$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.11.2021, 21:10
Қоғам

«Әлі бес жыл бойы несие төлеуім керек»: Қызылжарда қылмыстық іске қатысы бар деп тәркіленген көлік иелері бас көтерді

Құзырлы орган оларды қылмыстық істе жәбірленуші ретінде емес, куәгер ретінде қарастырып отыр

«Әлі бес жыл бойы несие төлеуім керек»: Қызылжарда қылмыстық іске қатысы бар деп тәркіленген көлік иелері бас көтерді
Фото ашық дереккөзден

Қызылжарда қылмыстық іске қатысы бар деп тәркіленген көлік иелері бас көтерді. Олар экономикалық тергеу департаментінің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Астана арнасы.

Аталған мекеме жыл басында Ресейден Қазақстанға заңсыз көлік тасымалдаған қылмыстық топты құрықтап, олар әкелген 60 көлікті алып қойған. Артынша контрабандалық жолмен келген автомобильдерді тәркілей бастады. Жер сипап қалған жүргізушілер енді не істерін білмей дал. Бес баланың әкесі Айдос Сұлтанов жылдың басында бес жарым миллион теңгеге Тойота көлігін сатып алған. Жарты ақшасын несиеге рәсімдепті. Адам тасып, ақша тауып жүрген. Алайда жарты жылдан кейін көлігінен айырылып қалды. Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері темір тұлпардың елге заңсыз жолмен әкелінгенін айтып, материалдық айғақ ретінде тәркілеген.  

 «Тамыз айында мені полицейлер тоқтатып, бұл көліктің іздеуде жүргенін айтты. Кейін көлікті алып кетті. Міне содан беріп көлігімді қайтармай жатыр, соттың шешімін күтіңіз дейді. Маған әлі бес жыл бойы ай сайын 100 мың теңгеден несие төлеу керек», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Айдос Сұлтанов.

Шеттен арзан көлік әкелгендер базынасын жеткізу үшін елдің түкпір-түкпірінен Қызылжарға жиналды. Абайсызда опық жегендердің айтуынша, қылмыстық топтың кесірінен 1500-ге жуық адам жапа шекті. Алайда құзырлы орган қылмыстық істе оларды жәбірленуші ретінде емес, куәгер ретінде қарастырып отыр. Ал көлік иелері өздерін жәбірленуші ретінде қарастырса, көлікті сатқан адамды сотқа беріп, одан өтемақы талап етер едік дегенді алға тартады.

Экономикалық тергеу департаменті мамандары болса бұл адамдардың куәгер санатында қалатынын жеткізді. Бірақ оның себебін түсіндіруге тырыспады. Тіпті осы уақытқа дейін қанша темір тұлпарды тәркілегендерін де айтуға құлықсыз. Тек заңсыз көліктердің әлі де іздестіріліп жатқанымен ғана бөлісті.

 «Қазақстан мен Ресей азаматтарынан құралған трансұлттық қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс бітуге жақын. Пысықайлар жапониялық темір тұлпарларды Ресей арқылы Қазақстанға автобөлшек ретінде кіргізіп, артынша жалған нөмірмен сатып отырған. Бұл көліктер қазір әлі де іздеуде жүр. Ал тәркіленген көліктерге қатысты нақты шешімді сот шығаратын болады», - дейді СҚО Экономикалық тергеу департаментінің аға тергеушісі Дулат Тілекеев.  

Сондай-ақ, мамандар аталған қылмыстық топты құрықтаған кезде ірі қойманың ішінен әлі сатылып үлгермеген 60 көлікті тапқан. Ізінше күдіктілердің құжаттарын ақтарып, заңсыз көліктердің саны бұдан бірнеше есе артық екеніне көз жеткізген.

Айта кетейік, қылмыстық іс әлі сотқа жолданған жоқ. Сондықтан процестің қашан басталатыны да әзірге белгісіз. Айта кету керек, сала мамандары көлік иелерінің талап-арызын қабылдамаса, Жапонияның жүздеген қымбат көліктері арнайы алаңда жойылуы мүмкін. Ал, оның өтеуін кім өтейтіні басы ашық күйі қалып отыр.

 

Серіктес жаңалықтары