«Курьерлер оқиға орнынан жиі қашып кетеді»: Алматыда курьерлік жеткізу жәшіктеріне арнайы нөмірлер беріледі
Енді жол апатын жасаған курьерлер сол нөмірлері арқылы анықталады
Алматыда курьерлік жеткізу жәшіктеріне арнайы нөмірлер берілетін болды. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаментінде жеткізу қызметін көрсететін компания басшыларының қатысуымен өткен кездесуде айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбековтің айтуынша, соңғы уақытта курьерлердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары көбейген.
«Соңғы жылдары қаламыздың жолдарында мопедтер, мотоциклдер мен скутерлер көптеп пайда болды, сондықтан олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының көбеюі байқалады. Жол-көлік апатының негізгі себептерінің бірі – көлікті дұрыс жүргізбеу, арнайы қорғаныс құралдарының болмауы, көлік жүргізу қауіпсіздігі ережелерін сақтамау. Көліктің бұл түрін пайдаланатын курьерлер көбейіп кетті. Олар табыстарын арттыру мақсатында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуға жиі жол беріп, күндіз-түні қала жолдарымен жүреді», – деді Нұрлан Алмасбеков.
Полицейлер қазірдің өзінде кейбір курьерлік компаниялармен меморандумға қол қойылғанын атап өтті.
«Өкінішке орай, біздің тәжірибемізде курьерлердің оқиға орнынан қашып кетуіне қатысты оқиғалар көп. Енді куәгерлер жәшікте көрсетілген нөмірді айта алады – бұл маңызды бастапқы деректер», – дейді полиция өкілі.