«Үйімізге аман-есен оралатынымызға кепілдік берсін»: Қарағандыда кеншілер бас көтерді
Олар «АрселорМиттал Теміртауға» өз талаптарын жеткізді
Қарағандылық кеншілер «Абай» шахтасында орын алған апаттан кейін тағы бас көтеріп, «АрселорМиттал Теміртауға» талап қойды. Бұл туралы Астана арнасы хабарлады.
Кеншілер өндіріс орнынан өздерінің жұмыстан аман-есен үйлеріне оралуына кепілдік беруді талап етті. Онымен қоса, қызметкерлер әбден тозған қондырғыларды жаңартып, жұмыс күшін көбейтуді, жылдар бойы өзгеріссіз тұрған жалақыны көтеруді сұрайды. Олар тау-кен жоспарына да өзгерістер енгізуді талап етуде. Кеншілердің талабы туралы «Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы ресми мәлімдеме жасады.
«Абай шахтасындағы апат кеншілердің проблемасын тағы да ашып берді. Ең бастысы қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз ету, компания шахтерлардың жұмыстан кейін аман-есен үйлеріне оралуына кепілдік берсін. Біздің кәсіпорындарда жұмыс күші жетіспейді. Сөйте тұра қондырғылар әбден тозған. Осындай жағдайда көмір қазып өмірін қауіпке тігетін адамдардың жалақысын да көтеру керек», - деді «Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев.
Айта кетейік, бұған дейін «Абай» шахтасындағы апаттан 6 адам қаза тапқан болатын. Ал 2 кенші әлі ауыр халде жатыр.
Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, апат кезінде 8 мың текше метрден астам метан газы тараған. 100 тоннадан астам тау-кен үйіндісі түскен. Шахтаны тазарту жұмыстары әлі жүріп жатыр.
«Бүгінгі күні бұл кеніште жұмыс тоқтады. Қазір мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Тексеріс нәтижесінде шахтада 8 мың текше метрден астам метан тарағаны анықталды. Онымен қоса, "АрселорМиттал Теміртау" нысандарындағы тау-кен жұмыстарына қатысты қауіпсіздік талаптарының сақталмағанын анықтадық», - деді Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.
Министрдің айтуынша, реттеу жүйесіндегі қайта-қайта жасалған реформалар мен бизнес үшін талаптарды қысқарту қадағалауды әлсіретіп, салдарынан өндірістерде техногендік апаттар саны өскен. Адам өмірі бәрінен маңызды. Орны толмас қайғы әкелген апаттан кейін компания кем-кетігін түзетер деді министр. Қазір арнайы құрылған комиссия кеншілер тарапынан қойылған талаптарға байланысты кәсіпорынмен келіссөздер жүргізіп жатыр.