамастан оқуын жалғастырып, әрі 3 жастағы сіңілісін де бағып келген. Ата-ананың қамқорынсыз қалған тірі жетімдерге қалалық Білім басқармасы да осы уақытқа дейін мән бермеген. Басқарма басшылары екі жылдан бері қараусыз қалған қос қыздың жағдайы туралы білмедік деп ақталды. Адвокат Джохар Утебеков бастаған адвокаттардың шуынан соң Білім басқармасы іске араласты. 

«Сот Алматы қалалық Білім басқармасына сотталған Иделшаева Дилара Әбдірашитқызының кәмелетке толмаған балаларына қорғаншы тағайындауды міндеттеді. Медеу аудандық қорғаншылық органы бұл сот ұйғарымын тек 2021 жылдың қыркүйек айында Динара Иделшаеваның өз қолынан алған. Бұған дейін соттан немесе білім беру мекемесінің әкімшілігінен олардың ата-анасыз қалғаны туралы ақпарат түспеген. Балалар Алматы қаласы, Учительская көшесі 40-үй мекенжайында Динара Иделшаевамен (сотталушы Иделшаеваның әпкесі) бірге тұрады. Наргиз Алматыдағы Республикалық жоғары колледжде оқиды, ал сіңлісі оның тәрбиесінде. Наргиз кәмелеттік жасқа толған бойда сіңлісі Амираны қамқорлыққа алығысы келетінін білдірді. Балалар Динараның қамқорлығында болады. Алдағы уақытта баланы балабақшаға орналастыру мәселесі шешілмек», - деді Білім басқармасының өкілдері.

Ал даулы істің балалардың пайдасына шешілуіне көмектескен заңгер Утебеков Наргиз бен оның сіңлісі көмекке әлі де мұқтаж екенін айтты.

«Қалалық сот заң талаптарын өрескел бұзғаны үшін жеке сот орындаушы Расуловқа қатысты жеке ұйғарым шығарды. Палата енді оны жазалайды. Судья Молдабаев та дәл осылай жазаланады. Наргиз бен оның сіңілісіне қолдау білдіргендеріңіз үшін рақмет. Оларға әлі де қолдау керек. Көмектесіңіздер. Наргиз еден жуады, даяшы болып жан бағады. Бірақ сіңлісін балабақшаға беруге ақшасы жетпейді», - деді заңгер.

Серіктес жаңалықтары